Мадимаров Мырзагали Койбагаровичтың сайлауалды бағдарламасы

0 96

Байзақ Аудандық Мәслихатының Депутаттығына №1 Бірмандаттық Аумақтық  Сайлау Округі Бойынша “Әділет” Партиясынан  Ұсынылған Кандидат Мадимаров Мырзагали Койбагаровичтың Сайлауалды Бағдарламасы

«Ауылдың әр мәселесі – ортақ жауапкершілігіміз!»

ӨМІРБАЯН

Мен, Мадимаров Мырзагали Койбагарович, 1978 жылы Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында дүниеге келдім. 1995-2001 жылдары Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясында «Емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алдым.

Еңбек жолымды 2002 жылы Байзақ аудандық ауруханасында анестезиолог-реаниматолог дәрігер болып бастадым. 2005-2016 жылдары жандандыру бөлімінің меңгерушісі, 2016-2025 жылдары аудандық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқардым.

Денсаулық сақтау саласындағы көпжылдық тәжірибем маған адам мәселесіне бейжай қарамаудың, жауапкершілікпен жұмыс істеудің маңызын үйретті.

Отбасылымын, алты баланың әкесімін.

ҚҰРМЕТТІ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ!

Ауылдың тіршілігі бәрімізге жақын. Көшеміз жарық, егінімізге су жеткілікті, малымызға жайылым қолжетімді, балаларымыз бен үлкендерімізге қолайлы жағдай болса дейміз. Түймекент ауылдық округінің тұрғындарын толғандыратын осы мәселелерді аудандық мәслихат деңгейінде көтеріп, олардың қаралуын қадағалауға күш салуды мақсат етемін.

Депутат барлық жұмысты өзі атқармайды. Бірақ тұрғындардың сөзін тиісті мекемелерге жеткізіп, бюджет пен жоспарларды талқылауға қатысып, нақты жауап сұрай алады. Сондықтан орындалуы белгісіз уәде бермей, мәселенің шешілу жолын бірлесе іздеуді маңызды санаймын.

 Дәрігерлік қызмет барысында тұрғындардың денсаулығына қатысты мәселелермен қатар, ауылдық жерлердегі медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасының маңызын терең түсіндім. Жинақтаған тәжірибемді ел игілігіне жұмсап, әлеуметтік маңызы бар бастамалардың жүзеге асуына үлес қосуды көздеймін.

НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫМ

  1. Көшелерді жарықтандыру

Кешкі уақытта балаларымыз бен үлкендеріміздің қауіпсіз жүруі үшін жарығы жоқ көшелерді анықтау, істемей тұрған шамдарды жөндеу және қажетті жерлерге жаңа жарық орнату мәселесін көтеремін. Әсіресе мектепке, балабақшаға және медициналық мекемеге апаратын жолдарға назар аударуды ұсынамын.

  1. Ағын су мәселесін шешу

 Егін мен бау-бақшаға су уақытында келуі-ауылдағы әр отбасының еңбегіне қатысты мәселе. Арықтар мен каналдарды суару маусымына дейін тазалау, жөндеуді қажет ететін жерлерді қалпына келтіру және судың әділ бөлінуі жөніндегі ұсыныстарды жауапты мекемелерге жеткіземін.

Сонымен қатар су тапшылығының алдын алу, суару жүйелерін тиімді пайдалану және шаруалардың ұсыныстарын ескеру мәселелеріне де назар аудару қажет. Өйткені ауыл шаруашылығының дамуы мен тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі су ресурстарының қолжетімділігіне тікелей байланысты.

  1. Жайылымдық жерлердің қолжетімділігі

Мал ұстаған отбасыға жайылым қажет. Ауыл тұрғындарының мал басына қажетті жер көлемін анықтау, пайдаланылмай жатқан жерлерді заңға сәйкес айналымға қайтару мүмкіндігін қарастыру, мал жаятын жолдар мен суаттарға қатысты мәселелерді көтеруге атсалысамын.

  1. Ауыл зиратын қоршау және абаттандыру

Ата-бабаларымыз жатқан зиратты күтіп ұстау-ортақ парызымыз. Зираттың қоршауын ретке келтіру, малдың кіріп кетуіне жол бермеу, айналасын тазалау және кіреберіс жолын жақсарту үшін қажетті жұмыстар мен қаржыландыру мәселесін көтеремін.

  1. Мәдениет үйін жөндеу

Мәдениет үйі-ауылдың бас қосатын, балалар мен жастар өнерін көрсететін орны. Ғимараттың шатырын, жылу және жарық жүйелерін, сахнасы мен ішкі бөлмелерін жөндеу, қажетті жабдықтарды жаңарту мәселелерін тиісті жоспарларға енгізуге ықпал етемін.

Сонымен қатар ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың спорттық және шығармашылық қабілеттерін дамытуға жағдай жасау маңызды. Осы бағытта спорт алаңдары мен демалыс орындарын абаттандыруды қолдаймын.

  1. Халықпен тұрақты байланыс

Ауылдың мәселесін ең жақсы білетін-тұрғындардың өзі. Ұсыныстар мен өтініштерді тыңдау, оларды тиісті мекемелерге жеткізу, қажет болғанда депутаттық сауал жолдау және қаралу нәтижесі туралы халыққа ақпарат беру жұмысын маңызды деп санаймын.

Әсіресе әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың, көпбалалы аналардың, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өтініштеріне ерекше көңіл бөлуді маңызды санаймын. Олардың мәселелерін тиісті орындарда көтеріп, қолданыстағы мүмкіндіктер аясында шешілуіне ықпал етуге күш саламын.

ҚҰРМЕТТІ ЖЕРЛЕСТЕР!

Ауылдың ертеңі-бәрімізге ортақ. Көше жарығы, ағын су, жайылым, зират, мәдениет үйі мен медицина, қоршаған ортаның тазалығы, жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері-қағаздағы жай тармақтар емес, әр үйдің күнделікті тіршілігіне қатысты қажеттіліктер. Оларды шешу үшін нақты жоспар, қаржы және жауапты мекемелердің бірлескен жұмысы керек.

Тұрғындардың ұсынысын тыңдап, көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмауына және қаралу барысының ашық болуына күш саламын.

Елдің қуаты — бірлікте. Бірлігі  мен тірлігі жарасқан, татулығы мығым елдің ертеңі жарқын болады.

Тапсырыс жасаған тұлға: №1 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Байзақ аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Мырзагали Койбагарович Мадимаров.

Қандай қаражат ақысынан төленген: Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстар есебінен төленді.