Облыс кәсіпорындарымен 1103,6 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімін өндірді

0 6

Облыс экономикасының негізгі секторларының бірі – өнеркәсіп. Жалпы облысымызда өнеркәсіп кешені аймақ экономикасының негізгі қозғаушы күші болып табылады. Өңірдің химия өнеркәсібі – аймақтың «визит карточкасы» болса, металлургия және тау-кен өндірісі тынысы. Ал өңдеу өнеркәсібі және құрылыс материалдары өңірдің жетістігі болса, жеңіл және тамақ өнеркәсібі күнкөрісінің негізі. Жамбыл облысы – бұл индустриалды-аграрлық аймақ. Өнеркәсіпте ірі, орта, шағын кәсіпорындарды қоса алғанда, 100-ен астам кәсіпорындар мен өндірістер қызметін жүзеге асырады, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Гүлмира Иманбаеваның айтуынша, осы жылдың 9 айында облыста экономиканың негізгі бағыттары бойынша оң динамика қалыптасып отыр. Яғни өнеркәсіп өндірісі, ауыл шаруашылығы, негізгі капиталға салынған инвестициялар, құрылыс жұмыстары мен сауда көлемінің өсуі байқалады.

– Өнеркәсіп – бұл кез келген мемлекет экономикасының маңызды секторы. Ол табиғи шикізатты өндірумен, оны өңдеумен және әртүрлі заттар мен энергияны өндірумен айналысатын кәсіпорындардан, зауыттардан және фабрикалардан тұрады. Осы жылдың 9 айындағы қорытынды бойынша облыс кәсіпорындары 1103,6 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімін өндірді. Өнеркәсіп өндірісінің индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 118,1 пайыз болды. Бұл саланың үлкен үлесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі, ол 66,1 пайызды құрайды. Жалпы 9 айда бұл салада 729,8 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өнеркәсіп өндірісінің индексі 126,1 пайызды көрсетті, – дейді департамент өкілі.

Жалпы өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің өсуіне негізгі үлесті өңдеу өнеркәсібі қосты. Ал электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен жабдықтау және кондицияланған ауамен қамтамасыз ету саласында 195,2 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Өнеркәсіп өндірісінің индексі 107,8 пайызды құрап отыр. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде 171,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өнеркәсіп өндірісінің индексі 107,2 пайызды құрады.