Отбасылық құндылықтар – ұлттық тәрбие негізі

0 265

Таразда ҚХА республикалық Аналар кеңесінің төрайымы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Нәзипа Шанай аймақтағы ҚХА Аналар кеңесінің мүшелері және іскер әйелдермен кездесті, – деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында өткен басқосуда Нәзипа Ыдырысқызы ҚР Сенатында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жазаны күшейтетін заң жобасының мақұлданғанын ерекше атап, аналардың ортақ жеңісі екенін алға тартты. Аталған Заң аясында қоғамда түрлі қауесеттер тарағаны белгілі. Осыған орай, Нәзипа Шанай аналарға жаңа заң аясында халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, наурыз айында Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында көтерілген негізгі мәселелерге де тоқталды.

— Қазіргі таңда өзге діни ағымның жетегіне еріп бара жатқан жас жеткіншектер жайы алаңдауға негіз болып отыр. Тіпті, ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ал ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл әуелі үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз. Бабаларымыздың мың жылдық діни білімі мен рухани нұсқауына сүйенуіміз керек, — дейді Нәзипа Ыдырысқызы.

Қоғам дертіне айналған тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жайы да басқосуда кеңінен қаузалды. Бүгінде елімізде 12000-ға жуық жасөспірім тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі бар отбасында тәрбиеленуде. Жиында орталық директоры және облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Эльмира Мырза-Ғали өскелең ұрпақ арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған «Қауіпсіздік сағаты» жобасы туралы мәлімдеді.

Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда қоғамда отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу арқылы ғана салауатты ұрпақ қалыптастыра алатынымыз анық. Маңызы мол жиында облыстық Аналар кеңесі — ардагерлер кеңесі жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Хадиша Оспанова, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Әйгерім Дәулетбаева, «Республикалық және облыстық «Вынхуа» дүнгендер этномәдени бірлестігінің» Аналар кеңесінің төрайымы Сара Даузова, облыстық «Аналар алқасының» мүшесі Жамал Қалыбекова, еңбек ардагері, заңгер Күлзипа Абдрахманова және Әл-Фараби атындағы бастауыш мектебінің меңгерушісі Айнұр Жексембиновалар жастар арасында қоғамдық еңбек рөлін арттыру қажеттігін баса айтты. Одан кейін бала тәрбиесі төңірегінде күрмеулі мәселелерді тізіп, ұсыныстарын білдірді.

Өз кезегінде Нәзипа Шанай қатысушылар тарапынан айтылған басты мәселелерді назардан тыс қалдырмайтындығын жеткізді.