Инвестициялардың өсуі – ірі жобаларды іске асыру есебінен қамтылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел экономикасына қомақты инвестиция тарту, терең өңдеуді дамыту және өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру жөніндегі тапсырмалары Жамбыл облысында нақты жобалар мен нәтижелі жұмыстар арқылы жүзеге асырылуда. Осы жылдың 9 айындағы қорытындысы бойынша аймақта инвестициялық белсенділіктің оң серпіні байқалады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 721,9 миллиард теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 137,1 пайыз. Бұл өңір экономикасындағы дамудың тұрақтылығын сақтап отыр. Сондай-ақ жеке инвестициялардың артуы да ерекше маңызға ие екені белгілі.
Жалпы инвестициялардың өсуі ірі жобаларды іске асыру есебінен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, Мойынқұм ауданында жел электр стансасы, Сарысу ауданында химиялық заттар өндіру кешені мен кальцийленген сода өндіру зауытын, сондай-ақ Шу ауданында жүгеріні қайта өңдеу зауыты мен металлургия зауыттың құрылысы жүзеге асырылуда.
Инвестициялардың ең үлкен үлесі өңдеу өнеркәсібіне бағытталды. Бұл салаға 364,1 миллиард теңге инвестиция салынып, жалпы көлемнің 50,4 пайызды құрады. Тағы 90,6 миллиард теңге немесе инвестициялардың жалпы көлемінің 12,6 пайызы жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларға тиесілі.
Жалып биылғы 9 айда қол жеткізілген нәтижелер өткен жылы қалыптасқан оң үрдісті жалғастыруда. Атап айтсақ, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Жамбыл облысына 289,7 миллион АҚШ доллары тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,5 есе көп. Өсу қарқыны бойынша өңір республикада бірінші орынды иеленді. Бұдан бөлек, жоспарлы көрсеткіш (индикатор — 86 миллион АҚШ доллары) 3,3 есеге артығымен орындалып, өңірдің шетелдік инвесторлар үшін тартымдылығы жоғары екенін нақты көрсетті.
Инвестиция көлемінің тұрақты өсімі облыста жүргізіліп жатқан экономикалық саясаттың нәтижелі екенін аңғартады. Жамбыл облысы инвестиция тарту бағытында өз орнын нығайтып, өнеркәсіптің одан әрі дамуына жол ашып отыр.