ТАРТЫСҚА ТОЛЫ САЙЫС

0 22

Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде мектеп-лицей және «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдас­тыруымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Біз отбасымен біргеміз» атты отбасылық сайыс өткізілді.

Жалпы, орта мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарын қамтитын спорттық бәсеке осымен бесінші рет қолға алынып отыр. Шараның ашылу салтанатында сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Мақсат Қазанғапов, «Жастар ресурстық орталығының» директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Нұрсұлтан Манатбеков, «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кә­сіподағы» қоғамдық бірлестігінің Талас аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Мадиярбек Мірәлиев жастарды спортпен айналысуға шақырып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Аудандық деңгейдегі жарысқа ауыл-аймақтармен қатар, қала мектептерінен 7 отбасылық команда қатысты. Бақ сынайтын командаларды көрерменге таныстырған сайыстың тұрақты жүргізушісі мектеп — лицейдің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Әлия Байкулова жарыстың шарттарын түсіндірді. Бәсі басым бәсеке «Желаяқтар», «Секіру», «Теңбіл доп», «Кім епті?», «Кім жылдам?», «Арқан тарту» сынды кезеңдерді қамтыды. Талапқа сәйкес отбасының төрт мүшесі шапшаңдық пен ептілікті қажет ететін осы кезеңдер бойынша өзара мықтыны анықтады.

Тартысқа түскен командалар құра­мының тыңғылықты дайындықтары мен жеңіске деген ұмтылыстары жоғары болғандықтан, ең үздік отбасыларын анықтау оңайға түскен жоқ. Сайыстың әр кезеңінің шарты өзінше  қиындығымен жә­не қызығымен ерекшеленді. Дегенмен, көбірек ұпай олжалаған отбасылар іріктеліп, таңдалған бірнеше кезең бойынша қайта сынға түсті.

Сайыс қорытындысы бойынша қазылар шешімімен М.Әуезов атындағы орта мектептің намысын қорғаған Жолдасовтар отбасы 1-орынды иеленсе, жарыстың соңғы кезеңіне дейін қайсарлық танытқан мектеп — лицейдің Серғараевтар от­басына 2-орын бұйырды. Ал, үздік үштікті №1 мектеп-лицейдің атынан шыққан Умашовтар отбасы түйіндеді.

Тұғыр биігінен көрінген отбасыларға ұйымдастырушылар тара­пынан дайындаған арнайы жүл­делер мен Алғыс хаттар табыс етілді. Сондай-ақ, жердің шалғайлығына қа­рамастан қатысып,  сайыс көрігін қыз­дыруға  үлес қосқан Үшарал аймағы «Талас» негізгі мектебінің  Айбасовтар отбасына арнайы жүлде берілді.

Aulieatanews, Талас ауданы.