Мойынқұм ауданында құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары жүргізілді

0 5

2026 жылғы 5 қазан мен 5 қараша аралығында Жамбыл облысында «Қауіпсіз аула» атты рейдтік-профилактикалық іс-шаралар өткізу жоспарланған. Оның аясында Мойынқұм аудандық пробация қызметі есепте тұрған сотталғандар арасында құқық бұзушылықтың және қылмыстың қайталануының алдын алуға бағытталған жұмыстар жүргізді, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және пробация есебіндегі азаматтардың заң талаптарын сақтауына ықпал ету.

Пробация қызметінің жұмысы сотталған азаматты есепке алған сәттен басталады. Мамандар оған жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын, заңда белгіленген міндеттерін түсіндіріп, әкімшілік құқық бұзушылықтарға жол бермеу және қайта қылмыс жасамау жөнінде профилактикалық әңгімелер өткізеді. Мұндай түсіндіру жұмыстары азаматтардың жауапкершілігін арттыруға және қоғамға бейімделуіне бағытталған.

Рейдтік іс-шаралар барысында бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға сотталған азаматтардың тұрғылықты жері тексеріліп, олардың мінез-құлқы мен жаза өтеу талаптарын сақтауына назар аударылады. Қажет болған жағдайда Мойынқұм аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, есепте тұрған азаматтардың мекенжайлары нақтыланады. Сонымен қатар олардың ата-аналарымен, туыстарымен және оң ықпал ете алатын өзге де адамдармен профилактикалық әңгімелер жүргізілді.

Бұдан бөлек, сотталғандардың құқықтық тәртібі мен есептік деректері қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен зерделенеді. Жаза өтеу талаптарын бұзу немесе өзге де құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда, әрбір жағдайға құқықтық баға беріліп, заңда көзделген тиісті шаралар қабылданды.

Мойынқұм аудандық пробация қызметінің бұл бағыттағы жұмысы құқық бұзушылықтың алдын алуға, сотталған азаматтардың қоғамға бейімделуіне және тұрғындардың қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған. Алдын алу шараларын жүйелі жүргізу – қайталама қылмыстың қаупін азайтып, қоғамда заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастырудың маңызды тетігі.