Шағатаева Күлаим Жексембіқызының Сайлауалды Бағдарламасы

0 112

МЕРКІ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТТЫҒЫНА «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНАН №6 БІР МАНДАТТЫҚ САЙЛАУ ОКРУГІ  БОЙЫНША КАНДИДАТ                                                                             

Шағатаева Күлаим Жексембіқызының

 Сайлауалды Бағдарламасы

 ӨМІРБАЯН

Мен, Шағатаева Кулаим Жексембіқызы 1978 жылы 29-наурызда Меркі ауданы, Т.Рысқұлов ауылында туып өстім. Бала кезден ата-анам мені адалдыққа, еңбек сүйгіштікке, туған жерді сүюге үйретті. Мен де өсіріп отқан балаларымның бойына осы құндылықтарды сіңіруге тырысамын.

Білімім − жоғары, ұлтым − қазақ.

2004-2009 жылдары Тараз қаласы Жамбыл Гуманитарлық-Техникалық  университетін «математика» мамандығы бойынша аяқтадым.

Алғашқы еңбек жолымды 2003 жылы Меркі ауданы әкімдігінің білім бөлімінің №28 орта мектебінде лаборант қызметінен бастадым. 2006-2012 жылдары №28 орта мектебінің физика, информатика, математика пәндерінің мұғалімі, 2012-2014 жылдары №28 орта мектепте әлеуметтік педагог, 2014-2018 жылдары «Меркі ауданы әкімдігінің   білім бөлімінің «Мәңгілік ел тәрбие − білім беру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры, 2018-2021 жылдары Меркі ауданы әкімдігінің  Рысқұлов ауылдық округінің әкімі, 2021-2026 жылдары «AMANAT» партиясы Меркі аудандық филиалының төрағасы қызметін атқардым.

2026 жылы 1-қазаннан бастап қазіргі таңға дейін «Әділет» партиясы Меркі аудандық филиалы төрағасы қызметін атқарудамын.

2021-2026 жылдары Меркі аудандық мәслихатының    VII-VIII шақырылым депутаты болдым.

Отбасымда 3 қыз, 1 ұл тәрбиелеудемін.

Құрметті сайлаушылар !

Еліміз қазіргі таңда саяси және қоғамдық жаңғырудың маңызды кезеңінен өтуде. Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, конституциялық өзгерістерді жүзеге асыру және азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар ел дамуының жаңа мүмкіндіктеріне жол ашуда.

2026 жылғы 15 наурызда өткен Республикалық референдумда жаңа Конституцияның қабылдануы еліміздің саяси-құқықтық дамуындағы елеулі оқиға болды. Бұл кезеңде әділеттілік қағидаттарын нығайту, заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтау ерекше маңызға ие.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының тиісті шешімімен 2026 жылы 29 қарашаға тағайындалған аудандық мәслихат депутаттарының сайлауына түсуге бел буып отырмын. Осы орайда,  2026-2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламамды ұсынамын:

  1. Балалар ойын алаңшасын салу. 2029 жылға дейін сайлау округі аумағында балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне, қауіпсіз әрі қолайлы ортада ойнап, демалуына жағдай жасау мақсатында заманауи балалар ойын алаңшасының салынуына ықпал етемін. Бұл бағыттағы жобаның тиісті жоспарларға енгізіліп, жүзеге асырылуына атсалысамын.
  2. Көшелерге тротуар салу. Тұрғындардың, әсіресе мектеп оқушылары мен балалардың қауіпсіз жүріп-тұруын қамтамасыз ету мақсатында сайлау округіндегі қажеттілігі бар көшелерге тротуар салу мәселесін көтеремін. Жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасауға бағытталған жұмыстардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылуына ықпал етемін.
  1. Көшелерді жарықтандыру. 2030 жылға дейін сайлау округі аумағында қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру мақсатында көшелерді түнгі жарықпен қамтамасыз ету жұмыстарына өз үлесімді қосамын. Атап айтқанда, жарықтандыруды қажет ететін көшелерді тиісті жоспарларға енгізу, қолданыстағы жарық жүйелерін жақсарту және тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру бағытындағы жұмыстардың іске асырылуына ықпал етемін.

Құрметті жерлестер! Туған жердің дамуы, ауылдарымыздың көркеюі және тұрғындардың тұрмыс сапасының жақсаруы – мен үшін әрдайым маңызды. Ауылдық округ әкімі, партия филиалының төрағасы және аудандық мәслихат депутаты қызметтерінде жинақтаған тәжірибем халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, көтерілген мәселелердің шешімін бірлесе іздеудің қаншалықты маңызды екенін көрсетті.

Мен үшін депутаттық қызмет – ең алдымен ел алдындағы үлкен жауапкершілік. Әрбір тұрғынның ұсынысы мен өтінішіне назар аудару, ауылдың өзекті мәселелерін тиісті мекемелер алдында көтеру және олардың шешілуіне ықпал ету алдағы жұмысымның басты ұстанымы болмақ.

Ауылдың ажары – оның жайлы көшелері, қауіпсіз ортасы және балалардың алаңсыз өсіп-жетілуіне жасалған жағдай. Сондықтан сайлауалды бағдарламамда белгіленген міндеттердің кезең-кезеңімен жүзеге асырылуына күш салуды көздеймін.

Алдағы өзгерістер мен жаңа мүмкіндіктерге бірге қадам басып, ортақ мақсат жолында бірлігімізді нығайта білейік. Туған жердің болашағы әрқайсымыздың азаматтық жауапкершілігімізге, ынтымағымыз бен ортақ іске деген жанашырлығымызға байланысты.

Баршаңызды сайлауға қатысып, өз таңдауларыңызды жасауға шақырамын. Өйткені әрбір дауыс – азаматтық ұстанымның көрінісі.

           

Құрметпен, Кулаим Шағатаева!

Меркі аудандық мәслихаты депутаттығына кандидат К.Шағатаеваның сайлау қорының қаражатынан төленді.