Жүйелі профилактика нәтижесі: Жамбыл облысында 56 ауыл алкогольден бас тартты

0 66

Жамбыл облысында қоғамдық тәртіпті нығайтуға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Арақсыз ауыл» жедел-профилактикалық іс-шарасы аяқталды.

Төрт күн бойы полиция қызметкерлері мемлекеттік органдар өкілдерімен бірлесіп, облыс аумағындағы елді мекендерде кешенді алдын алу жұмыстарын жүргізді. Ерекше назар профилактикалық есепте тұрған азаматтарға, сондай-ақ алкоголь өнімдерін заңсыз сату деректерін анықтауға және масаң күйде жасалатын құқық бұзушылықтарға тосқауыл қоюға аударылды.

Іс-шара аясында тұрғылықты мекенжайлары бойынша профилактикалық есепте тұрған 1676 азамат тексерілді. Олардың қатарында шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 268 адам, алкогольді шамадан тыс тұтынатын 477 азамат және 173 қолайсыз отбасы бар. Әрқайсысымен құқық бұзушылықтың қайталануына жол бермеу және әлеуметтік бейімделу мәселелері бойынша профилактикалық әңгімелер жүргізілді.

Рейдтік іс-шаралар барысында 167 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Полиция қызметкерлері алкоголь өнімдерін өткізу саласындағы заңнаманы бұзудың 13 дерегін анықтады. Сонымен қатар қоғамдық орындарда спирттік ішімдік ішу немесе масаң күйде жүрудің 145 дерегі тіркелді.

Профилактикалық жұмыстар барысында ішкі істер органдарының есебінде тұрған азаматтар тарапынан да заң бұзушылықтар анықталды. Жалпы саны 38 осындай дерек тіркеліп, әрбір жағдай бойынша тиісті шаралар қабылданды.

Төрт күн ішінде полиция қызметкерлері облыс тұрғындарымен 147 кездесу өткізіп, онда заң талаптары түсіндіріліп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланды.

Айта кету керек, бүгінде Жамбыл облысында 56 ауыл алкоголь өнімдерін сатудан және тұтынудан ерікті түрде бас тартқан. Мұндай ауылдардың басым бөлігі Т.Рысқұлов және Қордай аудандарында орналасқан.