Жуалылықтармен өткен жолдастық кездесу

0 13

Өткен сенбіде орталық стадионда футболдан мемлекеттік қызмет­шілерден құралған аудан командасы жуалылық әріптестерін қабылдады. Қарсыластар кездесуге  тыңғылықты дайындықпен келгендігін көрсетті. Ойын басталысымен шабуылға көшкен қонақтар алғашқы минутта-ақ таластықтардың қақпасына доп соғып, алға шықты. Қарсыластар ойын тізгінін қолға алуға тырысқа­нымен, шеберліктерін ұтымды пайдалана білген жерлестеріміз мүмкіндіктерін мүлт жібермеді. Айып добын сәтті орындаған команда шабуылшысы Саят Тұрымов есепті теңестіріп кетті.

Жанкүйерлер кос команда арасында есеп ойын соңына дейін сақталады деп болжағанымен,   алаң иелері кездесудің екінші кезеңінде қауіпті шабуылдарын үдетіп, допты қарсыластар қақпасына жиі бағыттаумен болды. Сондай тартысты сәттің бірінде жерлестеріміз Жуалы аяқдопшыларының қақпасынан саңылау тауып, есепте алға  шықты.

Кездесу 2:1 есебімен таластықтардың пайдасына шешілді. Қос команданы марапаттау рәсімінде  сөз алған аудан әкімі Қанатбек Мәдібекұлы уақыт тауып, көңілді демалыс сыйлаған Жуалы ауданы құрамасына ойын кубогін табыс етсе, Жуалы ауданының әкімі Олжас Қаржауов: — Сіздердің шақыртуларыңызды қуана қабылдадық. Жақсы бастаманы қолға алған екенсіздер. Расымен, спорт-тек саулық кепілі ғана емес,араны жақындатады, достықты арттырады. Алдағы уақытта сіздерді де ауданымызда волейболдан өтетін жарысқа шақырамыз. Әдемі кездесу ұйымдастыра білген Қанатбек Қайшыбекұлына ризашылығымды білдіремін, — деді.

Aulieatanews, Талас ауданы.