Келимбетова Акмарал Жумадиловнаның сайлауалды бағдарламасы

0 16

Байзақ Аудандық Мәслихатының Депутаттығына №17 Бірмандаттық Аумақтық Сайлау Округі Бойынша Өзін-Өзі Ұсынған Кандидат Келимбетова Акмарал Жумадиловнаның Сайлауалды Бағдарламасы

ӨМІРБАЯН

Мен, Келимбетова Акмарал Жумадиловна, 1984 жылғы 26 маусымда Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Шайқорық ауылында дүниеге келдім. Қазіргі таңда Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында тұрамын.

Білімім — жоғары. 2022 жылы М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Көркем еңбек және сызу мұғалімдерін даярлау» мамандығы бойынша білім алдым.

2013 жылы Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Бурыл ауылындағы «Бәйтерек» балабақшасында бейнелеу өнері жетекшісі болып қызмет атқардым.

2023 жылдан бастап Байзақ ауданы, Бурыл ауылындағы №6 орта мектебінде көркем еңбек пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарамын.

Педагогикалық қызметімде оқушыларға сапалы білім беруге, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға және саналы мамандық таңдауына қолдау көрсетуге басымдық беремін. Жас ұрпақты адамгершілікке, отансүйгіштікке, адалдық пен еңбекқорлыққа тәрбиелеуді негізгі міндетім деп санаймын. Кәсіби білімім мен біліктілігімді үнемі жетілдіруге мән беремін.

Отбасылымын, үш  баланың  анасымын.

АУЫЛДЫҢ ДАМУЫ – ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ!

Мақсатым – Үлгілі және Қостөбе ауылдық округтерінің дамуына үлес қосып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға атсалысу.

БАСЫМ БАҒЫТТАРЫМ:

— Білім сапасын арттыру, ұстаздар мен оқушыларды қолдау.

Білім беру саласындағы басты міндеттердің бірі – өскелең ұрпақтың сапалы білім алуымен қатар, олардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту. Осы бағытта мектептердегі үйірмелер жұмысын жандандыруға, оқушылардың өнерге, қолөнерге және түрлі шығармашылық бағыттарға қызығушылығын арттыруға қолдау көрсетуді көздеймін. Сонымен қатар жас мамандардың кәсіби қалыптасуына жағдай жасау мәселесін де назардан тыс қалдырмаймын.

— Жол, ауыз су және көше жарығы мәселелерін шешуге ықпал ету.

Ауылдық округтердегі инфрақұрылым мәселелері тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Осыған байланысты ауылішілік жолдардың сапасын жақсарту, жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасау, қоғамдық орындарды ретке келтіру және инженерлік желілердің тұрақты жұмыс істеуі мәселелерін назарда ұстаймын. Көтерілген мәселелердің шешілуі үшін тиісті мемлекеттік органдар мен жауапты мекемелерге ұсыныстар жолдап, олардың орындалу барысын бақылауға атсалысамын.

— Жастардың спорттық және шығармашылық дамуына жағдай жасау.

 Ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру – олардың тұлғалық қалыптасуына ықпал ететін маңызды бағыт. Осы орайда ауылдық жерлерде мәдени-көпшілік шараларды, шығармашылық байқаулар мен спорттық жарыстарды жиі ұйымдастыруға бастамашы боламын. Жастардың талантын танытуға және өз қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беретін жобаларды қолдауға күш саламын.

—  Әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға назар аудару.

Әлеуметтік мәселелерді шешуде әрбір отбасының жағдайын ескеріп, көмекке мұқтаж азаматтардың өтініштеріне бейжай қарамау қажет. Әсіресе көпбалалы отбасылардың, жалғызбасты ата-аналардың және әлеуметтік осал топтардың мәселелерін тиісті орындар алдында көтеріп, қолданыстағы қолдау шараларына қол жеткізуіне ықпал етемін.

Сонымен қатар ауылдық округтердегі әйелдердің қоғамдық өмірге араласуына, олардың әлеуметтік және кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге қолдау көрсетуді маңызды санаймын. Әйелдер мен жастардың бастамаларын жүзеге асыруға жағдай жасау, олардың ұсыныстарын ортаға салып, пайдалы жобаларға қатысуына ықпал ету – ауылдың дамуына серпін беретін бағыттардың бірі. Әрбір тұрғынның қоғам өмірінде өз орнын табуына мүмкіндік жасауға атсалысамын.

— Ауылдарды абаттандыру және көгалдандыру.

Ауылдың көркі мен тазалығы – ондағы тұрғындардың ортақ жауапкершілігі. Сондықтан қоғамдық орындардың жай-күйін жақсарту, жасыл желек санын көбейту, санитарлық тазалықты сақтау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы бастамаларды қолдаймын. Ауыл аумағын көркейту жұмыстарына тұрғындарды, жастарды және қоғамдық ұйымдарды жұмылдыруды маңызды деп санаймын.

Ауылдың өркендеуі тек инфрақұрылымдық жұмыстармен шектелмей, тұрғындардың қоғамдық өмірге белсенді араласуымен де тығыз байланысты. Осы мақсатта ауыл тұрғындарының ортақ іске деген жауапкершілігін арттыратын сенбіліктер, қайырымдылық шаралары мен қоғамдық бастамаларды қолдауды жөн санаймын. Әсіресе, өскелең ұрпаққа туған жерді құрметтеу, қоршаған ортаны қорғау және қоғамдық мүлікке ұқыптылықпен қарау құндылықтарын насихаттауға мән беремін.

Тұрғындардың ұсыныс-пікірін ескеріп, ауыл игілігі жолындағы жұмыстарға белсенді атсалысу — басты ұстанымым.

Халықпен тұрақты байланыс орнату-нәтижелі депутаттық қызметтің негізгі өлшемдерінің бірі. Сондықтан тұрғындармен ашық кездесулер өткізіп, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдауға, әрбір мәселенің шешілу жолдарын бірлесе қарастыруға басымдық беремін. Депутаттық қызмет барысында көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмауына және олардың заң аясында шешімін табуына күш саламын.

Ауылдың дамуы-тұтас мемлекеттің дамуы, ал ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту-ел болашағына жасалған маңызды инвестиция.

Тапсырыс жасаған тұлға: №17 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Байзақ аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Акмарал Жумадиловна Келимбетова.

Қандай қаражат ақысынан төленген:

Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстар есебінен төленді.