Ұлы даланың ұлық тойы
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың 5-қаңтарында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолда арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуі тиіс,» – деп жазды.
Егер жеріміздің тұтастығы, тіліміздің мәртебесі, еліміздің бірлігі – біздің ұлтымыздың бүгіні мен болашағы десек, осынау асыл арман-тілегіміздің тұғыры Тәуелсіздік емес пе?!. Біз азаттықты аңсай, сағына жүріп арпалыспен өткен көне дәуірдегі сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түріктердің ата жұртта қара шаңырақты сақтап қалған халықтардың ұрпағы екеніміз ақиқат. Оған «Алтын адам», «Орхон-Енисей», Талас жазбалары дәлел. Ал, тұңғыш президентіміз Н.Назарбаев 1994 жылдың 14-желтоқсанында жасаған «Алашқа айбын болған арыстар» деген баяндамасында: «Тұрар, Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Сұлтанбек ағаларымыз ғұмыр бойы тәуелсіздікті арман еткен еді. Сол жолда халқы үшін шырылдап, шыбын жанын құрбан еткен еді. Міне, Тәуелсіздік таңы атты.Азат ел атандық» – деген болатын. Сондықтан ет жүрегі Отан деп соққан әрбір азаматтың қасиетті мерекесі, Ұлы Даланың ең ұлық тойы – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған мәдени іс-шаралары 5-сәуірде «Тәуелсіздік толғауы» деген атпен, Меркі ауданындағы Жамбыл ауылдық округінің көркем өнерпаздарының концерттік бағдарламасы, Ақтоған ауылындағы Мәдениет үйінде шымылдығын ашты. Төрткүл дүниенің түкпір-түкпіріндегі жұмыр жердің жұртшылығына Қазақстанды танытқан Тәуелсіздік жайлы жырлар оқылып, әсем әндер шырқалып, мың бұралған «Айару» бишілер тобы өнер көрсетті. Әсіресе, орыс қызы Сулиева Софияның қазақ әні «Бипылы», Жұмақожаев Әбдіхамиттың орындауындағы Нұрғисаның «Әлқиссасы», Ермекбаева Раушанның орындауындағы «Текемет» биі көпшілікті тәнті етті.
Ал, «Үміт» сарайында өткен Сарымолдаев ауылдық округі өнерпаздарының концерттік бағдарламасынан Тәуелсіздік жылдарында талантымен таңдай қақтырар жас өрендердің тұтас легі өсіп-жетіліп келе жатқанын байқадық. Мысалы, №22 ЖОББМ-нің 21 өнерпазының домбырамен орындаған «Би» күйі, Ж.Жабаев пен М.Мақатаетың өлеңдерін мәнерлеп оқыған Сқақова Маржан, Серікбай Ақерке, Қайрат Әйгерімдер ана тіліміздің уызы мен мәйегін, ұлтымыздың құндылықтарын терең пайымдайтынымен қуантты.Халық поэзиясының абыройын аспанға көтеріп, әлем дүниесіне жайған асқақ ақын Жамбыл бабамыздың айтыстарын көркем рөлмен бейнелеген «Таңшолпан» бөбекжай бақшасы қызметкерлері, «Замандастар» әжелер тобының орындауындағы «Туған жер» әні көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Сондай-ақ, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Ел іші – өнер кеніші» атты қол өнер көрмесі мен Ұлданай атты 1 жасар бүлдіршіннің тұсауының кесіліп, шашу шашылып, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Иманалиевтің бата беруі нұрлы Отанымыз – Тәуелсіз Қазақстанның бағы жанып, абыройы асқақтап, мәртебесі биіктегенін паш етті.
Бүгінгі тойдың төрінде отырып, Тәуелсіз Қазақстанда әрқашан береке болсын, достық, ауызбіршілік, тыныштық болсын, – деп тіледім.