Меркі ауданында әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны тұрақты

0 6

Облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов өңірдің қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жөнінде кеңінен мәлімет берді. Жиында ауданның барлық негізгі салаларындағы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар таныстырылды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Спикердің айтуынша, есепті кезеңде аудан экономикасында оң динамика қалыптасып, бірқатар салаларда өсім байқалған. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында 4 миллиард 417,5 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,6 пайызды құрады. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемі 94 мың гектардан асып, өткен жылмен салыстырғанда ұлғайған. Егіс құрылымында дәнді дақылдар, майлы дақылдар, қант қызылшасы, көкөніс пен мал азығы дақылдары кеңінен қамтылған. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізу және минералдық тыңайтқыштарды пайдалану жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Мал шаруашылығында да өсім бар. Мүйізді ірі қара, қой-ешкі, жылқы және құс саны өткен жылмен салыстырғанда артқан. Сондай-ақ сүт, ет және жұмыртқа өндірісінде де оң серпін байқалады. Спикердің айтуынша, бұл көрсеткіштер ауданның аграрлық әлеуетінің нығайып келе жатқанын көрсетеді.

Ирригациялық жүйелерді жаңғырту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Аудандағы 110 каналдың бір бөлігі кезең-кезеңімен жөнделіп, Ислам даму банкінің жобасы аясында бірқатар магистралды және шаруашылық каналдар қайта жаңғыртудан өтуде. Бұл жұмыстар аяқталған жағдайда 11 мың гектардан астам егістік алқап ағын сумен қамтылатын болады.

Өнеркәсіп саласында 3 миллиард теңгеден астам өнім өндірілген. Ауданда 1 ірі, 3 орта және 14 шағын кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 7 мыңнан асқан. Бөлшек сауда айналымы да өткен жылмен салыстырғанда өсім көрсетіп отыр.

Туризм саласын дамыту бағытында бірқатар инвестициялық жобалар іске асырылуда. Қонақ үйлер, демалыс аймақтары және жол бойындағы сервистік кешендердің құрылысы жүргізіліп, олардың басым бөлігі пайдалануға берілген. Спикердің айтуынша, ауданға келетін туристер саны жыл сайын артып келеді.

Инвестиция тарту мәселесіне ерекше назар аударылуда. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бағыттарында жалпы 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың қатарында сүт-тауарлы фермалар, көкөніс сақтау қоймалары, гидроэлектр станциясы, демалыс аймақтары мен сервистік кешендер бар. Жобалар толық іске қосылған жағдайда 300-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

«Ауыл аманаты» жобасы аясында да бірқатар нәтижелі жұмыстар атқарылған. Бағдарлама ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және кәсіпкерлікті дамытуға серпін беріп отыр. Сонымен қатар жер қатынастары, тұрғын үй құрылысы, ауыз су және газдандыру бағыттарында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аудандағы барлық елді мекен таза ауыз сумен қамтылған, ал газдандыру деңгейі 93 пайыздан асады. Бірқатар ауылдарда инфрақұрылымдық жобалар жалғасуда.

Білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында да оң өзгерістер бар. Бірқатар әлеуметтік нысандар жаңғыртылып, жаңа жобаларға құжаттамалар әзірленген. Сонымен бірге спорт инфрақұрылымын дамыту және ауылдық жерлерде спорт алаңшаларын салу жұмыстары қарқын алған.

Әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту бағытында да нақты нәтижелерге қол жеткізілген. Жыл басынан бері жүздеген азамат жұмыспен қамтылып, әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған. Жаңа бизнес-идеяларды қолдауға арналған мемлекеттік гранттар беру жалғасуда.

Жол инфрақұрылымын дамыту да басты назарда. Соңғы жылдары аудан көшелерінің басым бөлігі жөндеуден өтіп, асфальтпен қамту үлесі артып келеді. Биыл да бірқатар елді мекендерде жол жөндеу жұмыстары жоспарланған.

Қорытындысында аудан бюджетінің кіріс бөлігі жоспардан артық орындалғаны айтылды. Спикер ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі жандандыру бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.

Брифинг соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері спикерге сұрақтар қойып, ауданның даму барысы мен қолға алынған жобаларға қатысты жан-жақты әрі тұщымды жауаптар алды.