Рыскулов Жандос Ордабайұлының Сайлауалды Бағдарламасы
Байзақ Аудандық Мәслихатының Депутаттығына №6 Бірмандаттық Аумақтық Сайлау Округі Бойынша “Әділет” Партиясынан Ұсынылған Кандидат Рыскулов Жандос Ордабайұлының Сайлауалды Бағдарламасы
Мен, Рыскулов Жандос Ордабайұлы, 1975 жылғы 25 сәуір Жамбыл облысы, Жамбыл қаласында дүниеге келдім. Ұлтым-қазақ. Білімім — жоғары.
1992 жылы С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медицина университетіне оқуға түсіп, 1998 жылы «Емдеу ісі» мамандығы бойынша бітірдім. 1998–1999 жылдары Жамбыл облыстық ауруханасының базасында хирург-дәрігер біліктілігі бойынша интернатурадан өттім. 2020 жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Экономика» мамандығы бойынша білім алдым.
Еңбек жолымды 1999 жылы Жамбыл облыстық ауруханасының хирургиялық бөлімінде хирург-дәрігер болып бастадым.
2012–2017 жылдары Жамбыл облыстық ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі қызметін атқардым. 2017–2020 жылдары аталған аурухананың бас дәрігерінің хирургия жөніндегі орынбасары болдым.
2020–2021 жылдары Жамбыл облыстық көпсалалы ауруханасы бас дәрігерінің емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. 2021–2023 жылдары осы аурухананың бас дәрігерінің хирургия жөніндегі орынбасары болып жұмыс істедім.
2023 жылғы 19 қаңтардан бастап Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының «Байзақ аудандық орталық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы қызметін атқарып келемін.
2012 жылдан 2024 жылға дейін облыстың бас хирургі болдым.
Біліктілігім мен қосымша білімімнің қатарында EMBA магистрлік дәрежесі бар.
Отбасылымын, үш баланы тәрбиелеп отырмын.
ҚҰРМЕТТІ БАЙЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ!
Мен, Рыскулов Жандос Ордабайұлы, «Әділет» партиясының атынан Байзақ аудандық мәслихаты депутаттығына кандидат ретінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты басым бағыттарды ұсынамын.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА
«ДЕНСАУЛЫҚТЫ АУЫЛ – ӘЛ-АУҚАТТЫ ҚОҒАМ»
Халық денсаулығы – қоғамның басты құндылықтарының бірі. Ауданның тұрақты дамуы тұрғындардың денсаулығын қорғаудан, аурулардың алдын алудан және әрбір азаматтың медициналық көмекке уақытылы қол жеткізуінен басталады.
Медицина саласындағы кәсіби қызметім барысында денсаулық сақтау жүйесінің күнделікті жұмысын, медициналық ұйымдардың міндеттері мен тұрғындардың медициналық көмек алу кезінде кездесетін мәселелерін білемін.
- I. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫН ДАМЫТУ – БАСТЫ БАСЫМДЫҚ
— Аудандық аурухананың, ауылдық амбулаториялар мен медициналық пункттердің материалдық-техникалық жағдайын зерделеп, жөндеу мен жаңартуды қажет ететін нысандар бойынша ұсыныстар енгізу.
— Медициналық ұйымдарды заманауи жабдықтармен, қажетті құралдармен және диагностикалық мүмкіндіктермен қамтамасыз етуге бағытталған бюджеттік ұсыныстарды қолдау.
— Тұрғындардың зертханалық талдаулардан, диагностикалық зерттеулерден және бейінді мамандар кеңесінен уақытылы өтуіне кедергі келтіретін мәселелерді тиісті органдар алдында көтеру.
— Пациенттердің өтініштері мен шағымдарын қарау сапасын, медициналық қызметтің қолжетімділігін және қызмет көрсету тәртібін жақсарту жөніндегі бастамаларды қолдау.
— Медициналық кадр тапшылығы бар елді мекендер бойынша ұсыныстар дайындап, жас мамандарды тарту, тәлімгерлік және біліктілікті арттыру бастамаларын қолдау.
— Скринингтен, профилактикалық қарап-тексеруден және созылмалы аурулар бойынша бақылаудан уақытылы өтуге кедергі келтіретін мәселелерді қарастыру.
— Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМС аясындағы қызметтер туралы түсіндіру жұмыстарын қолдау.
— Қарттарға, мүгедектігі бар азаматтарға және созылмалы аурулары бар тұрғындарға медициналық әрі оңалту қызметтерінің қолжетімділігіне назар аудару.
— Инфекциялық аурулардың алдын алу, санитариялық-ағарту жұмыстары, салауатты өмір салты және медициналық сауаттылықты арттыру шараларын қолдау.
— Пациент құқықтарын, медициналық құпияны және медициналық әдеп қағидаларын сақтау мәселелерін назарда ұстау.
— Денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелерін мәслихаттың тұрақты комиссияларында талқылауға және жауапты мемлекеттік органдардың назарына ұсынуға ықпал ету.
- II. АУЫЛДЫҚ МЕДИЦИНАНЫ НЫҒАЙТУ
— Ауылдық медициналық пункттер мен амбулаториялардың жағдайын бағалап, қажетті жөндеу, жабдықтау және жаңарту мәселелерін көтеру.
— Маман тапшылығы бар елді мекендерге дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерін тарту, жас мамандарды қолдау тетіктерін тиімді пайдалануға ықпал ету.
-Шалғай ауыл тұрғындары үшін көшпелі медициналық қабылдаулар, профилактикалық тексерулер және бейінді мамандар кеңесін ұйымдастыруды жетілдіру бастамаларын қолдау.
— Жедел медициналық көмектің қолжетімділігіне, шақыртуларға уақытылы жетуге және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіне қатысты мәселелерді назарда ұстау.
III. АНА МЕН БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫН ҚОРҒАУ
— Жүкті әйелдерді уақытылы медициналық бақылаумен қамту және жүктілік кезіндегі қауіп факторларын ерте анықтау шараларын қолдау.
— Балалардың профилактикалық тексерулерден, скринингтерден және жоспарлы медициналық бақылаудан өтуіне назар аудару.
— Әйелдер денсаулығы, жасөспірімдерге медициналық-психологиялық қолдау және балаларға көрсетілетін медициналық қызметтің қолжетімділігі мәселелерін көтеру.
БАСЫМДЫҒЫМ – ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫ, АУЫЛДЫҢ ДАМУЫ ЖӘНЕ САПАЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕККЕ ҚОЛЖЕТІМДІЛІК.
Тапсырыс жасаған тұлға: №6 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Байзақ аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Жандос Ордабайұлы Рыскулов.
Қандай қаражат ақысынан төленген: Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстар төленді.