БІЗДІҢ ӨНІМГЕ СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

0 42

Өткен сенбі, жексенбі күндері Нұр-Сұлтан қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәр­меңкесі өтті. Оған «Жамбыл жерінен-Нұр-Сұлтан төріне» атты азық-түлік тиелген автокеруен аттанған болатын.

Өңіраралық ынтымақ­тастықты арттыруға бағытталған шараға Талас ауданының кәсіпкерлері де өз үлестерін қос­ты. Атап айтсақ, 1,5 тонна қой, 1 тонна сиыр, 500  келі жылқы етімен қатар, 200 келі құрт-ірімшік, 300 литр сүт өнімдері жеткізілді. Жәрмеңкеге аудандағы «Құлтай-Шахан», «Дүйсенбі», жә­не өзге шаруа қожалықтары­ның өнімдері қойылды.

— Тауарларымыз нарық баға­сынан 15-20 пайызға төмен саудаланды. Елорда тұрғын­да­рының біздің сапалы, табиғи таза өнімдерімізге сұранысы жоғары болды. Сенбі, жексенбі күндері ұйым­дас­­тырылған жәр­мең­кеде өнімдерімізді жақсы өткіздік,-дей­ді  аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру — инспекторлық бөлі­мі­нің бас инспекторы Медет Үрістенов.

Жалпы, аудандағы кәсіп­керлер Тараз қаласында ұйымдас­тырылатын ауыл шаруа­шылық өнімдерінің жәрмеңкесіне де тұрақты қатысып, өнімдерін жер­гілікті тұрғындарға ұсынуда. Мұнда да тұтынушылардың таластық өнім­дерге деген сұранысы жоғары.

Aulieatanews, Талас ауданы.