Көкрекбаев Мұратбек Болысбекұлының Сайлауалды Бағдарламасы

0 104

МЕРКІ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ ДЕПУТАТТЫҒЫНА «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНАН  №8 БІР МАНДАТТЫҚ САЙЛАУ ОКРУГІ БОЙЫНША КАНДИДАТ

 Көкрекбаев Мұратбек Болысбекұлының

Сайлауалды Бағдарламасы

 ӨМІРБАЯН

Мен, Көкрекбаев Мұратбек Болысбекұлы 1964 жылғы 13 қазанда Жамбыл облысы Меркі ауданының Тәтті ауылында дүниеге келдім. Білімім жоғары, ұлтым қазақ.

1981-1982 жылдары аралығында №102 кәсіптік-техникалық училищесінде білім алдым. 1986 жылы Қарағанды кооперативтік институтына қабылданып, 1990 жылы «Экономист» мамандығын алып шықтым.

Еңбек жолымды  1982 жылы  Меркі ауданында №102 кәсіптік-техникалық училищесінің мұғалімі болып бастадым.

1990-1991 жылдары Сарысу аудандық тұтынушылар одағының бас бухгалтерінің орынбасары; 1991-1992 жылдары «Калинин» совхоздық кооперативінің бас бухгалтері; 1992-1995 жылдары Меркі ауданы әкімдігінің экономика комитетінің төрағасы; 1995-1996 жылдары Меркі ауданындағы Халық банкінің экономисі; 1996-1997 жылдары Меркі ауданы әкімдігінің өнеркәсіп, көлік және байланыс бөлімінің меңгерушісі; 1997-1998 жылдары Меркі ауданының жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің меңгерушісі; 1998-2001 жылдары Меркі ауданы әкімі аппаратының басшысы; 2001-2005 жылдары Ойтал ауылдық округінің әкімі; 2005-2010 жылдары Меркі ауданы әкімінің орынбасары; 2010-2016 жылдары Жамбыл ауылдық округінің әкімі; 2016-2021 жылдары «Nur Otan» партиясы Меркі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары; 2021-2022 жылдары Меркі аудандық мәслихатының хатшысы; 2023-2026 жылдары Меркі аудандық мәслихатының төрағасы қызметтерін атқардым.

Меркі аудандық мәслихатының VI, VII және VIII шақырылымдарының депутаты, «Әділет» партиясының мүшесі болып табыламын.

Отбасымда  екі ұл және бір қыз тәрбиелеп отырмын.

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА

Қадірменді жерлестер!

Меркі аудандық мәслихатының VI-VII-VIIІ шақырылым депутаты ретінде алдыңғы саяси науқандарда сайлаушылардың сеніміне ие болып, өзімнің сайлауалды бағдарламамды толығымен жүзеге асырдым.

2026 жылдың 29 қарашасында еліміздің қоғамдық өмірінде үлкен маңызы бар саяси оқиға – барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді.  Менің алдымда жаңа міндет, айқын мақсат тұр.

Меркі ауданының азаматы ретінде өзімнің сайлауалды бағдарламамды халықтың әл-ауқатын жақсартып, алдағы уақытта арттыратын ауқымды әлеуметтік-экономикалық реформаларға бағыттадым.

  1. Инфрақұрылымды жаңғырту және ауызсу. Ойтал және Екпінді ауылдарының тозған ауызсу жүйелерін жаңғыртуға қаржы бөлуге, жұмыстың сапалы әрі мерзімінде орындалуын қадағалауға ықпал етемін. Жол, су, жарық және байланыс инфрақұрылымын кезең-кезеңімен дамытуға, Екпіндідегі Ораз Жандосов пен Ойталдағы Жауғаш батыр көшелерін орташа жөндеуді бюджет жобасына енгізуге және жұмыс сапасын бақылауға бастамашылық жасаймын.
  2. Әлеуметтік нысандар және жастарға жағдай. Сарымолдаев ауылындағы №9 колледжге 100 орындық жатақхана салуды мемлекеттік жоспарға енгізуге, құрылыстың сапалы әрі уақытылы жүргізілуіне ықпал етемін. Ойталдағы Жауғаш батыр көшесіндегі шағын футбол, балалар ойын және стрит-воркаут алаңдарын жөндеуге, бұл жұмыстарға қоғамдық-депутаттық бақылау орнатуға атсалысамын.
  3. Қауіпсіздік және абаттандыру. Екпіндінің Ораз Жандосов және Сейдалы Байназаров көшелеріне қосымша электр желілерін тартып, жаңа трансформатор орнату мәселесін уәкілетті органдар алдында көтеремін. Сарымолдаевтағы С. Ахтанбердиев, Екпіндідегі Байназаров және Жандосов көшелерін заманауи жарықтандыруға ықпал етіп, жұмыстардың сапасын қадағалаймын. Екпінді ауылы Орловка көшесінен бастап №9 ЖББМ-ге дейін оқушылар мен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жаяу жүргіншілер жолын (тротуар) салу жұмыстарының орындалуын қатаң бақылауда ұстаймын.
  4. Жұмыспен қамту және бастамаларды қолдау. Тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға және халық бастамаларының мемлекеттік органдар тарапынан қолдау тауып, заңды шешілуіне депутаттық ықпал етемін.

Құрметті сайлаушылар! Туған жеріміздің дамуы, ауылдарымыздың көркеюі және тұрғындардың тұрмыс сапасының жақсаруы – баршамыз үшін маңызды. Көп жылғы мемлекеттік қызмет пен депутаттық тәжірибем халықтың өзекті мәселелерін шешуде жүйелі жұмыстың, жауапкершілік пен өзара түсіністіктің маңызын көрсетті.

Мен үшін депутаттық мандат – ең алдымен ел алдындағы үлкен жауапкершілік. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдау, көтерілген мәселелерді тиісті мемлекеттік органдардың назарына жеткізу және олардың нақты шешімін табуына ықпал ету – басты ұстанымым.

Алдағы уақытта да ауылдардың инфрақұрылымын жақсартуға, жастарға қолайлы жағдай жасауға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларды назарда ұстауды көздеймін. Әрбір маңызды мәселенің шешімі нақты іс пен жүйелі бақылауды талап етеді.

Өңірдің өркендеуі – ортақ мақсат, ал халық алдындағы жауапкершілік – абыройлы міндет. Тұрғындармен ашық байланыс орнатып, ұсыныс-пікірлерін ескеруге және атқарылған жұмыстар жөнінде тұрақты есеп беруге дайынмын.

Депутаттың міндеті – халық үнін билікке жеткізу және бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылау. 2026 жылғы 29 қарашада өтетін сайлауда өз дауысыңызды беріп, өңіріміздің өркендеуіне бағытталған ортақ іске атсалысуға шақырамын!   

Құрметпен, Мұратбек Көкрекбаев!

Меркі аудандық мәслихаты депутаттығына кандидат М.Көкрекбаевтың сайлау қорының қаражатынан төленді.