Коллекциялық монеталар айналымға шығарылады

0 24

Қазақстан Ұлттық Банкі «Сиқырлы нышандар» сериясынан AI•KÚN және «Көшпенділердің ғибадат жануарлары – тотемдері» сериясынан TÚIE коллекциялық монеталарын айналымға шығарады.

AI•KÚN коллекциялық монеталарының дизайны қарама-қайшылықтар бірлігі түсінігіне негізделген. Күн батылдық пен белсенділікті білдірсе, ай тыныштық пен шығармашылықтың символы болып табылады. Монета жоғары бедерлі, алтын жалатылған және екі жақты тотығу технологиясы қолданылған, күміс сынамасы – 925/1000, массасы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм, сапасы –  antique silver, номиналы – 500 теңге, таралымы – 3 000 (үш мың) дана.

TÚIE коллекциялық монеталары – «Көшпенділердің ғибадат жануарлары – тотемдері» сериясымен шығып жатқан алтыншы монета. Оның дизайнында сақ стилінде бейнеленген жануардың натуралистік және трафареттік көрінісі біріктірілген. Көшпенділер мәдениетінде түйе адамгершілік пен тәуелсіздік, күш-жігер мен төзімділіктің бейнесі саналады.

Монеталар 3 түрде дайындалды: 925/1000 сынамалы күмістен, массасы – 25 oz (777,5 грамм), диаметрі – 100 мм, диаметрі 2 мм гауһар орнатылған, сапасы – proof, номиналы – 5 000 теңге, таралымы – 200 дана.

«Коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында белгіленген құнына сай төлемнің барлық түрі бойынша қабылдануға, сондай-ақ елдің барлық банкінде банк шоттарына есепке алынуға, аударуға, ұсақталуға және айырбасталуға жатады», делінген хабарламада.

Қазақстан теңге сарайында күмістен жасалған AI•KÚN және TÚIE монеталары мемлекеттік, орыс және ағылшын тілінде ҚҰБ нөмірлік сапа сертификаттарымен кәдесый қаптамасында шығарылады. Монеталардың сатылымға шығатын күніне қатысты қосымша ақпарат ҚҰБ ресми сайтында жарияланады.