Аққұмда ардагерлерге құрмет аллеясы ашылды
Талас ауданына қарасты Аққұм ауылында аға буын өкілдеріне деген құрметтің белгісіндей болған «Ардагерлер аллеясы» ел игілігіне берілді. Ауыл тұрғындары мен жомарт азаматтардың бірлескен еңбегінің нәтижесінде бой көтерген демалыс орны енді көпшілік бас қосып, тынығатын көрікті мекенге айналмақ. Бұл бастама ардагерлерге тағзым етумен қатар, туған жердің ажарын ашуға бағытталған ортақ іске айналды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Аллеяның ашылу салтанатына Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов, ауылдың қадірлі қариясы Бодаубек Наметов, ауыл тұрғындары мен қонақтар қатысты. Жиналған жұртшылықтың қуанышында шек болмады. Өйткені ел болып қолға алған істің нәтижесін көру – ауыл үшін үлкен мерей.
Салтанатты рәсімде аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков, Жұмабек Әсемов пен Бодаубек Наметов аллеяның ашылу лентасын қиды. Бұдан кейін көпшілік жаңадан жасақталған демалыс орнын аралап көрді. Аудан басшысы аллея аумағына тал көшетін отырғызып, игі бастамаға өз үлесін қосты.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөздің мәні осындайда айқын аңғарылады. Бүгін егілген әрбір көшет ертең саялы ағашқа айналып, ауылдың көркін кіргізері сөзсіз. Оның үстіне, жасыл желекті көбейту – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының да негізгі бағыттарының бірі. Демек, Аққұмдағы бұл бастама туған жерді көркейтуге деген жанашырлықтың нақты көрінісі.
Аллеяның бүгінгі келбетіне қарап, атқарылған жұмыстың ауқымын аңғаруға болады. Демалыс орны еуроқоршаумен қоршалып, жүргіншілер жолына брусчатка төселген. Аумаққа орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылып, түнгі жарық бағаналары орнатылған. Қоршау бойына туя мен қараағаш көшеттері отырғызылып, аллеяның сәнін келтіретін түрлі сәулеттік элементтер де орналастырылған. Ал орта тұсындағы қыран құс бейнеленген «Бақ құсы» монументі еркіндік пен биік рухты меңзеп тұрғандай. Сонымен қатар 20 жылдық түлектердің тартуы болған «Сүйікті Аққұм» стелласы да ауылға деген перзенттік сүйіспеншіліктің белгісіндей көзге түседі.
Ауыл әкімі Ақылбек Жамбайбековтің айтуынша, аллея орналасқан аумақ бұған дейін бос жатқан. Алдымен жердегі топырақ үйінділері тегістеліп, көктемде ауыл тұрғындары өзара қаражат жинап, 2 миллион теңгеге сәндік ағаштар отырғызған. Күзде ауылдан түлеп ұшқан азаматтардың демеушілігімен абаттандыру жұмыстары қолға алынған.
Бұл іске ауыл азаматтары да белсене атсалысыпты. Алмаз Бейсен 800 шаршы метр аумаққа брусчатка төсесе, Әліби Рысбай жол жиегіне 550 метр бордюр орнатқан. Әсет Ділдаев аллеяны жарықтандыруға арналған 40 бағананы алып берсе, Нұрлан Жолдасов демалушыларға арналған сегіз ұзын орындық пен қоқыс жәшіктерін жеткізген. Ал Бағдат Жамалбаев «Бақ құсы» монументін орнатып, аллеяның сәулеттік келбетін толықтыра түскен.
Бір қарағанда, мұның бәрі жеке-жеке жасалған жұмыстар секілді көрінуі мүмкін. Алайда олардың басын біріктірген ортақ ниет – туған ауылдың көркеюіне үлес қосу. Әр азаматтың қолынан келген көмегі бір арнаға тоғысып, ел игілігіне жарайтын нысанның бой көтеруіне жол ашты.
Ашылу салтанатынан кейін Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков жиналған жұртшылықты құттықтап, игі іске атсалысқан азаматтарға ризашылығын білдірді.
– Бүгінгі шара – ауыл тарихына қосылған тағы бір игілікті бастама. Бұл аллея – ел үшін еңбек еткен ардақты ардагерлерімізге деген құрметтің, кейінгі ұрпаққа көрсетілген өнегенің жарқын белгісі. Осындай ортақ іске жұмылған ауыл тұрғындары мен демеушілерге алғысымды білдіремін, – деді аудан басшысы.
Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов, Қаратау қаласындағы Д.А.Қонаев музейінің директоры Ілес Нұрұлы және ауыл қариясы Бодаубек Наметов сөз сөйлеп, бастаманың маңызын атап өтті. Олар туған жердің көркеюіне үлес қосқан азаматтарға алғыс айтып, игілікті істің жалғасын табуына тілектестік білдірді. Салтанатты жиын барысында аллеяны абаттандыру жұмыстарына белсене араласқан бірқатар ауыл азаматы аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты. Жамбыл облыстық филармониясының әншісі, Талас өңірінің тумасы Жақсылық Тілеубеков, таластық әнші-сазгер Сәрсенбек Бәкір, «Әжелер» тобы мен әнші Жәнібек Бестерек өнер көрсетіп, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар ардагерлер арасында кіші футболдан жарыс ұйымдастырылып, үздік ойыншылар мен жеңімпаздар марапатталды.
Аққұмдағы жаңа аллея – ауыл азаматтарының ауызбіршілігі мен туған жерге деген жанашырлығының жемісі. Оның әр бұрышы ел болып атқарылған еңбектің ізін аңғартады. Ең бастысы, бұл орын ардагерлерге құрмет көрсетіліп қана қоймай, ауыл тұрғындары мен кейінгі буынның басын қосатын ортаға айналмақ. Осындай игі істердің жалғасын табуы – елдіктің де, бірліктің де белгісі.