Журналистердің ынтымағын нығайтқан дода
Журналистер күні қарсаңында Тараз қаласында жылдағы қалыптасқан дәстүрден жаңылмаған бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бильярд турнирінде бас қосты. Атап өтерлігі, биылға тастаяқ белгілі журналист, қоғам қайраткері әрі «Jambyl» телеарнасының негізін қалаушылардың бірі – Мұса Рахманбердиевке арналды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Журналистер қауымының басын қосқан спорттық іс-шара жылдағы дәстүрге сай жоғары деңгейде өтіп, әріптестер арасындағы ынтымақ пен сыйластықты одан әрі нығайтты. Турнирде журналистер өзара шеберліктерін сынға салды. Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай екі топқа бөлініп, тартысты бәсекеде үздіктер анықталды.
Жастар арасында өткен сайыста Ерғали Қартайған қарсыластарына дес бермей, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Екінші орынды Серік Тәжібаев иеленсе, Берік Жакулаев үздік үштікті түйіндеді.
Ал ардагер журналистер арасындағы додада Құрманғазы Демешов жеңімпаз атанды. Көсемәлі Сәттібайұлы күміс жүлдеге қол жеткізсе, Ғалым Қасабай үшінші орынға тұрақтады.
Сондай-ақ жарыс барысында ерекше ойын өрнегін көрсеткен Бақытжан Советұлы, Жасұлан Әбдіхалық және Тимур Сейілхан арнайы ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Жылда кәсіби мереке қарсаңында ұйымдастырылатын бұл турнир тек спорттық бәсеке ғана емес, сонымен қатар әртүрлі ақпарат құралдарында еңбек ететін журналистердің кәсіби байланысын бекемдеп, өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретін ортаға айналып келеді. Он тоғыз жылдан бері үзілмей жалғасып келе жатқан бұл игі дәстүр биыл да журналистердің басын қосып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасындағы достық пен әріптестік байланыстың нығая түсуіне өз үлесін қосты.