Журналистердің Меркіде мерекелік басқосуы баспасөздің бүгіні мен ертеңі талқыланды

0 106

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «Салық тәртібі» ЖШС-не қарасты республикалық «Салық тәртібі», облыстық «Әулиеата», аудандық «Меркі тынысы», «Талас тынысы», «Мойынқұм таңы» газеттері мен «Аulieatanews.kz» ақпараттық сайтының ұжымы Меркі ауданындағы «Тау Парк» демалыс аймағында бас қосты, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Таза ауа, тұмса табиғат аясында өткен кездесудің мақсаты – әріптестер арасындағы байланысты нығайтып, тәжірибе алмасу. Сонымен қатар бүгінгі журналистиканың бағыты, баспасөздің жаңа талаптарға бейімделуі және саланы дамыту жолдары сөз болды.

Жиынды «Салық тәртібі» ЖШС Бас редакторлар кеңесінің төрағасы Ғалым Қасабай ашып, әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады. Ол журналистердің қоғамдағы орнына тоқталып, жыл бойы аянбай еңбек еткен қалам иелеріне алғысын білдірді. Мереке иелеріне арнайы сый-сияпаттар табыс етті.

Басқосуда Қуаныш Иембердиев, Дүйсен Молдағұлов, Әлихан Нұралиев және өзге де редакторлар мен журналистер сөз алып, баспасөздің бүгінгі беталысы, оқырман сұранысы және шығармашылық ізденістер туралы ойларын ортаға салды.

Журналистер газет жұмысының сапасын арттыру, жаңа жобаларды қолға алу және цифрлық ақпарат кеңістігінде оқырманмен байланысты күшейту жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Еркін форматта өткен кездесу мазмұнды пікір алмасуға ұласты.

Мерекелік жиын соңында әріптестер естелік суретке түсіп, бейресми жағдайда әңгіме өрбітті. Мұндай кездесулер ұжымдар арасындағы ынтымақтастықты арттырып, тәжірибе алмасуға жаңа мүмкіндік беретіні сөзсіз.