Көкпар – қазақтың жаны

0 166

Бүгін Шөлдала шағын ауданында Тараз қаласы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен, 20 наурыз — ұлттық спорт күніне орай көкпардан Жамбыл облысының ауыл тұрғындары арасында командалық ойын өтті, – деп хабарлайды “Aulieatanews” ақпараттық агенттігі.

Көкпар екі таймнан, әр тайм он минуттан жиырма минут ойналды.Тәртіп бұзғандары алаңнан қуылып, төреші әділ төрелік  етті. Осы ойынға Жамбыл облысынан он бір көкпар командалары келді. Он бір команда жеребе бойынша бір-бірімен ойнады. Он бір командадан алты команда шығып, жеңген  үш команда жартылай финалға шықты. Олар: «Құмшағал», «Аманкелді», «Үшқозы» командалары.

Жартылай финалға шыққан үш команда соқыр жеребе нәтижесі бойынша «Құмшағал» командасы тікелей  финалға  жолдама алды. Ал қалған  «Аманкелді» мен «Үшқозы»  командалары финалға шығу үшін жартылай финалдық ойында «Үшқозы» командасы, «Аманкелді» командасын 3:0 есебімен ойсыратай жеңді. «Үшқозы» командасы өз сәттерін сәтті пайдалана білді. Ұтылған «Аманкелді» командасы осылайша үшінші орын иегері атанды.

Ал финал әдеттегідей өте тартысты өтті. Тартысты ойында «Үшқозы» командасы «Құмшағал» командасы минималды есеппен 2:1 есебімен жеңді. Финалдық ойында Үшқозы командасының екі салымында салған шабандоз Ақжол Әбишов «Қарлығаш» атты сәйгүлігімен ерекше көзге түсті.

Осы ойындар арасында Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне орай  тұрғындар арасында ұлттық спорт түрі «Командалық көкпарды» жоғары дәрежеде ұйымдастырып, қолдау көрсеткені үшін Шөлдала шағын аудан тұрғындары Алғысхатпен марапатталды.

Көкпар ойынынан кейін көптеген номинация  болды. Үздік қорғаушы атағын Қапал ауылынан келген Қаржаубаев Әлішер шабандоз алса, үздік шабуылшы атағын «Асқар тау» командасының шабандозы Айтибеков Есім жеңіп алды. Жеңімпаздар мен үздік ойыншыларға медальдар мен кубоктар және де ақшалай сыйлықтар берілді. Халықтың батасын алу негізінде артынан жаппай көкпар шабылды. Барлық келген көрермендер де, жарысқа қатысушылар да ұйымдастырушыларға өз ризашылығын білдірді.