Қазақтың «Қыз Жібегімен» тағылымды кездесу

0 7

Қазақ киносының тарихында көрермен жадында мәңгі сақталған туындылар аз емес. Солардың қатарында режиссер Абдолла Қарсақбаевтың фильмдері ерекше орын алады. Оның шығармалары арқылы тұтас бір дәуірдің тыныс-тіршілігі, ұлттық болмыс пен адамдық қасиеттер экранға көшті. Биыл көрнекті режиссердің туғанына 100 жыл толуына орай Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде тағылымды кездесу ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Рухани басқосуға қазақ кино өнерінің көрнекті өкілі, Қазақстанның халық артисі Меруерт Өтекешова арнайы келді. Қазақ көрерменіне «Қыз Жібек» фильміндегі Жібек бейнесі арқылы кеңінен танылған актрисамен жүздесу студенттер мен өнерсүйер қауым үшін есте қаларлық оқиға болды.

Кездесудің негізгі мақсаты – Абдолла Қарсақбаевтың кино өнеріне сіңірген еңбегін дәріптеу, режиссер мұрасын кейінгі буынға таныстыру және ұлттық кино тарихындағы айтулы тұлғалардың шығармашылық жолын насихаттау. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ киносының талай белесін көрген Меруерт Өтекешовамен жүздесу іс-шараның мазмұнын тереңдете түсті.

Актриса көрерменмен әңгіме барысында өнер жолына қалай келгенін, кино әлеміндегі алғашқы қадамдарын, түсірілім кезінде бастан өткерген қызықты оқиғаларын еске алды. Шығармашылық ғұмырындағы естеліктерімен бөлісе отырып, әрбір рөлге үлкен жауапкершілікпен қараудың маңызын да жеткізді.

Меруерт Өтекешованың экранда сомдаған Жібегі – қазақ киносының ең танымал бейнелерінің бірі. Бұл кейіпкер көрермен үшін тек көркем фильмнің қаһарманы емес, ұлттық сұлулықтың, ибалық пен тектіліктің символына айналды. Арада қанша жыл өтсе де, Жібектің бейнесі өз мәнін жоғалтқан жоқ. Актрисаның айтуынша, өнер адамына артылатын жауапкершілік те осында.

– Өнер – адамға берілген үлкен аманат. Экранға шыққан әрбір бейнең көрерменнің жүрегінде қалуы мүмкін. Сондықтан актер өз рөліне үлкен жауапкершілікпен қарауы керек. Біздің буын ұлттық өнердің қалыптасу кезеңдерін көрді, сол жолда еңбек етті. Бүгінгі жастарға тілерім – өнерді сүйіңдер, тарихтарыңды таныңдар, ұлттық құндылықтарыңды бағалаңдар. Өйткені өз тамырын таныған ұрпақтың болашағы берік болады, – деген Меруерт Өтекешова Абдолла Қарсақбаевтың «Біздің Ғани» фильміне де арнайы тоқталды. Аталған туындыда рөл сомдаған Үсен Шекешов пен Әлия Семізбаеваның есімдерін, сол кезеңдегі түсірілім жұмыстары мен өнер иелерінің еңбегін сағынышпен еске алды. Осылайша, бір фильмнің төңірегінде қазақ киносының тұтас бір кезеңіне шолу жасалды.

Шын мәнінде, кино тарихы тек экранға шыққан шығармалармен ғана өлшенбейді. Оның артында режиссерлердің ізденісі, актерлердің еңбегі, түсірілім тобының маңдай тері мен талай адамның тағдыры жатыр. Сондықтан сол кезеңнің куәгерлерімен жүздесіп, олардың естеліктерін тыңдау – бүгінгі ұрпақ үшін құнды мүмкіндік.

Жиында «Қазақ әлемі» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Бақытжан Сертеков те сөз алып, өнер адамдарына құрмет көрсету мен ұлттық мәдени мұраны сақтау бағытындағы жұмыстардың маңызына тоқталды.

Кездесудің тағы бір ерекше сәті «Ер-намыс» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерболат Алядиннің Меруерт Өтекешоваға «Қадірлі ана» орденін табыстауы болды. Бұл марапат актрисаның өнер жолына, ел мәдениетіне қосқан үлесіне және рухани құндылықтарды дәріптеудегі еңбегіне көрсетілген құрмет болды. Жиынға қатысушылар да өнер иесіне ақжарма тілектерін арнап, көкейлеріндегі сауалдарын қойды.

Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығына арналған кездесу өткенге көз жүгіртіп қана қоймай, ұлттық өнердің бүгінгі жайы мен келешегі туралы ой қозғауға мүмкіндік берді. Бір кездері кино алаңында еңбек еткен өнер иелерінің есімдері қайта жаңғырып, олардың шығармашылық мұрасы жас буынға таныстырылды.

Өнердің өміршеңдігі де осында. Уақыт өткен сайын кейбір туындылардың қадірі артып, кейіпкерлері жаңа ұрпақтың жүрегіне жол табады. Абдолла Қарсақбаевтың кинолары мен Меруерт Өтекешова сомдаған Жібек бейнесі – соның айқын дәлелі. Ал осындай кездесулер сол рухани байланысты үзбей, ұлттық өнердің өнегесін кейінгі буынға жеткізуге қызмет етеді.