Каримбаев Бекнур Амировичтың сайлауалды бағдарламасы

0 15

Байзақ Аудандық Мәслихатының Депутаттығына №3 Бірмандаттық  Аумақтық  Сайлау Округі Бойынша “Әділет” Партиясынан  Ұсынылған Кандидат Каримбаев Бекнур Амировичтың Сайлауалды Бағдарламасы

«Ауылдың мәселесі-менің де мәселем!»

Мен,  Каримбаев Бекнур Амирович, 1988 жылғы 14 қыркүйекте дүниеге келдім. Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Аққия ауылынанмын. Жоғары білімді заңгермін, ҚазАТиСО оқу орнын тәмамдадым.

2011-2015 жылдары «Baur Kazakhstan» АҚ директорының орынбасары, 2015-2021 жылдары «Asyl Логистикс» ЖШС директоры, 2021-2023 жылдары «South holiday» ЖШС директоры қызметтерін атқардым. 2023 жылдан бастап «Промингрупп» ЖШС директоры болып еңбек етемін. 2018 жылдан бері «Жетібай» шаруа қожалығын басқарамын.

Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы салаларында жинаған тәжірибем жобаларды ұйымдастыруға, жұмыс орындарын ашуға және ауыл экономикасын дамытуға бағытталған. Қоғамдық жұмыстарға атсалысып, оқушыларға, көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қайырымдылық қолдау көрсетіп келемін.

Кәсіпкер ретінде өндірістік және ұйымдастырушылық жұмыстардың қыр-сырын меңгеріп, кез келген істің нәтижесі нақты жоспар мен жауапкершілікке байланысты екенін түсіндім. Әсіресе, ауыл шаруашылығында еңбек ете жүріп, жергілікті шаруалардың маусымдық жұмыстар кезінде кездесетін қиындықтарын, ауыл экономикасының тұрақты дамуы үшін қолайлы жағдайдың қаншалықты маңызды екенін тәжірибе жүзінде көріп келемін.

Отбасылымын, төрт бала тәрбиелеп отырмын.

ҚҰРМЕТТІ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ!

Мен үшін депутаттық — атақ немесе мәртебе емес, халықтың сенімін ақтау жолындағы үлкен жауапкершілік. Ауылда туып-өскен азамат ретінде ауыл тұрғындарының күнделікті тұрмыста кездесетін қиындықтарын жақсы түсінемін. Әрбір мәселенің шешімін табуға жергілікті атқарушы органдармен, жауапты мекемелермен және тұрғындармен бірлесе отырып атсалысуға дайынмын.

Заңгерлік білімімді, кәсіпкерлік және басқарушылық тәжірибемді ауылдардың дамуына, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға жұмсауды мақсат етемін. Орындай алмайтын уәде бермеймін; көтерілген мәселені құзырлы органдарға жеткізіп, оның қаралуы мен орындалуын бақылауға күш саламын.

НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫМ

  1. Ауыл инфрақұрылымы

Ауылішілік жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, ауыз су жүйелерінің тұрақты жұмыс істеуі, электр желілерінің сапасы, жаяу жүргіншілер жолдары мен қоғамдық орындарды абаттандыру мәселелерін көтеріп, тиісті жоспарлар мен бюджетке енгізілуіне ықпал етемін.

  1. Ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік

Шаруа қожалықтарының ағын су, техника, қаржыландыру, субсидия және өнім өткізуге қатысты мәселелерін тиісті органдар алдында көтеремін. Мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы ақпараттың ауыл кәсіпкерлеріне қолжетімді болуына және жаңа бастамалардың жүзеге асуына атсалысамын.

Ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерліктің дамуы өзара тығыз байланысты. Жергілікті жерде өндірілген өнімнің өңделуі мен өткізілуіне мүмкіндік туғызу, ауыл кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланысты дамыту және жаңа жобаларға инвестиция тарту елдімекендердің экономикалық әлеуетін арттыра алады. Осы бағыттағы тиімді ұсыныстарды зерделеп, ауыл тұрғындарының табыс табуына мүмкіндік беретін бастамалардың қолдау табуына атсалысуды көздеймін.

  1. Жұмыспен қамту және жастар

Жастардың кәсіп меңгеруіне, жұмысқа орналасуына, шағын бизнес ашуына және спортпен, шығармашылықпен айналысуына жағдай жасау бастамаларын қолдаймын. Жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп жаңа жұмыс орындарын қалыптастыру мүмкіндіктерін қарастырамын.

  1. Білім, мәдениет және спорт

Мектептердің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту, балалар алаңдарын, спорт нысандарын, мәдени демалыс орындарын дамыту мәселелерін назарда ұстаймын. Оқушылар мен талантты жастарға қолдау көрсету бастамаларына атсалысамын.

  1. Әлеуметтік қолдау

Көпбалалы отбасылардың, қарттардың, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың және әлеуметтік тұрғыдан осал тұрғындардың өтініштерін назарға алып, заңда көзделген көмек пен қызметтердің қолжетімді болуына ықпал етемін. Қайырымдылық және демеушілік бастамаларды жалғастыруға ниеттімін.

  1. Ашықтық және халықпен тұрақты байланыс

Тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіп, ұсыныстар мен шағымдарды тыңдаймын. Әр мәселе бойынша жауапты мекемелерге депутаттық сауал жолдау және мәселенің шешілу барысы туралы халыққа ақпарат беру тетіктерін пайдаланамын. Ауыл тұрғындарының пікірі шешім қабылдауда ескерілуіне күш саламын.

ҚҰРМЕТТІ САЙЛАУШЫЛАР!

Ауылдың болашағы-баршамызға ортақ жауапкершілік. Менің мақсатым- тұрғындардың сеніміне сүйеніп, ауылдағы өзекті мәселелердің шешілуіне нақты іспен үлес қосу. Халықтың ұсынысын тыңдап, қолымнан келгенше қолдау көрсетіп, әрбір маңызды мәселені назардан тыс қалдырмауға ұмтыламын.

БІРЛІГІМІЗМЫҚТЫ БОЛСА — АУЫЛЫМЫЗДЫҢ БОЛАШАҒЫ.

Тапсырыс жасаған тұлға: №3 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Байзақ аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Бекнур Амирович Каримбаев.

Қандай қаражат ақысынан төленген:

Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстар есебінен төленді.