Мазболдиева Айтолкын Чарипжановнаның сайлауалды бағдарламасы
Байзақ Аудандық Мәслихатының Депутаттығына №4 Бірмандаттық Аумақтық Сайлау Округі Бойынша “Әділет” Партиясынан Ұсынылған Кандидат Мазболдиева Айтолкын Чарипжановнаның Сайлауалды Бағдарламасы
Мен, Мазболдиева Айтолкын Чарипжановна, 1974 жылы 27 наурызда Жамбыл облысы, бұрынғы Луговой ауданы, Мақпал совхозында дүниеге келдім. Ұлтым – қазақ.
1989-1993 жылдары Абай атындағы педагогикалық училищесінде оқып, «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығын алдым.
2002-2005 жылдары Тараз қаласындағы жоғары оқу орнында білімімді жалғастырып, «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша жоғары білім алдым.
Еңбек жолымды 1993 жылы Жамбыл қаласы, №48 Т.Рысқұлов атындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі ретінде бастадым. 2001-2017 жылдар аралығында Байзақ ауданы, Сеңкібай ауылы, Еңбек бастауыш мектебінде бастауыш сынып мұғалім, 2017-2022 жылдар арлығында Еңбек бастауыш мектебінде мектеп меңгерушісі, 2022 жылдан бастап Еңбек орта мектебінің директоры болып жұмыс жасаймын.
Отбасылымын.
Білім беру саласында отыз жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан маман ретінде ауыл мектебінің тыныс-тіршілігімен, ұстаздар мен оқушылардың мәселелерімен жақсы таныспын. Мұғалімдік қызметтен бастап мектеп басшылығына дейінгі еңбек жолымда білім сапасын арттыру, педагогикалық ұжымның жұмысын үйлестіру және жас ұрпақтың тәрбиесіне үлес қосу бағытында тәжірибе жинақтадым. Осы жылдар ішінде ауыл мектебінің дамуы мен оның материалдық-техникалық жағдайын жақсартудың маңыздылығына көз жеткіздім. Жинақтаған тәжірибемді енді ауылдық округтің қоғамдық және әлеуметтік мәселелерін шешуге бағыттағым келеді.
Басты мақсатым – Мырзатай ауылдық округінің дамуына үлес қосу, білім сапасын арттыру және тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсарту.
Негізгі басымдықтарым:
Сапалы білім: мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, оқушылардың білім сапасын арттыруға және ұстаздардың кәсіби дамуына қолдау көрсету.
Білім беру жүйесінің дамуы тек оқушылардың үлгерімімен ғана өлшенбейді. Ол үшін мектептегі оқу-тәрбие жұмысының сапасын жетілдірумен қатар, мұғалімдердің шығармашылық ізденісіне, кәсіби өсуіне және жаңа педагогикалық технологияларды меңгеруіне мүмкіндік жасау қажет. Сонымен бірге ауыл мектептеріндегі білім беру жағдайын жақсарту, оқушылардың ғылыми жобаларға, пәндік олимпиадалар мен түрлі шығармашылық байқауларға қатысуын қолдау маңызды. Әр баланың қабілетін ашуға жағдай жасау арқылы олардың болашақта бәсекеге қабілетті, білімді әрі жауапты азамат болып қалыптасуына ықпал етуге болады.
Ауыл инфрақұрылымы:
Жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, ауыз су мәселелерін шешуге ықпал ету.
Ауыл тұрғындарының жайлы өмір сүруі үшін әлеуметтік нысандардың қолжетімділігі мен қоғамдық ортаның қолайлы болуы маңызды. Әсіресе мектеп, мәдениет үйі, спорт нысандары мен басқа да қоғамдық орындардың жағдайын жақсарту мәселелеріне назар аудару қажет. Ауыл көшелерінің тазалығы, көгалдандыру жұмыстары, қоғамдық орындарды күтіп ұстау және тұрғындарға қолайлы демалыс ортасын қалыптастыру да елді мекеннің көркеюіне ықпал етеді. Осы бағыттағы ұсыныстарды тиісті мекемелерге жеткізіп, олардың кезең-кезеңімен жүзеге асуына атсалысу маңызды деп санаймын.
Жастар болашағы:
Жастардың сапалы білім алуына, спортпен айналысуына және бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау.
Жастар – ауылдың ертеңі, елдің болашағы. Сондықтан олардың сапалы білім алуымен қатар, қоғамдық өмірге белсенді араласуына, өз қабілеттері мен қызығушылықтарын дамытуына мүмкіндік берілуі тиіс. Ауыл жастарының спорттық, мәдени және зияткерлік бағыттағы іс-шараларға қатысуын кеңейту, түрлі үйірмелер мен секциялардың жұмысын қолдау маңызды. Сонымен қатар мектеп бітіруші түлектерге мамандық таңдауда бағыт-бағдар беріп, олардың болашақ кәсіби жолын дұрыс қалыптастыруына көмектесетін бастамаларды қолдау қажет. .
Әлеуметтік қолдау:
Көпбалалы отбасыларға, ардагерлерге және әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету мәселелерін көтеру.
Қоғамның дамуы әрбір азаматтың әлеуметтік жағдайына және өз мүмкіндігін жүзеге асыруына жасалған жағдаймен тығыз байланысты. Осы ретте ауылдағы аға буын өкілдерінің өмірлік тәжірибесін бағалап, ардагерлерге құрмет көрсету, олардың қоғамдық өмірге араласуына мүмкіндік жасау маңызды. Сонымен қатар тұрмысы төмен отбасылардың мәселелерін назарға алып, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға көмек көрсету бастамаларын қолдау қажет. Қоғамдағы өзара түсіністік пен қайырымдылықты нығайту, тұрғындар арасында бірлік пен ынтымақтастықты қалыптастыру – ауылдың әлеуметтік дамуына негіз болатын құндылықтар.
Тұрғындармен тұрақты байланыс:
Ауыл тұрғындарының ұсыныстары мен өтініштерін тыңдап, өзекті мәселелердің шешілуіне депутаттық ықпал ету.
Мектеп басшысы ретінде кез келген мәселені жан-жақты қарастырып, ортақ шешім қабылдаудың маңызын жақсы түсінемін. Сондықтан тұрғындармен бірлесе әрекет етіп, елдімекеннің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған ұсыныстарды қолдауға дайынмын.
Ұстанымым:
Әрбір тұрғынның пікірі маңызды. Ауылдың дамуы – ортақ міндет. Халық сенімін нақты іспен ақтап, Мырзатай ауылдық округінің өркендеуіне қызмет етуге дайынмын.
Тапсырыс жасаған тұлға: №4 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Байзақ аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Айтолкын Чарипжановна Мазболдиева.
Қандай қаражат ақысынан төленген:
Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстар есебінен төленді.