Спанқұлова Айжан Рысқазықызының Сайлауалды Бағдарламасы

0 130

МЕРКІ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ ДЕПУТАТТЫҒЫНА «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНАН №12 БІР МАНДАТТЫҚ САЙЛАУ ОКРУГІ БОЙЫНША КАНДИДАТ

Спанқұлова Айжан Рысқазықызының

Сайлауалды Бағдарламасы

 ӨМІРБАЯН

Мен, Спанқұлова Айжан Рысқазықызы, 1986 жылғы 13 қыркүйекте Жамбыл облысы, Меркі ауданының Тәтті ауылында дүниеге келдім.

2003 жылы Тәтті ауылындағы Мәншүк Мәметова атындағы №13 орта мектепті бітірдім. 2003-2007 жылдары Тараз қаласындағы «Әулие-Ата» университетінде «Екі шет тілі» (ағылшын және неміс тілдері) мамандығы бойынша оқып, диплом алдым. 2012-2014 жылдары Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінде «Педагогика және психология» мамандығы бойынша екінші жоғары білім алдым.

2007-2011 жылдары Меркі ауданындағы В.А.Савва атындағы №9 мектепте ағылшын тілі мұғалімі, 2011-2018 жылдары Тұрар Рысқұлов атындағы №20 мектепте директордың құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істедім.

2018 жылғы тамызда Сұрат ауылындағы Сыпатай Әлібекұлы атындағы №19 мектептің директоры болып тағайындалдым. 2025 жылғы 8 тамыздан бастап Тұрар Рысқұлов атындағы №20 мектептің директоры қызметін атқарып келемін.

Отбасылымын. Бес қыз, бір ұл тәрбиелеп отырмын.

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА

Құрметті сайлаушылар!

Ауылдарымыздың дамуы мен балаларымыздың қауіпсіздігі – ортақ міндетіміз. Білім беру саласындағы тәжірибемді ел игілігіне жұмсау үшін «Әділет» партиясынан №12 сайлау округі бойынша депутаттыққа кандидатурамды ұсынып отырмын. Сіздердің сенімдеріңіз бен қолдауларыңыз мен үшін маңызды.

Депутат болып сайлансам, өкілеттігім мен бюджет мүмкіндіктерін ескере отырып, мына мәселелердің шешілуіне ықпал етемін:

  1. Тұрғындарға арналған демалыс орны

Ақарал ауылдық округінде тұрғындар демалатын саябақ салу мәселесін көтеремін. Оның орналасатын жері мен абаттандыру мүмкіндіктерін тұрғындардың ұсыныстары негізінде қарастыруға бастамашы боламын.

  1. Мектепті газ желісіне қосу

            Сыпатай ауылындағы №16 мектепті газ желісіне қосу мәселесін тиісті органдар алдында көтеремін. Қажетті жұмыстарды қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру жөнінде ұсыныс енгіземін.

  1. Балалар ойын алаңдары

Ақарал ауылының орталығына, Сұрат ауылдық округіндегі Аққайнар мен Тескентоған ауылдарына балалар ойын алаңдарын салуға ықпал етемін. Алаңдарды жоспарлауда жабдықтардың сапасы мен балалардың қауіпсіздігін ескеруге мән беремін.

  1. Суару жүйелерін қалпына келтіру

К1, К2, К3 және К4 суару каналдарын қалпына келтіру мәселесін көтеремін. Жаңа каналдар салу қажеттілігін зерделеп, тиісті жобаларға қаржы қарастыру жөнінде ұсыныстар енгіземін.

Қадірлі ауылдастар! Ауылдың болашағын ойлау – ең алдымен оның ертеңгі ұрпағына қандай жағдай жасап жатқанымызға мән беру. Ұзақ жылдар білім саласында еңбек етіп, балалардың тәрбиесі мен дамуына үлес қосып келемін. Ал алты баланың анасы ретінде әрбір ата-ананың перзентіне қауіпсіз, жайлы әрі жарқын болашақ тілейтінін жақсы түсінемін.

Менің сайлауалды бағдарламамдағы міндеттер ауыл өмірінің әртүрлі қырын қамтиды. Тұрғындарға арналған саябақ – отбасылардың бірге демалуына мүмкіндік беретін орта, балалар ойын алаңдары – жас ұрпақтың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай, ал мектепті газдандыру – білім беру ортасының қолайлылығын арттыруға бағытталған маңызды бастама.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы үшін суару жүйелерінің маңызы ерекше. Күнкөрісін жермен байланыстырып отырған тұрғындардың еңбегі өнімді болуы үшін су шаруашылығы нысандарының мәселелеріне де тиісті назар аударылуы қажет.

Ардақты ағайын! Әрбір ауылдың ертеңі сол елді мекенде өсіп келе жатқан балалардың болашағымен тығыз байланысты. Бүгін жасалған игі бастама келешекте тұтас ауылдың дамуына қызмет етуі мүмкін. Сондықтан ұсынылған мәселелерді уақытылы көтеріп, олардың шешілу жолдарын жауапты органдармен бірлесе қарастыруды маңызды деп санаймын.

Тұрғындармен тұрақты байланыс орнатып, ұсыныстарыңыздың қаралу барысы туралы ақпарат беруге мән беремін. Менің мақсатым – ауылдардың өзекті мәселелерін көтеріп, шешілуіне ықпал ету. Ауыл игілігі үшін бірге еңбек етейік!

            Құрметпен, Айжан Спанқұлова!

Меркі аудандық мәслихаты депутаттығына кандидат А.Спанқұлованың сайлау қорының қаражатынан төленді.