Ридванов Афраил Кахрамановичтың сайлауалды бағдарламасы

0 113

Байзақ Аудандық Мәслихатының Депутаттығына №16 Бірмандаттық Аумақтық  Сайлау Округі Бойынша Өзін-Өзі Ұсынған Кандидат Ридванов Афраил Кахрамановичтың Сайлауалды Бағдарламасы

ӨМІРБАЯН

Мен, Ридванов Афраил Кахраманович, 1979 жылғы 19 қарашада Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Бурыл ауылында дүниеге келдім.

2002 жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдадым.

Еңбек жолымды 2011 жылы бастадым. 2011 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Ридванов» жеке кәсіпкерлігінде менеджер қызметін атқарып келемін.

Отбасылымын, екі баланы тәрбиелеудемін.

Құрметті Бурыл ауылының тұрғындары!

Әр адамның туған жері жүрегіне жақын. Мен үшін Бурыл ауылы-балалық шағым мен өмір жолымның бастау алған мекені. Ауылдың тыныс-тіршілігі, оның жетістіктері мен шешімін күткен мәселелері мен үшін бейжай қарайтын дүние емес.

Менің мақсатым-ауылдың әрбір мәселесіне жан-жақты қарап, тұрғындардың мүддесін қорғау және Бурыл ауылының дамуына нақты үлес қосу.

БАҒДАРЛАМАНЫҢ НЕГІЗГІ ТҰЖЫРЫМДАМАЛАРЫ

  1. Ауылдың өсуіне сай жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру

Елдімекеннің дамуы халық санының өсуімен қатар жүруі тиіс. Сондықтан ауылдың болашақтағы қажеттіліктерін алдын ала ескеріп, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту маңызды.

— Ауылдың демографиялық өсімі мен білім беру қажеттіліктерін ескере отырып, жаңа мектеп құрылысы мәселесін шешуге ықпал ету.

— Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің ғимараттарын жаңарту және олардың жағдайын жақсарту мәселелерін көтеру.

— Балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуына қажетті жағдайлардың жасалуына атсалысу.

  1. Тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдету

Ауылдың жайлылығы үлкен жобалармен ғана өлшенбейді. Ол-тұрғынның үйінен көшеге шыққандағы қауіпсіздігі, жолдың сапасы, түнгі жарық пен коммуналдық қызметтердің тұрақтылығы.

— Ауылішілік жолдардың сапасын жақсарту және жөндеуді қажет ететін көшелерді кезең-кезеңімен жаңарту мәселесін көтеру.

— Жарықтандырылмаған көшелерді түнгі жарықпен қамтамасыз етуге ықпал ету.

— Электр қуаты, ауыз су және табиғи газ жүйелерінің тұрақты жұмыс істеуіне қатысты мәселелерді назарда ұстау.

— Көше тазалығы, қоғамдық аумақтарды абаттандыру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру жөніндегі жұмыстарға атсалысу.

— Ауыл тұрғындарының күнделікті тұрмысына кедергі келтіретін мәселелерді тиісті мекемелерге жеткізіп, шешілу барысын бақылау.

  1. Медициналық қызметтің жаңа мүмкіндіктерін ашу

Сапалы медициналық қызмет әрбір тұрғынға қолжетімді болуы керек. Әсіресе алғашқы медициналық көмек пен қажетті зертханалық тексерулерді тұрғылықты жерде алу мүмкіндігі маңызды.

— Ауылдық дәрігерлік амбулаторияның қызмет көрсету мүмкіндіктерін кеңейту мәселесін көтеру.

— Зертханалық талдау бөлімшесін ашу жөніндегі бастаманы қолдау.

— Медициналық ұйымдармен әріптестік орнату арқылы зертханалық қызмет түрлерін ауылға тарту мүмкіндігін қарастыру.

— Медициналық мекеменің материалдық-техникалық қажеттіліктерін шешуге ықпал ету.

— Тұрғындардың медициналық көмекке уақытылы жүгінуіне қолайлы жағдай қалыптастыруға атсалысу.

  1. Бурыл ауылының әлеуетін балалар мен жастардың дамуына бағыттау

Ауылдың ертеңі-бүгінгі балалар мен жастар. Олардың білім алуына, спортпен айналысуына, өнерін шыңдауына және қоғам өміріне араласуына мүмкіндік беру қажет.

— Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық және шығармашылық бастамаларды қолдау.

— Спорт нысандары мен мәдени мекемелердің мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға ықпал ету.

— Ауыл жастарының білім, кәсіп және еңбек салаларындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге қатысты ұсыныстар енгізу.

— Жас ұрпақтың туған жерге деген жауапкершілігі мен қоғамдық белсенділігін қалыптастыруға бағытталған шараларға атсалысу.

  1. Ауылдың әлеуметтік әлеуетін сақтау және жетілдіру

Бурыл ауылындағы мәдениет үйі, кітапхана, спорт және білім беру мекемелері-ауылдың қоғамдық өмірінің маңызды бөлігі. Бұл нысандарды сақтау ғана емес, олардың тұрғындарға қызмет көрсету мүмкіндіктерін жетілдіру де маңызды.

— Әлеуметтік нысандардың техникалық жағдайын жақсарту және қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселелерін көтеру.

— Мәдениет пен өнер саласындағы ауылдық бастамаларға қолдау көрсету.

— Әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтардың мәселелерін назардан тыс қалдырмау.

— Ауылдағы қоғамдық тәртіп, санитарлық тазалық және абаттандыру мәселелеріне көңіл бөлу.

  1. Ауыл мүддесін қорғау және қоғамдық сенімді нығайту

Депутаттың негізгі міндеті-тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтып, халықтың мүддесін тиісті деңгейде қорғау.

— Ауыл үшін маңызды мәселелерді аудандық мәслихат деңгейінде көтеру.

— Жергілікті маңызы бар жобалардың жүзеге асырылуына ықпал ету.

— Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына және жоспарланған жұмыстардың сапасына депутаттық бақылау жасау.

— Тұрғындармен ашық кездесулер өткізіп, атқарылған жұмыстар туралы есеп беру.

 МЕН ҮШІН ДЕПУТАТТЫҚ ҚЫЗМЕТ – ХАЛЫҚ СЕНІМІНЕ ДЕГЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК!

Құрметті Бурыл ауылының тұрғындары!

Егер маған сенім білдірсеңіздер, ауыл тұрғындарының мүддесін қорғап, маңызды мәселелердің шешілуіне ықпал ету үшін бар күш-жігерімді жұмсаймын.

Туған жерге жанашырлық-сөзбен емес, іспен дәлелденеді!

Тапсырыс жасаған тұлға: №16 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Байзақ аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Афраил Кахраманович Ридванов.

Қандай қаражат ақысынан төленген: Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстар есебінен төленді.