Тұрсыналы Тоғжан Тұрсыналықызының сайлауалды бағдарламасы
МЕРКІ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ ДЕПУТАТТЫҒЫНА
№7 БІР МАНДАТТЫҚ САЙЛАУ ОКРУГІ БОЙЫНША КАНДИДАТ
ТҰРСЫНАЛЫ ТОҒЖАН ТҰРСЫНАЛЫҚЫЗЫНЫҢ
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
ӨМІРБАЯН
Мен, Тұрсыналы Тоғжан Тұрсыналықызы, 1980 жылғы 4 тамызда дүниеге келдім. 1997 жылы №44 орта мектепті бітіріп, 2001 жылы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің құқықтану факультетін тәмамдадым. 2014 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Есеп және аудит» мамандығы бойынша экономика және бизнес бакалавры дәрежесін алдым.
Еңбек жолымды 2001 жылы Меркі аудандық еңбек, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасында бас маман болып бастадым. 2005 жылы аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде бөлімше басшысы, 2005-2019 жылдары бөлім басшысының орынбасары, 2019-2025 жылдары бөлім басшысы қызметтерін атқардым.
2025 жылғы 11 наурыздан 2026 жылғы 19 қазанға дейін Меркі ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімін басқардым. 2026 жылғы қазаннан бері Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Меркі аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығы» КММ-нің директоры болып еңбек етіп келемін. Әлеуметтік қорғау және мемлекеттік басқару салаларындағы еңбек өтілім – 25 жыл.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА
Құрметті сайлаушылар!
Азаматтарымыздың өмір сүру жағдайын қалыптастыру, әлеуметтік қолдаудың қолжетімділігін арттыру және тұрғындардың ұсыныстарын шешім қабылдау деңгейіне жеткізу – мен үшін маңызды міндеттер. Депутат болып сайланған жағдайда, өз тәжірибеме сүйеніп, төмендегі алты бағыт бойынша өкілеттігім шеңберінде жұмыс жүргізуді көздеймін.
- Әлеуметтік қорғау және халықтың әл-ауқаты. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғызілікті қарттарға, ардагерлерге және әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарға көрсетілетін көмектің қолжетімділігін арттыруға ықпал етемін. Әлеуметтік қызметтердің сапасы мен атаулы көмектің заңды әрі әділ көрсетілуіне назар аударамын.
- Ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау. Мүгедектігі бар балалардың оңалту және бейімдеу қызметтеріне қолжетімділігін кеңейту, оңалту мекемелерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелерін көтеремін. Кедергісіз орта қалыптастыруды, инклюзивті білім беру мен отбасыларға кеңес беру қызметтерін қолдаймын.
- Жұмыспен қамту және кәсіпкерлік. Ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту, кәсіптік оқыту мен қайта даярлау, жастардың алғашқы жұмысқа орналасуы бойынша бастамаларды қолдаймын. Шағын кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы жобаларына мемлекеттік қолдау тетіктерінің қолжетімділігін арттыруға атсалысамын.
- Білім, жастар және отбасы. Мектептер мен балабақшалардың жағдайын жақсарту, балаларға қауіпсіз орта қалыптастыру, спорт және ойын алаңдарын дамыту мәселелерін көтеремін. Жастардың кәсіби дамуына, отбасылық құндылықтарды нығайтуға және қоғамдық бастамаларға қатысуына жағдай жасауға ықпал етемін.
- Ауыл инфрақұрылымы және медициналық қызмет. Ауылішілік жолдарды жөндеу, ауызсу, электр, газ желілерін жаңғырту, көшелерді жарықтандыру мен тротуар салу жобаларын тиісті жоспарларға енгізуге атсалысамын. Шалғай ауылдарда медициналық қызметтің қолжетімділігін жақсарту мәселелерін көтеремін.
- Ашықтық және депутаттық бақылау. Тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіп, өзекті мәселелер бойынша депутаттық сауалдар жолдаймын. Басым жобалардың бюджетте қаралуына ықпал етіп, қаражаттың мақсатты жұмсалуын және жұмыстардың сапасын бақылауға, атқарылған іс туралы есеп беруге мән беремін.
Мақсатым – Меркі ауданы тұрғындарының мүддесін білдіріп, нақты мәселелердің кезең-кезеңімен шешілуіне ықпал ету.
Құрметпен, Тоғжан Тұрсыналы!
Меркі аудандық мәслихаты депутаттығына кандидат Т.Тұрсыналының сайлау қорының қаражатынан төленді.