Тоғыз айдағы толымды тірлік – болашаққа бастар бағдар
Заманауи университет – тек білім беретін мекеме емес, ол қоғамның интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыратын, ғылым мен өндірісті байланыстыратын, елдің ертеңіне жауапты мамандар даярлайтын маңызды орталық. Бүгінде жоғары білім жүйесіне қойылатын талап та, оған артылатын жауапкершілік те артып келеді. Осы үдеден шығу жолында М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде ауқымды жаңғыру жұмыстары қолға алынып, білім беру мазмұнынан бастап басқару жүйесіне, ғылыми зерттеулерден бастап студенттердің әлеуметтік жағдайына дейінгі көптеген бағытта нақты өзгерістер жүзеге асуда. Университеттің тоғыз айда атқарған жұмыстарының қорытындысы мен алдағы даму жоспары облыс тұрғындарымен өткен есеп беру кездесуінде кеңінен таныстырылды. Басқарма төрағасы – ректор Ләззат Еркінбаеваның баяндамасы оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігін ғана емес, алдағы жылдарға арналған стратегиялық бағдарын да айқындап берді, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.
Білім мен ғылымның дамуы – мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын басты факторлардың бірі. Әсіресе, жаһандану дәуірінде жоғары оқу орындарының рөлі бұрынғыдан да арта түсті. Олар енді тек маман даярлайтын білім ордасы емес, жаңа технологияларды игеретін, ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізетін, экономиканың сұранысына жауап беретін және жас ұрпақтың болашағына жол ашатын стратегиялық орталыққа айналуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде басталған жаңару үдерісінің өңір үшін маңызы зор.
Университетте өткен есеп беру кездесуіне профессор-оқытушылар құрамы, қала тұрғындары, ардагерлер, индустриялық серіктестер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиында оқу орнының тоғыз айдағы жұмыстары сараланып, басқару жүйесін жетілдіру, білім сапасын арттыру, ғылымды өндіріс сұранысымен ұштастыру, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, студенттерге қолайлы орта қалыптастыру мәселелері кеңінен қозғалды. Сонымен бірге университеттің 2026–2029 жылдарға арналған даму бағдарламасы таныстырылып, алдағы кезеңдегі басым міндеттер белгіленді.
Кездесудің мазмұнын айқындаған маңызды мәселелердің бірі – Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші академиялық хабқа айналу жолындағы жаңа міндеттері. Астанада өткен III Халықаралық стратегиялық әріптестер форумында Мемлекет басшысы академиялық хаб құрудың бірінші кезеңі тұтастай аяқталғанын атап өткен болатын. Ендігі кезекте екінші кезеңнің міндеттері жүзеге асырылуы тиіс. Оның мәні – елімізге тартылған озық білім мен технологияларды нақты нәтижеге айналдыру, білікті кадрлар даярлау, бірлескен зертханалар құру және ғылыми жетістіктерді экономиканың дамуына бағыттау.
Бұл – жоғары оқу орындарына жүктелетін жауапкершілікті еселей түсетін міндет. Өйткені адами капитал, білім, ғылым және инновация мемлекеттің стратегиялық даму бағыттары ретінде айқындалған. Дулати университеті де осы міндетті Жамбыл облысының жағдайында жүзеге асыруды көздеп отыр. Ректордың айтуынша, университеттің алдағы жұмысы білім мен ғылымды өңірдің экономикалық және әлеуметтік қажеттіліктерімен байланыстыруға, жергілікті жастардың сапалы білім алып, туған жерінде еңбек етуіне мүмкіндік жасауға бағытталған.
Бүгінде университет пен оның құрамындағы колледжде 11 мыңнан астам студент білім алуда. Олардың шамамен 3300-і мемлекеттік білім беру грантының иегері. Оқу орнының құрылымында алты жоғары мектеп, 34 кафедра және 160 білім беру бағдарламасы жұмыс істейді. Жеті мемлекеттен келген 626 шетелдік студенттің білім алуы да университеттің халықаралық деңгейдегі тартымдылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Жатақханадағы орын саны 900-ден асады. Биыл бірінші курсқа 3400-ге жуық талапкер қабылданған. Бұл көрсеткіштер университеттің өңірдегі жетекші білім беру ұйымдарының бірі ретіндегі әлеуетін аңғартқанымен, білім алушылар санының өсуі сапаға қойылатын талапты да күшейте түседі.
Осыған байланысты университеттегі алғашқы әрі күрделі өзгерістер басқару жүйесін жаңартудан басталған. Ләззат Еркінбаева қызметіне кіріскеннен кейін алты факультеттің ұжымымен кездесіп, оқытушылардың, студенттер мен қызметкерлердің пікірлерін тыңдаған. Алғашқы елу күн ішінде жүргізілген талдау оқу орнында бірқатар жүйелі мәселенің бар екенін көрсеткен. Бұл мәселелер 31 наурызда өткен Ғылыми кеңестің отырысында талқыланып, оларды шешу жолдары айқындалған.
Атап айтқанда, академиялық адалдық талаптарының сақталуы, плагиат пен көшіріп алуға бақылау жасау, студенттердің сабаққа қатысуын қадағалау, білімді бағалаудағы ашықтық, кадрлық тағайындаулардың әділдігі және құрылымдық бөлімдердің жауапкершілігін нақтылау мәселелері өзекті болған. Бұған қоса, факультеттердің академиялық әрі қаржылық дербестігінің жеткіліксіздігі, университеттің өңірден тыс жерлердегі танымалдығының төмендігі де назарға алынған.
Мұндай мәселелерді шешу үшін басқарудың жаңа моделі енгізілді. Бұрынғы факультеттердің орнына академиялық және қаржылық дербестікке ие алты жоғары мектеп құрылды. Ректор мен барлық проректорлардың қызметіне тиімділіктің негізгі көрсеткіштері – KPI карталары енгізілді. Енді әрбір басшының жұмысы нақты міндеттер мен өлшенетін нәтижелер арқылы бағаланады. Бұл басқару үдерісінің ашықтығын арттырып қана қоймай, әр құрылымның жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Білім сапасын арттыру ең алдымен академиялық адалдық пен білім беру мазмұнын жаңартудан басталатыны белгілі. Осы мақсатта университет Академиялық адалдық лигасына қосылып, бірден оның бірінші деңгейіне енді. Сонымен қатар білім беру бағдарламаларына түбегейлі талдау жасалып, өңір экономикасының сұранысы мен Жаңа мамандықтар атлабының талаптарына сәйкес 64 бағдарлама жаңартылды. Ал сұранысы төмен 24 бағдарлама бойынша студенттер қабылдау шектеліп, олардың 14-ін 2027 жылы жабу жоспарланған. Мұның өзі оқу орнының білім беру бағыттарын еңбек нарығының нақты қажеттіліктеріне сәйкестендіруге басымдық беріп отырғанын көрсетеді.
Жаңа заман талабына сай басқару кадрларын даярлау мақсатында MBA және EMBA бағыттары бойынша бес жаңа бағдарлама ашылды. Қазіргі таңда бұл бағдарламаларда 67 магистрант білім алуда. Біліктілікті арттыру институтында педагогтерді қайта даярлаудың 13 бағдарламасы жұмыс істейді. Білім беру бағдарламаларының шамамен 82 пайызы аккредиттеуден өткен. Бұл жоспарланған 78 пайыздық көрсеткіштен жоғары. Ал студенттер Coursera платформасында 3200-ден астам сертификат алған. 18 қарашада университет үйлестірушісі Светлана Беглерова Қазақстандағы Coursera платформасының үздік үйлестірушісі атанып, арнайы марапатқа ие болды.
Сапалы білім берудің нәтижесі ең алдымен еңбек нарығында сұранысқа ие түлектердің қалыптасуымен өлшенеді. Сондықтан университетте талапкерлерді қабылдаудан бастап, түлектерді жұмысқа орналастыруға дейінгі үдерістерге ерекше көңіл бөлінуде. 2026 жылғы қабылдау науқанында талапкерлердің санынан гөрі сапасына басымдық беріліп, ҰБТ-ның шекті балы 50-ден 68-ге дейін көтерілген. Мемлекеттік білім беру грантын иеленген талапкерлердің орташа балы өткен жылғы 90 көрсеткішінен 93 балға дейін артқан. Білім берудің барлық деңгейлері бойынша 3200-ден астам талапкер қабылданса, олардың 650-ден астамы мемлекеттік грант негізінде оқуға түскен.
Биыл университетті 2700-ден астам студент тәмамдаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16 пайызға көп. Олардың 1300-ден астамы еңбекке орналасса, тағы 137 түлек магистратурада оқуын жалғастырған. Әрине, түлектерді жұмыспен қамту жұмыс берушілермен тығыз байланысты талап етеді. Осы мақсатта өндірістік тәжірибеден өту бойынша 491 келісімшарт жасалған, оның 50-і дуальды оқытуға қатысты. Сонымен бірге 30 жұмыс беруші университеттің білім беру бағдарламаларына аудит жүргізіп, болашақ мамандарға қажетті кәсіби білім мен дағдыларды айқындауға қатысады.
«Дулати білім бесігі» жұмыс берушілер форумы мен «Даму» қорының форумы аясында серіктестермен меморандумдарға қол қойылып, «Қазфосфат» компаниясымен дуальды оқыту бойынша жаңа келісімдер жасалған. Бұл – теориялық білімді өндірістік тәжірибемен ұштастырудың нақты көрінісі. Соңғы жылдары елімізде дуальды оқыту ауқымының кеңеюі де осы жүйенің тиімділігін дәлелдейді. Студенттің тек аудиторияда білім алып қана қоймай, болашақ жұмыс орнында тәжірибе жинақтауы оның кәсіби қалыптасуына тікелей әсер етеді.
Өңірдің білім беру жүйесі үшін педагог кадрларды даярлаудың да маңызы ерекше. Осы бағытта «Көшбасшы мұғалім» бағдарламасына 500 педагог қатысуда. Педагогикалық мамандықтарға 185 білім беру гранты бөлінген. Ауыл мектептерінде сапалы білім беретін білікті мұғалімдердің болуы – балалардың туған жерінде білім алып, болашақта өз өңіріне қызмет етуіне мүмкіндік беретін маңызды шарт.
Мамандар даярлау жұмысы жоғары оқу орнына дейінгі кезеңнен де басталады. Биыл университет колледжі DULATY COLLEGE болып қайта аталып, Тараз қаласында орналасқан жеке білім беру ұйымы ретінде жұмысын жалғастырды. Бүгінде мұнда 403 студент білім алады, олардың 285-і мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқиды. Колледж тау-кен ісі, химия, энергетика, IT және басқа да өндірістік бағыттар бойынша мамандар даярлайды. Оқу бағдарламалары жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес жаңартылып, автокөлік ісі, электрмонтаж, тау-кен ісі, энергетика және химия салалары бойынша заманауи зертханалар жабдықталған.
Колледжде енгізілген «2+2» моделі де білім алушыларға қосымша мүмкіндік береді. Бұл жүйе бойынша студент екі жыл колледжде, одан кейін екі жыл университетте білім алып, колледжде жинаған кредиттерін жоғары оқу орнында есепке жатқыза алады. Білім мен спортты қатар алып жүрген колледж студенті Нұрислам Бекболаттың кикбоксингтен әлем чемпионы атануы да жастардың жан-жақты дамуына жасалып жатқан жағдайдың нәтижесін көрсетеді.
Университеттегі өзгерістер білім беру мазмұнымен ғана шектелмейді. Студенттердің күнделікті өмірін жеңілдету, қызмет көрсету сапасын арттыру және қағазбастылықты азайту мақсатында цифрлық трансформация жұмыстары жүргізілді. Бұрын бір анықтаманы алу үшін бірнеше кабинетті аралап, ұзақ уақыт кезек күтуге тура келсе, енді көптеген қызмет бір минут ішінде көрсетіледі. Осы мақсатта Қызмет көрсету орталығы ашылып, ол бүгінге дейін 6 500-ден астам қызмет ұсынған. Электронды кезек жүйесі мен өзіне-өзі қызмет көрсету кабинеті іске қосылды. Platonus платформасы арқылы 794 студент жатақханаға онлайн форматта орналастырылды. Ал дипломның телнұсқасын алу қызметі Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы қолжетімді болды.
Білім беру үдерісінің өзі де цифрлық форматпен толықтырылуда. Open.dulaty.kz платформасында 89 онлайн курс орналастырылған. Coursera арқылы 1 600-ден астам студент білім алған. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және цифрлық инфрақұрылымды қорғауға жыл сайын 44 миллион теңге бағытталады. Бұл университеттің цифрлық технологияларды тек қосымша мүмкіндік ретінде емес, оқу мен басқарудың маңызды құралы ретінде қарастыратынын аңғартады.
Жаңа технологияларды игеру білікті мамандарды қажет ететіндіктен, адами капиталды дамытуға да тұрақты инвестиция салынып келеді. Қызметкерлердің біліктілігін арттыруға жыл сайын 20 миллион теңге бөлінеді. 2026 жылы 1 800-ден астам тыңдаушы ішкі оқыту курстарының сертификаттарын алса, 550-ден астам қызметкер сыртқы оқыту бағдарламаларынан өткен. Биылғы негізгі бағыттар – жасанды интеллект, инклюзия және цифрландыру. Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске қосылған AI SANA бағдарламасы аясында оқытушылар мен студенттер жасанды интеллект құралдарын меңгеріп, оларды өз мамандықтары бойынша қолдануды үйренуде. Ал аға буын өкілдеріне арналған «Күміс университет» жобасы аясында 87 тыңдаушы білім алған.
Университеттің стратегиялық дамуындағы маңызды бағыттардың бірі – ғылымды нақты өндірістік сұраныспен байланыстыру. Бұған дейін ғылыми-зерттеу жұмыстарының кәсіпорындармен байланысы жеткіліксіз болып, қолданбалы зерттеулердің өңір экономикасына қосқан үлесі төмен деңгейде қалғаны айтылды. Магистранттар мен докторанттардың жалпы білім алушылар құрамындағы үлесі небәрі екі пайызды құраған. Зертханалық базаны жетілдіру, ғылыми жарияланымдардың сапасын арттыру және докторлық диссертацияларды қорғау көрсеткіштерін жақсарту да өзекті міндеттердің қатарында болған.
Осы мәселелерді шешу бағытында соңғы жылдары нақты нәтижелерге қол жеткізілген. Төрт жыл ішінде ғылыми жобалардың саны 20-дан 71-ге дейін өскен. Университет төрт халықаралық ғылыми жобаны жүзеге асыруда. Олардың қатарында АҚШ Мемлекеттік департаментінің гранты, Erasmus+ және Jean Monnet бағдарламалары бар. 2026 жылы ғалымдар Scopus және Web of Science халықаралық ғылыми дерекқорларында 140 мақала жариялаған. Бұл өткен жылдың толық көрсеткішінен де жоғары. Жарияланған мақалалардың 58 пайызы бірінші және екінші квартильдегі ғылыми журналдарға тиесілі. Сонымен бірге 19 монография жарық көріп, үш патент алынған.
Ғылыми әлеуетті арттыруда заманауи зертханалық инфрақұрылымның орны ерекше. Осы мақсатта құрылған «Дулати Инжиниринг» орталығы өңірдің өндірістік және экологиялық мәселелерін ғылыми тұрғыдан зерттеп, кәсіпорындарға нақты шешімдер ұсынуға бағытталған. Орталық халықаралық ISO/IEC 17025 стандарты бойынша аккредиттеуден өтуге дайындалуда. Мұнда су сапасын зерттеу, топырақтану, жеңіл өнеркәсіп, тағам инженериясы, бұрғылау ерітінділері, жер қабаттарын зерттеу және құрылыс инжинирингі бағыттары бойынша жеті зертхана жұмыс істейді.
Бұл зертханалардың қызметі өңірдің нақты қажеттіліктерімен тығыз байланысты. Су сапасын зерттеу су ресурстарын тиімді пайдалануға, топырақтану ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыруға, ал құрылыс инжинирингі құрылыс материалдары мен нысандардың сапасын бағалауға мүмкіндік береді. Яғни ғылыми зерттеу тек мақала жариялаумен шектелмей, өндірістегі мәселелерді шешуге және нақты экономикалық нәтиже алуға бағытталуы тиіс.
Ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтатын тағы бір маңызды құрылым – индустриялық-инновациялық «Оңтүстік» хабы. 3 маусымда өткен индустриялық серіктестер форумына 200-ге жуық қатысушы жиналып, жеті меморандумға қол қойылған. «Жамбыл Инжиниринг» бағдарламасы аясында 2029 жылға дейін өңірдің ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарына қажетті 700 инженер даярлау жоспарланып отыр. Оның ішінде Fufeng компаниясына 300, EuroChem компаниясына 200, ал «Қазфосфат» пен Qazaq Soda компанияларының әрқайсысына 100 инженерден даярланады. Сонымен қатар акселераторы бар Dulaty TechPark және Қаратау қаласында Тау-кен ісі мектебін құру жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінгі білім беру жүйесін халықаралық ынтымақтастықсыз елестету мүмкін емес. Шетелдік студенттерді тарту, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын кеңейту және қос дипломды білім беру жүйесін дамыту университеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын маңызды факторлар саналады. Бұл бағытта Дулати университетінің де нәтижелері бар. Қазіргі таңда мұнда жеті мемлекеттен келген 626 шетелдік студент білім алуда. Олар Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Германия және Тәжікстан азаматтары. Шетелдік студенттер жалпы контингенттің бес пайыздан астамын құрайды, бұл жоспарланған үш пайыздық межеден жоғары.
Университет әлемнің 209 шетелдік жоғары оқу орнымен серіктестік орнатқан. 364 студент академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы білім алып, халықаралық тәжірибе жинақтаған. Сонымен бірге 13 елден келген 83 шетелдік сарапшы университет жұмысына тартылған. Erasmus+ бағдарламасының төрт жобасына қатысу арқылы 235 мың еуро көлеміндегі қаржыландыру көзделіп отыр.
Халықаралық әріптестіктің жарқын үлгісі ретінде Д.И. Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалын атауға болады. Ол «Қазфосфат» компаниясымен бірлесіп құрылған. Жобаны жүзеге асыруға кәсіпорын 2 миллиард 300 миллион теңге инвестиция салған. Қазіргі таңда филиалда 170 студент қос дипломды білім беру бағдарламалары бойынша оқиды, ал «Менделеев сыныптарында» 186 мектеп оқушысы білім алуда. Ең маңыздысы, филиалдың алғашқы жеті түлегінің барлығы «Қазфосфат» кәсіпорнына жұмысқа орналасқан. Бұл тәжірибе жоғары оқу орны мен өндіріс орнының өзара тиімді әріптестігінің нақты нәтижесін көрсетеді.
Университеттің халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштері де жақсарып келеді. QS Sustainability 2027 рейтингінде оқу орны Қазақстан бойынша 15-орыннан 12-орынға көтерілген. QS Stars жүйесі бойынша үш жұлдызға ие болды. Ал 2026 жылғы 18 қарашада алғаш рет THE Interdisciplinary Science Rankings рейтингінің негізгі кестесіне енді. Университет үшін рейтинг түпкі мақсат емес, білім беру сапасына және берілетін дипломға деген сенімнің сыртқы бағасы ретінде қарастырылады.
Халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігі университетке нақты инвестиция тарту мүмкіндігінен де көрінеді. 2023–2026 жылдар аралығында халықаралық әріптестік есебінен оқу орнына 2,5 миллиард теңгеден астам қаражат тартылған. Оның 2 миллиард 300 миллион теңгесін «Қазфосфат» компаниясы РХТУ филиалын ашуға инвестициялаған. Ал Erasmus+, Fulbright, DAAD бағдарламалары мен кореялық серіктестерден тағы 300 миллион теңгеге жуық қаражат тартылған. Бұл – университетке деген сенімнің нәтижесінде өңірге келген нақты инвестиция.
Жалпы аумағы 16 мың шаршы метрден асатын нысандарда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 40 санитарлық торап жаңартылды, 140 жаңа есік орнатылды, тоғыз асхана жаңғыртылды. Оқу корпустарының дәліздері мен кіреберістері жөнделіп, жарықтандыру жүйесі жаңартылды. Бірқатар ғимараттардың шатырлары жөнделіп, аула аумақтарына асфальт төселді. Әскери кафедраның қасбеті, саптық алаңы мен қоршауы да жаңартылды.
№1 жатақханада дәліздер, санитарлық тораптар мен су құбырлары жөнделіп, жаңа есіктер мен кір жуғыш машиналар орнатылды. Асхана заманауи үлгіде жаңартылып, студенттерге арналған арнайы кеңістік ашылды. Барлық жөндеу жұмыстары университеттің өз қаражаты, демеушілер мен серіктестердің қолдауы есебінен жүзеге асырылған.
Инфрақұрылымды жаңғырту барысында инклюзивті орта қалыптастыру да назардан тыс қалмаған. Оқу корпустарына пандустар салынып, көру қабілеті бұзылған студенттерге арналған тактильді тақталар төселді. Инклюзивті білім беру орталығы бүгінде 133 білім алушыға қолдау көрсетеді, олардың 52-сі қашықтан білім алады. Ал 2027 жылғы сатып алу жоспарына көтергіш құрылғылар, Брайль қарпімен жазылған жабдықтар және инватакси қызметін қамтамасыз ету үшін 38 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылған.
Университет аумағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін де жаңа технологиялар енгізілді. Барлық оқу корпустарында турникеттер орнатылып, 600-ден астам бейнебақылау камерасы іске қосылған. Студенттердің сабаққа қатысуы Face ID жүйесі арқылы автоматты түрде тіркеледі.
Студенттердің денсаулығы мен психологиялық жай-күйіне де ерекше көңіл бөлінуде. Менталды денсаулық орталығы мен Қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Спорттық инфрақұрылым да жаңғыртылып, бұрын жөндеуді қажет еткен зал заманауи тренажер залына айналған. Мұнда жүгіру жолақтары, күш жаттығуларына арналған құрылғылар мен велотренажерлер орнатылды. Зал қабырғаларына университет чемпиондарының суреттері ілініп, жастарды спортқа ынталандыратын ерекше орта қалыптастырылған. Қолайлы жағдайдың жасалуы студенттік өмірдің жандануына да ықпал етіп отыр.
Университеттің спорттық жетістіктері де айтарлықтай. 2026 жылы студенттер түрлі жарыстарда 79 медаль жеңіп алған. Оның 34-і – алтын, 25-і – күміс, 20-сы – қола. Әлем чемпионаттарында 19 медаль, оның ішінде тоғыз алтын жүлде иеленсе, Азия чемпионаттарында 13 медальға қол жеткізген. Баскетболдан ерлер құрамасы Қазақстанның Студенттік лигасында бірінші орынға шыққан.
Университет намысын халықаралық ареналарда қорғап жүрген спортшылардың қатарында Айжан Берімқұлова, Юсуф Ашрапов, Айбек Оралбай, Нұрислам Бекболат, Омар Әбдіқапар, Қалабай Ақжүрек, Айғаным Сағаділда, Гүлжанат Қобланды, Мәдина Мұрат, Айбар Сырғабай, Айбек Жұманғали, Нұрданат Айтанов, Мадина Манап және Армат Арманұлы бар. Олардың әрқайсысы табандылық пен еңбек арқылы үлкен жетістіктерге жетіп, университеттің ғана емес, еліміздің де абыройын асқақтатып жүр.
Студенттерге көрсетілетін қаржылай қолдау көлемі 150 миллион теңгеге жуықтаған. 690 білім алушыға оқу ақысы бойынша 115 миллион теңгеден астам жеңілдік берілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 36 пайызға көп. Студенттердің жарыстар мен олимпиадаларға қатысу сапарларына шамамен 30 миллион теңге бөлінсе, жетістіктері үшін берілетін сыйақыларға тағы 2,5 миллион теңге бағытталған. Мұндай қолдау жастардың білім мен спортта, ғылым мен шығармашылықта өз мүмкіндіктерін толық көрсетуіне жол ашады.
Оқытушылар құрамын қолдау да университеттің әлеуметтік саясатының маңызды бөлігіне айналған. 2026 жылдың ақпанында жүргізілген талдау профессорлар мен оқытушылардың еңбекақысы төмен екенін, олардың жылдық оқу жүктемесі 600–630 сағатқа жететінін көрсеткен. Мұндай жағдайда ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуға, студенттермен жеке жұмыс жүргізуге және кәсіби дамуға уақыт жеткіліксіз болатын. Сондықтан еңбекақыны көтеру мен жұмыс жүктемесін тиімді ұйымдастыру бағытында шешімдер қабылданды. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша профессор-оқытушылар құрамының жалақысы 25 пайызға арттырылды.
Сонымен қатар қызметкерлердің кәсіби жетістіктерін бағалау мен қолдауға да мән берілуде. 24 қызметкер Ғылым және жоғары білім министрлігінің наградаларына ұсынылған. Темірхан Бижігітов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталса, Мария Естаевна Минайдарова министрліктің «Ғылым мен білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін» ведомстволық медалін иеленген. Ал 15 оқытушы «500 ғалым» бағдарламасы аясында әлемнің жетекші университеттерінде ғылыми тағылымдамадан өтуде. Мұның барлығы университеттің дамуы ең алдымен білікті әрі ынталы мамандардың еңбегіне байланысты екенін көрсетеді.
Есеп беру кездесуінде алдағы жылдарға арналған стратегиялық міндеттер де кеңінен таныстырылды. 23 маусымда Директорлар кеңесі бекіткен университеттің 2026–2029 жылдарға арналған даму бағдарламасының басты мақсаты – Дулати университетін Оңтүстік Қазақстанның индустриялық-инновациялық және ғылыми-білім беру орталығына айналдыру. Осы мақсатқа жету үшін білім алушылар санын 20 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Жыл сайынғы қабылдау көлемін шамамен 3 400 студенттен 5 000-ға дейін арттыру көзделген. Сонымен қатар магистратурада білім алушылар санын 1 000-ға, докторантурада 200-ге жеткізу міндеті қойылған.
Жаңа даму кезеңінде атом энергетикасы мен ядролық физика салалары бойынша мамандар даярлау да қолға алынбақ. Сондай-ақ академиялық бағыттағы тағы бір маңызды бастама – әскери кафедраның жұмысын ұйымдастыру. Қазіргі уақытта кафедраның оқу-материалдық базасы толық дайын. Өндіріс сұранысына сай мамандар даярлаудың жаңа үлгісі ретінде индустриялық PhD бағдарламасын іске қосу да жоспарланған. Қазіргі уақытта серіктес кәсіпорындармен екі бағдарлама келісілуде. Ғылыми бағыттағы тағы бір ауқымды жоба – Dulaty STEM Schools мектептер желісін құру. «Менделеев сыныптары» тәжірибесіне сүйене отырып, оқушылардың жаратылыстану ғылымдарына, инженерия мен технологияларға қызығушылығын ерте жастан қалыптастыру көзделген. Халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытында да ауқымды жоспарлар бар. Университет Еуропа және Азия елдерінің жоғары оқу орындарымен байланыстарын нығайтып, Horizon Europe бағдарламасына қатысуға өтінім беруді көздеп отыр. Ташкент тоқыма институтымен, Браганса политехникалық институтымен, Малайзияның Universiti Sains Malaysia және АҚШ-тың Небраска университетімен қос дипломды білім беру бағдарламалары әзірленуде. Испания университетімен спорт менеджменті, АҚШ университетімен сәулет және IT салалары бойынша бірлескен бағдарламаларды іске қосу жоспарланған. Сонымен бірге алты жоғары мектептің барлығында ағылшын тілінде оқытылатын білім беру бағдарламалары ашылады.
Жамбыл облысы үшін маңызды жобалардың бірі – Медицина жоғары мектебін құру. Мұнда медицина, фармация және мейіргер ісі бағыттары бойынша мамандар даярлау көзделіп отыр. Бұл өңірдің ауруханаларына, емханалары мен дәріханаларына қажетті кадрларды жергілікті жерде даярлауға мүмкіндік береді.
Университеттің әлеуметтік даму бағытындағы ірі жобалардың бірі – жастар кәсіпкерлігін қолдау. Осы мақсатта «Жастар әлемі» ғимаратын QOLDAU 360 кәсіпкерлікті қолдау орталығына айналдыру жоспарланған. Мұнда консалтинг, заңгерлік және қаржылық қызметтерден бастап, маркетинг, сату мен IT шешімдеріне дейінгі бағыттарды қамтитын он сервистік кеңсе жұмыс істейді.
Университет аумағында заманауи кампус қалыптастыру жұмыстары да жалғасады. Төле би көшесі, 68 мекенжайындағы бас ғимараттың артқы жағында Dulaty Towers кешенінің құрылысы басталмақ. Сонымен қатар ішкі аула абаттандырылып, демалыс және қоғамдық кеңістіктер жаңартылады. Жаңғырту жұмыстары стадионды да қамтиды. Жобаға сәйкес мұнда футбол алаңы, жүгіру жолақтары мен жарықтандыру жүйесі орнатылады. Стадион студенттерге ғана емес, мектеп оқушылары мен қала тұрғындарына да қолжетімді ортақ спорт алаңына айналуы тиіс.
Инклюзивті білім беру мүмкіндіктерін кеңейту де алдағы жоспарлардың маңызды бөлігі. Бүгінде Инклюзивті білім беру орталығы 133 білім алушыға қолдау көрсетіп отыр. Оның 52-сі қашықтан білім алады. Инклюзивті білім беру мазмұны барлық білім беру бағдарламаларына енгізілген. 2027 жылғы сатып алу жоспарына көтергіш құрылғылар, Брайль қарпімен жазылған жабдықтар және инватакси қызметін қамтамасыз ету үшін 38 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылған. Сонымен қатар 5.1-корпусқа барар жолдағы кедергілерді жою жөнінде Тараз қаласының әкіміне өтініш білдірілген.
Осы бастамалардың барлығы бір мақсатқа – университеттің мүмкіндіктерін кеңейтіп, оны өңірдің дамуына тікелей ықпал ететін орталыққа айналдыруға бағытталған. Ректордың айтуынша, алдағы жылдардағы жұмыстардың түпкі нәтижесі Жамбыл облысының дарынды жастарының туған жерінде қалып, өз өңірінің болашағын қалыптастыруға үлес қосуымен өлшенуі тиіс. Өйткені жыл сайын Тараз қаласы мен облыс мектептерін 3 мыңнан астам түлек бітіріп, білім алу үшін өзге өңірлерге кетеді. Олардың көпшілігі кейін шетелге қоныс аударады. Бұл – өңірдегі адами капиталды сақтау мен дамыту тұрғысынан маңызды мәселе.
Сондықтан университет алдағы уақытта академиялық бағытта индустриялық PhD бағдарламаларын және жаңа мамандықтарды дамытуды, ғылыми салада STEM мектептері мен қолданбалы зерттеулерді кеңейтуді, халықаралық бағытта қос дипломды бағдарламалар мен Horizon Europe жобаларына қатысуды, әлеуметтік бағытта QOLDAU 360 орталығы мен заманауи кампусты дамытуды, қаржылық бағытта эндаумент қорын ұлғайтуды көздеп отыр.
Кездесу соңында облыс тұрғындары мен қатысушылар тарапынан бірқатар сұрақ қойылып, ұсыныстар айтылды. Ләззат Қалымбекқызы көтерілген мәселелерге жауап беріп, тұрғындардың пікірлері мен ұсыныстары университеттің алдағы жұмысында ескерілетінін жеткізді. Жиын ашық пікір алмасу форматында өтіп, оқу орнының қызметіне қоғам тарапынан берілетін бағаның маңызын тағы бір мәрте көрсетті.
Университет басшылығының ұстанымы айқын: білім мен ғылымға салынған инвестиция ең алдымен адамға, қоғамға және туған жердің дамуына қызмет етуі керек. Өйткені жоғары оқу орнының шынайы жетістігі тек рейтингпен, жарияланған ғылыми мақалалармен немесе қабылданған студенттер санымен өлшенбейді. Оның басты нәтижесі – сапалы білім алған, кәсіби біліктілігі жоғары, елінің ертеңіне жауапкершілікпен қарайтын азаматтардың қалыптасуы.
Дулати университетінде басталған жаңару үдерісі де осы мұратпен сабақтас. Бүгінде қолға алынған реформалар, халықаралық жобалар, өндірістік серіктестік, ғылыми зертханалар мен заманауи кампус қалыптастыру бастамалары алдағы жылдары өз нәтижесін беруі тиіс. Білімді ұрпақ, қуатты ғылым, білікті маман және дамыған өндіріс – өңір өркендеуінің берік негізі. Дулати университеті осы төрт бағытты бір арнаға тоғыстырып, Жамбыл облысының ғылыми-білім беру және индустриялық-инновациялық әлеуетін арттыруға үлес қосуды мақсат етіп отыр.
Туған жердің ертеңі – білімді ұрпақтың қолында. Ал сол ұрпаққа сапалы білім беріп, ғылымға жол ашу, қабілетін шыңдау және ел игілігіне қызмет етуге бағыттау – бүгінгі университеттің басты миссиясы.