Әлметов Талғат Аманқұлұлының сайлауалды бағдарламасы

0 9

МЕРКІ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТТЫҒЫНА «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНАН №9 БІР МАНДАТТЫҚ САЙЛАУ ОКРУГІ БОЙЫНША КАНДИДАТ

Әлметов Талғат Аманқұлұлының

Сайлауалды Бағдарламасы

ӨМІРБАЯН

Мен, Әлметов Талғат Аманқұлұлы, 1974 жылғы 8 қарашада Жамбыл облысы, Меркі ауданының Тәтті ауылында дүниеге келдім. 2003 жылы Алматы қаласындағы Орталық Азия университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірдім.

Еңбек жолымды 1991 жылы Алматы қаласында кәсіпкер болып бастадым. 1998-2005 жылдары «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының Тараз-Шу байланыс және белгі беру дистанциясында автоматика және телемеханика электромеханигі болып жұмыс істедім.

2005-2010 жылдары Алматы қаласындағы «Шымстрой НС» ЖШС шаруашылық бөлімінің басқарушысы, 2010-2015 жылдары директордың орынбасары қызметтерін атқардым. 2017-2025 жылдар аралығында Тәтті ауылдық округінің әкімі болып қызмет атқардым.

Бүгінгі күнге «NOVEC» құрылыс компаниясы директорының орынбасары қызметін атқарып келемін.

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА

Құрметті сайлаушылар!

Ауылдарымызды дамыту, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру – ортақ мақсатымыз. Осы мақсатта «Әділет» партиясынан №9 сайлау округі бойынша депутаттыққа кандидатурамды ұсынып отырмын. Жинақтаған тәжірибемді ел игілігіне жұмсауға ниеттім. Сіздердің сенімдеріңіз бен қолдауларыңыз мен үшін маңызды.

Депутат болып сайланған жағдайда, өкілеттігім мен бюджет мүмкіндіктері шеңберінде төмендегі мәселелердің қаралуына және кезең-кезеңімен шешілуіне ықпал етемін.

  1. Балаларға арналған ойын және спорт алаңдары

Тәтті ауылдық округіндегі Ақжол, Беларық және Қарасу ауылдарына балалар ойын алаңдарын салу мәселесін көтеремін. Тәтті ауылындағы шағын футбол алаңын ағымдағы жөндеуден өткізуге, Аспара ауылдық округінің Құмарық ауылына шағын футбол алаңын орнатуға ықпал етемін.

  1. Көшелерді жарықтандыру

Ақжол ауылындағы Әзербаев және Сейфуллин, Тәтті ауылындағы Бәйтерек көшелерін жарықтандыру жөнінде ұсыныстар енгіземін. Ақермен ауылдық округіндегі Мұхамеджанов, Нілдібаев және Савва көшелеріне түнгі жарық орнату мәселесінің қаралуына ықпал етемін.

  1. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі

Тәтті станциясына баратын жол бойына, сондай-ақ Ақермен ауылдық округіндегі Жадраев және Төле би көшелеріне тротуар салу мәселесін тиісті органдар алдында көтеремін. Жобаларды қарастыру кезінде тұрғындардың күнделікті қатынауы мен балалардың қауіпсіздігін ескеруге мән беремін.

  1. Жолдарды жөндеу

Тәтті-Сарғобы жолын, Тәтті ауылдық округіндегі Молдағұлова, Асқаров, Бәйтерек және Әзербаев көшелерін орташа жөндеуден өткізуге ықпал етемін. Ақермен ауылдық округіндегі Молдағұлова, Савва, Әзербаев, Рысқұлов және Жадраев көшелеріндегі жалпы ұзындығы 3,57 км жолды орташа жөндеу жөнінде ұсыныс енгіземін.

Ардақты ауылдастар! Сегіз жыл бойы Тәтті ауылдық округінің әкімі қызметін атқарған кезеңде ауыл тіршілігінің тыныс-тіршілігін, тұрғындарды толғандыратын мәселелерді жақыннан таныдым. Ауылдың дамуы үлкен жобалармен ғана емес, халықтың күнделікті өміріне қажетті қарапайым жағдайлардың жасалуымен де өлшенетінін жақсы білемін.

Мен ұсынған бағдарламадағы әрбір міндет – ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасына тікелей қатысты мәселе. Балаларымызға қауіпсіз ойын алаңы, жастарымызға спортпен шұғылданатын орын, тұрғындарға жарық көше мен сапалы жол қажет. Бұл – кейінге қалдыруға болмайтын, кезең-кезеңімен шешуді талап ететін міндеттер.

Ауыл әкімі және құрылыс саласының маманы ретіндегі тәжірибемді осы мәселелерді тиісті деңгейде көтеруге, жобалардың жоспарға енгізілуіне және олардың орындалу барысын қадағалауға бағыттауды көздеймін. Әр ауылдың өзіндік ерекшелігі, әр елді мекеннің шешімін күткен мәселесі бар. Сондықтан тұрғындардың ұсыныстарын тыңдап, олардың негізінде нақты бастамалар көтеру маңызды деп есептеймін. Алдағы жұмысымда осы ұстанымды басшылыққа алып, сайлау округіндегі барлық ауылдың қажеттіліктеріне бірдей назар аударуға ниеттімін.

Тұрғындармен тұрақты байланыс орнатып, көтерілген мәселелердің қаралу барысы туралы ақпарат беруге мән беремін. Мақсатым – ауылдардың қажеттіліктерін мәслихатта көтеріп, негізделген ұсыныстар арқылы шешілуіне ықпал ету.

Туған жеріміздің ертеңі – бүгінгі атқарылатын істердің нәтижесі. Ауылдарымыздың дамуына бірге үлес қосайық!

            Құрметпен, Талғат Әлметов!

Меркі аудандық мәслихаты депутаттығына кандидат Т.Әлметовтың сайлау қорының қаражатынан төленді.