Жер реформалары мен даулары туралы

0 21

Қазақта «жер дауы мен жесір дауы бітпейді» деуші еді. Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 30 жыл болса да, әлі күнге дейін жерге қатысты шешілмей келе жатқан мәселе көп. Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жер заңнамаларын жетілдіру мақсатында құрылған жер реформасы жөніндегі комиссия ауылшаруашылық жерлерін сатуға қатысты мәселені қарастырған, 25 наурызда Нұр-Сұлтанда жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті. Онда 2016 жылы Жер кодексіне енгізілген мораторий шарттары, ауылшаруашылығы жерлерін жалға алу құқығын алып тастай отырып, қазақстандықтарға жеке меншікке беру, жер пайдаланушылардың  ауылшаруашылығы жерлерін мемлекеттен сатып алмай иеліктен шығару сияқты шешілмеген бірқатар мәселелер де талқыланды.

Сонымен қатар Сенат отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады. Жер мәселесі – қоғамда қызу талқыланып жатқан көкейкесті проб­лемалардың бірі. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халық сөзіне құлақ асып, аталған мәселені шешудің нақты жолын ұсынды. Атап айтқанда Мемлекет басшысы өзінің заң шығаруға бастамашы болу құқығын пайдаланып, ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге тыйым салатын заң жобасын Парламенттің қарауына жолдады.

Парламенттің екі палатасы да бұл құжат бойынша ауқымды жұмыс атқарып, оны жан-жақты қарады. Заң жобасын талқылауға жұртшылық, сарапшылар және ғалымдар да белсене қатысты.

Сонымен қатар осы заң жобасында егер меншік иесі болып табылатын тұлғаның Қазақстан азаматтығы тоқтатылған немесе Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына шетелдіктер мүше болған жағдайда ауылшаруашылығы жерлерін иеліктен шығару рәсімі де қарастырылған.

Жоғарыда аталғандар бойынша, ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге тыйым салатын мораторий мерзімі тағы да 5 жылға ұзартылды. Комиссияның шешімі бойынша, зерттелетін мәселелер де көп.

«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» Жамбыл облысы филиалының Тараз қалалық тіркеу және жер кадастры бөлімінде де «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жан-жақты зерделеніп, бөлім қызметкерлеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Өйткені Тараз қалалық тіркеу және жер кадастры бөлімімен осы мәселелер бойынша бірнеше мемлекеттік қызмет рәсімделеді.

Тараз қалалық тіркеу және жер кадастры бөлімі мен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бірлесіп ұйымдастыруымен жер туралы отырыстар өткізіледі, отырыста Жер кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар талқыланып, түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.

 

М. МЫЛТЫҚБАЙ,

«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы»

Жамбыл облысы филиалының

Тараз қалалық тіркеу және жер кадастры

бөлімінің басшысы.