Ақылы автотұраққа жеңілдік алу тәртібі өзгереді

0 8

Алматыда коммуналдық ақылы автотұрақтарды жеңілдікпен пайдаланатын азаматтар үшін рәсімдеу тәртібі өзгереді. Қызмет алу уақытын қысқарту мақсатында бұл процесті цифрлық сервистер арқылы жетілдіру жоспарланып отыр, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, қазір қалада 15 344 көлік иесі автотұрақ жеңілдігін пайдаланады. Олардың қатарында I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, көпбалалы отбасылар және Семей ядролық сынақ полигонындағы сынақтардан зардап шеккен отбасылардың өкілдері бар. Жеңілдік электромобильдер мен арнайы көлік құралдарына да қарастырылған.

«Қазіргі уақытта қалада 17 мыңнан астам коммуналдық автотұрақ орны бар. Алдағы уақытта олардың санын 25 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Алматыда жеңілдікті рұқсаттарды рәсімдеу тәртібін оңайлату және қызмет алу уақытын қысқарту мақсатында цифрлық сервисті дамыту көзделіп отыр. Автотұрақ желісін кеңейтумен қатар қызмет көрсету сапасын арттыруға және автотұрақтардың тұрғындардың түрлі санаттары үшін қолжетімділігін қамтамасыз етуге баса назар аударылады», делінген хабарламада.