Таразда рейд барысында түнгі сағат үште жалғыз жүрген 14 жастағы жасөспірім анықталды

0 7

Жамбыл облысының полиция қызметкерлері жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мақсатында «Түнгі қаладағы балалар» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді.

Негізгі назар кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүру фактілерін анықтауға, жасөспірімдерге алкоголь мен темекі өнімдерінің сатылуын болдырмауға, сондай-ақ балаларды заңсыз әрекеттерге тарту жағдайларының алдын алуға бағытталған.

Профилактикалық іс-шаралардың алғашқы күні полиция қызметкерлерімен 114 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді.

Атап айтқанда, 18 маусым күні түнгі сағат үш шамасында рейд барысында полиция қызметкерлері саябақтан Жамбыл ауданы Қызылқайнар ауылының 14 жастағы тұрғынын анықтады. Белгілі болғандай, жасөспірім ата-анасының ұйықтап жатқанын пайдаланып, Тараз қаласындағы ойын-сауық орталықтарының біріне бару мақсатында өз бетінше қалаға келген.

Жасөспірімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Балаларды қолдау орталығына орналастырылды. Ата-анасына қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, отбасымен профилактикалық әңгіме жүргізілді.

Іс-шара барысында кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін төрт кәсіпкерлік субъектісі мен бес заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, балаларды тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамаудың 14, ұсақ бұзақылықтың 2 және 21 жасқа толмаған тұлғаларға алкоголь өнімдерін сатудың 2 фактісі анықталды, — деді Жамбыл облысы ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Манас Әбдікәрімов.

Жедел-профилактикалық іс-шараның алғашқы күнінің қорытындысы бойынша 11 кәмелетке толмаған жасөспірім мен алты қолайсыз отбасы профилактикалық есепке қойылды.