Мемлекет қаржысын жымқырғандар жазалануда

0 63

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қылмыстық қудаланудан жасырынып жүрген тұлғаларға қатысты іздеу жұмыстарының нәтижелері» тақырыбында департаменттің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Жағыпар Исатаев хабарлама жасады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Департаментте экономикалық қылмыстардың алдын алу, анықтау тергеу қойылған мақсаттарына сәйкес, өндірісте болған қылмыстық істер бойынша қылмыстық қудалаудан жасырынып жүрген адамдарды іздеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізген хабарламашы өткен жылы іздеу шараларының нәтижесінде қылмыстық қудалаудан жасырынып жүрген бес азамат анықталғанын айтты.

— 2023 жылы ақпан айында Шымкент қаласында 310 миллион теңге көлемінде картоптың элиталық тұқымын алуға арналған субсидияны жымқыру қылмыстың ұйымдастырушысы ұсталды. Сол жылдың мамыр айында Қылмыстық кодекстің 190-бап, 4-бөлімімен қылмыстық іс сотқа жіберілді, — деді тергеуші.

Су үнемдеу технологиясын орнатуға бөлінген мемлекет қаржысына қол сұғушыларда құрықталыпты. Былтыр 21 миллион теңгеден аса көлемде тамшылатып суаруға арналған субсидияны жымқырған 2 тұлғаның орналасқан жерлері (Т.Рысқұлов ауданы мен Тараз қаласында) анықталып, қылмыстық іс сотқа жолданған. Салық төлеуден жалтару дерегі және білім саласында қаржы жымқыру фактілері де анықталған. Өткен жылдың қыркүйек айында 153 миллион теңге көлемінде салық төлеуден жалтару дерегі бойынша күдіктінің орналасқан жері анықталып, қазан айында Қылмыстық кодекстің 245-бабының, 2 бөлімі бойынша қылмыстық іс сотқа жіберілген. Былтырғы желтоқсан айында іздеу шараларының нәтижесінде мектепке дейінгі білім беру саласына мемлекеттік бюджеттен бөлінген 11 миллион теңгеден аса қаражатты жымқыру дерегі бойынша күдікті тұлға ұсталып, биылғы қаңтар айында Қылмыстық кодекстің 190-бап, 4 бөлімімен қылмыстық іс сотқа жолданған.  Биылға наурыз айында Алматы қаласында 6,7 миллион  теңгенің 38 тонна бензинін Қазақстан Республикасынан Қырғызстанға заңсыз шығаруды ұйымдастырған азамат ұсталып, қылмыстық іс сотқа жберілген.

Хабарламашы шынайы өкінуіне немесе залалды өтеуіне байланысты қылмыстық жауаптылығынан босату Қазақстан Республикасының қылмыстық және қылмыстық-процестік кодекстерінің баптарымен көзделгені туралы да еске салды. «Осыған орай, осы платформаны пайдалана отырып, біз барлық кәсіпкерлер мен азаматтарды Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтай отырып, заңды негізде жұмыс істеуге, салықты адал төлеп, ресми өнім өндіретін басқа да кәсіпкерлер мен өндірушілерді құрметтеуге шақырамыз. Азаматтар экономикалық құқық бұзушылық фактілері туралы «АФМ Insider» телеграмм ботына хабарлауға болады. Анықтамалық электрондық пошта: info@afm.gov.kz, облыс бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің сенім телефоны (кезекші бөлім): 34-76-26)», деді Жағыпар Исатаев.

Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері хабарламашыға сұрақтар қойып, нақты жауаптар алды.