Хейроев Азиз Яшаевичтің Сайлауалды Бағдарламасы

0 9

МЕРКІ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ ДЕПУТАТТЫҒЫНА «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНАН №11 БІР МАНДАТТЫҚ САЙЛАУ ОКРУГІ БОЙЫНША КАНДИДАТ

Хейроев Азиз Яшаевичтің
Сайлауалды Бағдарламасы

ӨМІРБАЯН

Мен, Хейроев Азиз Яшаевич, 1972 жылы Жамбыл облысы, Меркі ауданының Меркі ауылында дүниеге келдім.

1979 жылы №44 мектепке оқуға барып, 1987 жылы мектепті бітірдім. 1987-1991 жылдары Қаратау тау-кен техникумында «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша білім алып, диплом иелендім.

Еңбек жолымды 1991 жылы Меркі аудандық тұтынушылар одағының «Новый путь» бірлестігінде цех меңгерушісі болып бастадым. Бұл қызметті 1995 жылға дейін атқардым.

1996-2010 жылдары кәсіпкерлік саласында еңбек еттім. 2010 жылдан бастап «Севиль-Мерке-Строй» ЖШС директоры болып жұмыс істеп келемін. Кәсіпорын құрылыс материалдарын өндірумен және сатумен, сондай-ақ сүт өнімдерін шығарумен айналысады.

Еңбегім үшін Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламент Сенатының, партия мен мәслихаттың, әкімдердің Алғыс хаттарымен және Құрмет грамоталарымен марапатталдым. Қазақстан Халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналған мерекелік медальдің, «Үздік депутат» (2022), мәслихаттың 30 жылдығына және партия қызметіне белсенді қатысқаным үшін берілген төсбелгілердің иегерімін.

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА

Құрметті сайлаушылар!

Ауылымыздың дамуы, тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруі – ортақ мақсатымыз. Құрылыс пен кәсіпкерлік саласында жинақтаған тәжірибемді осы мақсатқа жұмсау үшін «Әділет» партиясынан №11 сайлау округі бойынша Меркі аудандық мәслихатының депутаттығына кандидатурамды ұсынып отырмын.

Депутат болып сайланған жағдайда, өз өкілеттігім мен бюджет мүмкіндіктері шеңберінде мына бағыттарға басымдық беремін:

  1. Аспалы көпір құрылысын аяқтау

Меркі станциясы мен Ойтал ауылының арасындағы Қырғыз теміржолы өткеліндегі аспалы көпір құрылысын толық аяқтау мәселесін тиісті органдар алдында көтеремін. Жұмыстың сапалы әрі қауіпсіздік талаптарына сай орындалуына ықпал етемін.

  1. Мектепке баратын жолдың қауіпсіздігі

№48 орта мектепке апаратын жол бойына жаяу жүргіншілер жолын салуға бастамашы боламын. Балалар мен тұрғындардың қауіпсіз жүріп-тұруына жағдай жасайтын ұсыныстарды жауапты мекемелердің қарауына енгіземін.

  1. Көшелерді көгалдандыру және абаттандыру

Округтің орталық көшелеріне сәндік ағаштар мен арша отырғызуға, жасыл желекті күтіп ұстау жұмыстарын жүйелеуге ықпал етемін. Көгалдандыруда жергілікті табиғи жағдайға сай ағаш түрлерін таңдауға және олардың күтіміне мән беремін.

  1. Таза ауызсумен қамтамасыз ету

Ойтал ауылдық округіндегі елді мекендерге ауызсу желілерін жүргізу, тұрғындарды таза сумен қамтамасыз ету мәселелерін жауапты мекемелер алдында көтеремін. Қажетті жобаларды қарастыруға және қаржыландыру мүмкіндіктерін пысықтауға ықпал етемін.

  1. Ағаштарды күтіп ұстау және қауіпсіз орта

Округ аумағындағы ағаштарды мамандардың ұсынысы негізінде санитарлық кесу жұмыстарын ұйымдастыруға ықпал етемін. Қауіп төндіретін бұтақтарды уақтылы кесуге, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жасыл желекті сақтауға көңіл бөлемін.

Қадірлі жерлестер! Ауылдың келбеті ең алдымен ондағы тұрғындардың тұрмысынан, көшелерінің жайлылығынан және балалардың қауіпсіздігінен көрінеді. Бүгін назар аударуды қажет ететін мәселелер ертеңге қалдырылмай, өз уақытында шешімін табуы тиіс деп есептеймін.

Көп жылдан бері құрылыс және кәсіпкерлік саласында еңбек етіп келемін. Осы тәжірибем әрбір істің нәтижесіне жету үшін нақты жоспар, табандылық және жауапкершілік қажет екенін көрсетті. Сондықтан сайлауалды бағдарламамда тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелерді қамтыдым.

Ойтал ауылдық округінің әрбір тұрғыны өз ауылындағы оң өзгерістерді сезінуі маңызды. Алға қойған міндеттерді жүзеге асыруда халықтың ұсыныс-пікіріне сүйеніп, жауапты мекемелермен бірлескен жұмыстың нәтижелі болуына күш салуды көздеймін.

Мен үшін елдің сенімі – үлкен жауапкершілік, ал туған жердің болашағына қызмет ету – азаматтық парыз. Қандай істі қолға алсақ та, оның түпкі нәтижесі халықтың игілігіне бағытталуы керек.

Сіздердің сенімдеріңіз бен қолдауларыңыз мен үшін маңызды. Тұрғындармен тұрақты байланыс орнатып, көтерілген мәселелердің қаралу барысы туралы ақпарат беруге және ауыл мүддесін қорғауға күш саламын.

Ауылымыздың дамуына бірге үлес қосайық!

            Құрметпен, Азиз Хейроев!

 

Меркі аудандық мәслихаты депутаттығына кандидат А.Хейроевтың сайлау қорының қаражатынан төленді.