Есірткімен күрес – елеулі мәселе

0 10

Облысымызда есірткімен күрес жұмыстары үздіксіз жалғасуда. Әсіресе облыс орталығы Тараз қаласы мен аудандарда «Таза Қазақстан» акциясы барысында есірткіні жарнамалайтын жазулар өшірілуде. Оған бірінші кезекте облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері және қалалық «Жастар орталығы», қоғамдық белсенділер атсалысуда. Бүгінгі күні олар облыста есірткі құралдарын насихаттайтын 240 есірткі жарнамасы бар граффити жазуларын өшірген, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

– Заңсыз граффитилердің басым бөлігінде есірткі заттарын сатуға немесе таратуға қатысты интернет-ресурстар мен байланыс арналары көрсетіледі. Мұндай жазуларды дер кезінде анықтап, жою – есірткінің таралуының алдын алудың маңызды бағыттарының бірі, – дейді полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Кемеңгер Абдибеков.

Полиция есірткі жарнамасын дер кезінде анықтап, жоюға және оның таралуына жол бермеуге бағытталған профилактикалық жұмыстарды жүргізгенімен, өкінішке орай өңірде есірткі қылмысымен айналысатындар азаймай отыр. Мәселен, Жамбыл ауданының Гродеково ауылында тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру дерегі анықталды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында 50 жастағы ер адамның тұрғылықты жеріне тінту жүргізілді. Оның барысында үй іргесіндегі жүгері алқабынан 14 түп қарасора өсімдігі анықталды. Тәркіленген заттардың жалпы салмағы 140 килограммды құрады. Құрамында есірткі заттары бар, егіп-өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Ал Шу ауданында өткен «Қарасора-2026» және «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шаралары барысында Шу қаласында 39 жастағы ер адам ұсталды. Тұрғын үйдің ауласында жүргізілген тінту барысында 10 килограмм 108 грамм гашиш тәркіленді. Аталған дерек бойынша аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Мұндай жағдай Тараз қаласында да орын алған. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша бөліністерінің қызметкерлері есірткі заттарын заңсыз сақтады және таратты деген күдікпен ер адамды ұстады. Күдіктіні жеке тінту барысында ақ түсті ұнтақ зат салынған бірнеше бума, сондай-ақ өзіне тән иісі бар сарғылт ақ түсті зат салынған түйіншектер табылып, тәркіленді.

– Есірткімен және оның жарнамасымен күрес облыста тоқтаусыз жүргізілуде, – дейді полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Кемеңгер Абдибеков.