Биыл не өзгереді?

0 53

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап, елімізде айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 7 пайызға, яғни, 3450 теңгеден 3692 теңгеге өсті. Осыған байланысты әлеуметтік жәрдемақылар мен бюджетке төленетін салық, айыппұл мөлшері де артып отыр. Сонымен бірге бірқатар заң жобасы күшіне енді.

 «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңда 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енетін қаржылық көрсеткіштердің жаңа мөлшері бекітілген. Мәселен, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап  айлық есептік көрсеткіш мөлшері былтырғы бағадан 7 пайызға артты. Яғни, биыл АЕК 3692 теңгені құрайды. Осыған байланысты мемлекеттен берілетін әлеуметтік жәрдемақылар, көпбалалы отбасыға берілетін көмек мөлшері көбейеді.

Сондай-ақ ең төменгі күнкөріс мөлшеріндегі базалық көрсеткіш 40567 теңгеден 43407 теңгеге артты. Осы негіз бойынша  мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша тағайындалатын төлем ұлғайды.

1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы (ЕТЖ) сомасы 70000 теңгені құрайды.

Бала туғаны үшін берілетін жәрдемақы мөлшері: бірінші, екінші және үшінші бала туғанда 38 АЕК-ке көтеріледі. Бұл 2023 жылы 131100 теңге болса, 1 қаңтардан бастап 140296 теңге болды. Төртінші және одан да көп балаға 63 АЕК жәрдемақы беріледі. 2023 жылы бұл сома 217350 теңге болса,  жаңа жылдан бастап 232596 теңге болады.

2024 жылдан бастап алғаш рет ұлттық қорға инвестициялық табыстан түскен 50 пайыз қаржы еліміздегі 18 жасқа толмаған балалардың есепшотына аударылады. Бастама «Ұлттық қор — балаларға» жобасы аясында жүзеге асады. 1 қаңтардан бастап балаға ақша түсіп отыру үшін ата-ана істеу керек әрекеттерді мына жерден біле аласыз.

2024 жылдан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары енгізілді. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын өз қаражаты есебінен 2024-2028 жыл аралығында 1,5%-дан 5%-ға дейін кезең-кезеңімен жұмыскерлерінің пайдасына аудару басталды. Осылайша, зейнеткерлікке шыққан кезде бұл жұмыскерлер қосымша жинақтаушы зейнетақы төлемімен қамтамасыз етіледі. Базалық зейнетақы мөлшерінің ең төменгі мөлшері 28215 теңгеге, зейнетақы 57853 теңгеге көтеріледі.

2024 жылдың қаңтарынан  шәкіртақы да артады. Бакалавриат – 47135 теңге (педагогикалық бағытта – 75600 теңге); магистратура – ​​107061 теңге; докторантура – ​​240000 теңге. Биыл балабақша тәрбиешілерінің жалақысын 30 пайызға көтеру көзделген. 242 миллиард теңге ғылымды қаржыландыруға бағытталмақ. Сондай-ақ БАҚ өкілдерінің де жалақысы 30 пайызға көбейеді. 1 қаңтардан бастап су саласындағы қызметкерлердің жалақысы 25 пайызға көбірек аударылады.

Осы жылы жаңа тұрғын үй бағдарламасы «9-20-25» іске қосылады. Сыйақы мөлшерлемесі – 9%, бастапқы жарна – 20% және несие мерзімі 25 жылға дейін. Жобаны жүзеге асыруға 100 млрд теңге бөлінеді.