Советбек Алдияр Қанатбекұлының Сайлауалды Бағдарламасы
МЕРКІ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТТЫҒЫНА «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНАН №13 БІР МАНДАТТЫҚ САЙЛАУ ОКРУГІ БОЙЫНША КАНДИДАТ
Советбек Алдияр Қанатбекұлының
Сайлауалды Бағдарламасы
ӨМІРБАЯН
Мен, Советбек Алдияр Қанатбекұлы, 1992 жылғы 18 қарашада Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданында дүниеге келдім. 1992 жылдан бері Меркі ауданының Сұрат ауылында тұрамын. Ұлтым – қазақ. Білімім – жоғары.
2011 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша тәмамдадым.
2015 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін «Қайсар-Ет» жеке кәсіпкерлігінің басшысы болып қызмет атқарып келемін.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА
Құрметті сайлаушылар!
Ауылдың өркендеуі, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту және елді мекендердегі өзекті мәселелерді шешу – баршамызға ортақ мақсат. Осы мақсатта жинақтаған тәжірибемді туған өлкеміздің дамуына бағыттау ниетімен аудандық мәслихат депутаттығына кандидат ретінде ұсынылып отырмын.
Депутат болып сайланған жағдайда, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, төмендегі міндеттердің депутаттық өкілеттігім мен бюджет мүмкіндіктері шеңберінде жүзеге асуына ықпал етемін.
- Білім беру инфрақұрылымын дамыту.
Кеңес ауылындағы №6 мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу мәселесін көтеріп, қажетті қаржының бөлінуіне ықпал етемін. Сондай-ақ ауыл орталығындағы Тайшыманов көшесінің бойымен мектепке дейін жаяу жүргіншілер жолын салу арқылы оқушылардың қауіпсіз қатынауына жағдай жасауға атсалысамын.
Қызылсай ауылында жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген 100 орындық орта мектептің құрылысын қаржыландыру және жобаны жүзеге асыру мәселесін тиісті органдар алдында көтеремін.
- Спорт инфрақұрылымын дамыту.
Жастардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасау мақсатында Қостоған ауылында 2027–2028 жылдарға жоспарланған спорт кешенінің құрылысын жүзеге асыруға, қажетті қаржының бөлінуіне және жобаның уақытылы орындалуына ықпал етемін.
- Ауылішілік жолдарды жөндеу.
Жаңатоған ауылдық округіндегі жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында Қостоған ауылындағы Жамбыл және Байғабыл Тойлыбаев көшелеріне, Рахымбай Құлбаев және Жамбыл көшелерінің бұрылыстарына асфальт төсеу мәселесін көтеремін.
Сонымен қатар Мыңқазан ауылындағы Садуақас Жамансартов көшесі мен Сейдіман Әкімбеков көшесінің бұрылысына асфальт төсеу жұмыстарын тиісті жоспарларға енгізуге, қаржыландыруға және сапалы орындалуына ықпал етемін.
- Тұрғындармен байланыс және өзекті мәселелерді шешу.
Ауыл тұрғындарымен тұрақты байланыс орнатып, олардың ұсыныстары мен өтініштерін құзырлы органдарға жеткізуге, өзекті мәселелердің заң аясында шешілуіне атсалысамын. Елді мекендерді дамытуға бөлінетін бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуына депутаттық бақылау жасауға мән беремін.
Құрметті сайлаушылар! Кәсіпкерлік саласында он жылдан астам уақыт еңбек ете жүріп, қандай істің де нәтижесі нақты жоспарға, табанды еңбекке және қабылданған шешімнің орындалуына байланысты екенін түсіндім. Басталған жұмысты аяғына дейін жеткізу, кездескен кедергілерді еңсеру және нәтижеге жауап беру – менің еңбек жолымда қалыптасқан басты қағидалар.
Сайлауалды бағдарламамда әр ауылдың нақты қажеттіліктерін қамтуға тырыстым. Кеңес ауылындағы мектептің жағдайы мен оқушылардың қауіпсіздігі, Қызылсайдағы жаңа білім ошағының құрылысы, Қостоғандағы спорт кешені мен ауылішілік жолдар, Мыңқазандағы көшелерді жөндеу – барлығы да тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей қатысты мәселелер.
Бұл міндеттердің әрқайсысының өзіндік маңызы бар. Жаңа мектеп – балалардың сапалы білім алуына мүмкіндік, спорт кешені – жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай, ал жөнделген жол – ауыл тіршілігінің қолайлылығын арттыратын қажеттілік.
Ауылдың дамуы үшін ең алдымен нақты қажеттіліктер дұрыс айқындалып, оларды шешудің тиімді жолдары белгіленуі тиіс. Бір ауылға мектеп қажет болса, енді біріне спорт нысаны немесе сапалы жол керек. Сондықтан әр елді мекеннің мәселесіне жеке назар аударып, олардың тиісті жоспарлар мен бюджет жобаларында қаралуына күш салуды көздеймін.
Мен үшін маңыздысы – ұсынылған бастамалардың қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты шешімдерге ұласуы. Осы мақсатта жауапты мекемелермен өзара байланыс орнатуға, жобалардың орындалу барысын қадағалауға және тұрғындарға атқарылған жұмыстар туралы ашық ақпарат беруге ниеттімін.
Ауылдың болашағы – баршамызға ортақ жауапкершілік. Менің үшін тұрғындардың мүддесін білдіру, халық пен билік арасындағы байланысты нығайту және ауылдарымызда қордаланған мәселелердің кезең-кезеңімен шешу бәрінен маңызды.
Құрметпен, Алдияр Советбек!
Меркі аудандық мәслихаты депутаттығына кандидат А.Советбектің сайлау қорының қаражатынан төленді.