Мойынқұмда мегажобалар мен инфрақұрылымдық даму қарқын алды
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаевтың қатысуымен брифинг өтіп, ауданның 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жарияланды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Брифинг барысында аудан әкімі өңірдегі негізгі экономикалық көрсеткіштерге тоқталып, инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысы мен халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жөнінде баяндады.
Спикердің айтуынша, есепті кезеңде өнеркәсіп өнімінің көлемі 64,5 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 106,6 пайызға жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,8 миллиард теңгеге артық көрсеткіш. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі 59,1 миллиард теңгені құраған.
Ауыл шаруашылығы саласында да өсім байқалады. Қаңтар-сәуір айларында өндірілген өнім көлемі 2,2 миллиард теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 100,8 пайызды құраған. Ал негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 5,9 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 2,3 миллиард теңгеге артқан. Жеке инвестиция көлемі 5,3 миллиард теңгені құрап отыр.
– Аудан экономикасының дамуына серпін беретін ірі инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді, – деді Ермек Карентаев.
Аудан басшысы атап өткендей, Мирный ауылында Франция инвесторларының қатысуымен құны 765 миллиард теңгені құрайтын жел электр станциясының құрылысы басталған. Наурыз айында жобаға капсула салу рәсімі өтіп, қазіргі уақытта қажетті инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізілуде. Үш жылға жоспарланған құрылыс барысында екі мыңға жуық адам жұмыспен қамтылып, жоба іске қосылғаннан кейін 200 тұрақты жұмыс орны ашылмақ.
Сонымен қатар 2026-2027 жылдары жаңартылатын энергия көздері бағытында жалпы құны 90,6 миллиард теңгені құрайтын үш жоба жүзеге асырылады деп күтілуде.
Брифингте өндіріс саласындағы жаңа бастамалар да сөз болды. Қытай инвесторларының қатысуымен көмір өңдеу зауытын ашу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Құны 75 миллиард теңгені құрайтын кәсіпорын жылына 3 миллион тонна көмір өңдеуге қауқарлы болады. Бұдан бөлек, Мыңарал ауылында мыс өнімдерін өндіретін, Мирный ауылында гранит өңдейтін және Ақбақай ауылында алтын өңдейтін кәсіпорындарды іске қосу жоспарланған.
Құрылыс саласында да оң көрсеткіштер қалыптасқан. Есепті кезеңде құрылыс жұмыстарының көлемі 1 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 132,3 пайызға жеткен. Ал пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 1504 шаршы метрді құрап, өткен жылмен салыстырғанда 229 шаршы метрге артқан.
Сауда саласында да өсім байқалады. Бөлшек сауда айналымы 2 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 213,9 пайызға жеткен. Көтерме сауда көлемі 889,3 миллион теңгені құраған.
Аудан бюджетінің кіріс бөлігінің орындалуы да көңіл қуантады. Жыл басынан бері меншікті кірістер 3,3 миллиард теңгеге орындалып, жоспар 108 пайызды құраған.
Инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынған. Қазіргі таңда ауданның барлық 24 елдімекені орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Бұған дейін ауызсумен қамтылмаған Ақсүйек, Ақбақай, Қашқантеңіз және Бурылбайтал елдімекендерінде ауызсу жүйелерінің құрылысы толық аяқталған.
Сондай-ақ Биназар, Бірлік, Мойынқұм, Мыңарал, Шығанақ және Құмөзек ауылдарындағы ауызсу жүйелерін қайта жаңғыртуға бағытталған жалпы құны 8,5 миллиард теңгені құрайтын жобаларға қаржы бөлініп, жұмыстар басталған. Мирный ауылындағы ауызсу құбырларын жаңарту жобасы да жүзеге асырылуда.
Электр желілерін жаңарту бағытында Ақсүйек пен Мирный ауылдарындағы жұмыстар толық аяқталса, Мыңарал ауылындағы желілерді жаңғырту жалғасуда.
Жол саласы бойынша бірқатар ауылішілік көшелер орта жөндеуден өткен. Сонымен қатар облыстық маңызы бар «Бірлік – Мойынқұм – Ұланбел» автомобиль жолының жекелеген учаскелерінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Көпір құрылыстары да назардан тыс қалмаған. Радай өзені арқылы өтетін жаңа көпір құрылысы аяқталып, пайдалануға беруге дайын. Ал Қарабөгет ауылына кіреберістегі көпір құрылысы биыл аяқталмақ.
Әлеуметтік салада жүзеге асқан жобалар да аз емес. Айдарлы ауылындағы спорттық-сауықтыру кешені мен кітапхана-клуб ғимараты пайдалануға берілген. Бірлік ауылындағы орталық стадион күрделі жөндеуден өтіп, тұрғындардың игілігіне ұсынылған. Сонымен қатар Мойынқұм ауылында жаңа футбол алаңшасы салынып, бірнеше спорт нысаны жаңғыртылған.
Халықтың сұранысына сәйкес Күшаман ауылында күрес пен боксқа арналған спорт залының құрылысы басталған. Сондай-ақ ауданның тоғыз елдімекенін қамтитын газдандыру жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Тұрғындарды әлеуметтік қолдау шаралары аясында көпбалалы және әлеуметтік осал санаттағы отбасылар үшін 20 пәтер сатып алынған. Бұл баспаналар белгіленген тәртіппен мұқтаж азаматтарға берілмек.
Ауданның сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында да көптеген жұмыстар атқарылған. Мойынқұм ауылындағы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттері жаңартылып, балалар ойын алаңдары орнатылған. Саябақтар мен аллеялар абаттандырылып, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштер қайта жаңғыртылған. Аудан орталығында жаңа сәулеттік нысандар мен жарықтандыру элементтері орнатылып, елдімекеннің көркі айшықтала түскен.
Ветеринария саласында жаңа ветеринариялық пункттердің құрылысы жүргізілуде. Ал төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында аудан орталығындағы өрт сөндіру бекеті толық жаңғыртылып, заманауи техникамен қамтамасыз етілген.
Білім саласында бүгінде 23 мектепте 5143 оқушы білім алуда. Апатты деп танылған Күшаман ауылындағы мектептің орнына жаңа 80 орындық білім ордасының құрылысы басталмақ. Сонымен қатар аудан орталығындағы «Құлыншақ» бөбекжай-бақшасының ғимаратын қалпына келтіру жұмыстары жоспарланып отыр.
Брифинг барысында аудан әкімі демеушілердің қолдауымен жүзеге асқан әлеуметтік жобаларға да тоқталды. Атап айтқанда, Ақбақай ауылында ауызсу жүйелерін жақсарту, білім беру және денсаулық сақтау нысандарын қолдау бағытында бірқатар жұмыстар атқарылған.
Жиынды қорытындылаған Ермек Карентаев ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
Брифинг соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері аудан тұрғындарын толғандырған өзекті мәселелер мен ірі инвестициялық жобалардың келешегіне қатысты сауалдарын жолдап, аудан әкімі тарапынан нақты деректерге негізделген жан-жақты жауаптар алды.