Заңға адалдық – өмірлік ұстаным

0 10

Заңға құрмет – қоғамға құрмет. Құқықтық мемлекет құру жолында заңдылықты сақтау, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау, әділдік қағидаттарын орнықтыру айрықша маңызға ие. Осы бағытта құқық қорғау органдарында қызмет етіп, кейінгі ғұмырын ғылым мен білімге арнаған азаматтардың еңбегі қашанда құрметке лайық. Солардың бірі – заң ғылымдарының кандидаты, доцент, отставкадағы полиция полковнигі Құрманбек Сағынбеков. Биыл алпыс жасқа толған ғалымның мерейтойына орай Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «Заң мен тәртіп: құқық үстемдігін қамтамасыз етудің және адам құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Жиынға отандық және шетелдік ғалымдар, заң саласының мамандары, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен мерейтой иесінің әріптестері қатысты. Конференцияда құқық үстемдігін нығайту, адам құқықтарын қорғау, заңнаманы жетілдіру және құқықтық білім берудің өзекті мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Құрманбек Сағынбекұлының құқық қорғау саласындағы қызметі мен ғылыми-педагогикалық еңбегі кеңінен сөз болды.

Университет президенті Ерболат Саурықов мерейтой иесінің ғылым мен білім саласына қосқан үлесін атап өтті. Оның айтуынша, Құрманбек Сағынбекұлы құқық қорғау органдарында жинақтаған тәжірибесін жас мамандарға үйретіп, болашақ заңгерлердің кәсіби қалыптасуына ықпал етіп келеді.

– Заң саласы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Құрманбек Сағынбекұлы осы жолда табанды еңбек етіп, ел құрметіне бөленді. Тәуелсіз Қазақстанның құқықтық жүйесінің қалыптасуы мен дамуына үлес қосып, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Ұстаз еңбегінің бағасы – шәкіртінің жетістігі. Сондықтан оның еңбегі құқық қорғау саласындағы қызметімен ғана емес, жас ұрпаққа берген білімі мен өнегесі арқылы да құнды, – деді Ерболат Байұзақұлы.

Салтанатты жиында университет президенті мерейтой иесіне Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісін табыстап, иығына шапан жапты.

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің ректоры Ләззат Еркінбаева да ғалымның кәсіби жолына тоқталып, заң мен тәртіптің қоғамдағы маңызын атап өтті. Ол мемлекет қызметінің басты мақсаты адам құқығы мен бостандығын қорғау екенін айтып, Құрманбек Сағынбекұлының еңбек жолы осы ұстанымдармен тығыз байланысты екенін жеткізді.

– Жиырма жылдан астам уақыт ішкі істер органдарында қызмет атқарып, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Академиясы бастығының орынбасары лауазымына дейін көтерілдіңіз. Кейін жинақтаған тәжірибеңізді ғылыми ізденіспен ұштастырып, заң ғылымдарының кандидаты атандыңыз. Жүзден астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбегіңіз, он оқу құралыңыз жарық көрді. 2010 жылдан бері студенттерге дәріс оқып, тәжірибеңізді кейінгі буынмен бөлісіп келесіз. Шәкірттеріңіздің заң саласында еңбек етуі – ұстаздық жолыңыздың жемісі, – деді Ләззат Қалымбекқызы.

Халықаралық конференцияда белгілі ғалымдар мен заң саласының мамандары ғылыми баяндамалар жасады. Олардың қатарында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков, заң ғылымдарының докторы, профессор Айдарқан Скаков, Тұран университеті Жоғары құқық мектебінің профессоры Талғат Әкімжанов, Ресей мемлекеттік сот төрелігі университетінің өкілі Анна Ананьева, Ташкент мемлекеттік заң университетінің өкілі Махмут Утемуратов және Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің қауымдастырылған профессоры Маржан Билялова болды. Қатысушылар құқық үстемдігін қамтамасыз ету, адам құқықтарын қорғау және құқықтық жүйені жетілдіру мәселелері бойынша ой-пікірлерін ортаға салды.

Құрманбек Сағынбекұлы 1966 жылғы 11 қазанда Жамбыл ауданына қарасты Қызылабад ауылында дүниеге келген. 1973-1983 жылдары Құмшағал станциясындағы №24 орта мектепте оқып, білім ордасын үздік бітірген. Еңбек жолын «Жамбыл» станциясының локомотив депосында слесарь болып бастаған.

1987 жылы Жамбыл облыстық ішкі істер басқармасына жұмысқа қабылданып, құқық қорғау саласындағы қызметіне кіріскен. Кейін КСРО ІІМ Уфа жоғары мектебінде, одан соң Қазақстан Республикасы ІІМ Алматы жоғары мектебінде білім алып, 1993 жылы «Құқықтану» мамандығын тәмамдады. Алғашқы еңбек жылдарында қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыспен күресу және заңдылықты қамтамасыз ету бағытында тәжірибе жинақтады.

1996 жылы Қостанай қаласындағы Қазақстан Республикасы ІІМ Жоғары мектебіне қызметке ауысып, кейін осы оқу орнының институт және Академия ретінде қалыптасу кезеңдерінде түрлі жауапты лауазымдар атқарды. Кадр даярлау мен тәрбие жұмысына үлес қосып, Академия бастығының кадр және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызметіне дейін көтерілді. Полиция полковнигі атағымен құрметті зейнет демалысына шыққан ол КСРО ІІМ мен Қазақстан Республикасы ІІМ қызметінің үздігі атанған.

Құқық қорғау саласында жинақтаған тәжірибесін ғылыми зерттеулермен сабақтастырған ғалым 2005 жылы Мәскеуде заң ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. 2007 жылы Қазақстанда қайта аттестаттаудан өтіп, ғылыми дәрежесі ресми түрде бекітілді.

2010 жылдан бері жоғары білім беру саласында еңбек етіп келе жатқан Құрманбек Сағынбекұлы бүгінде Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің «Заң» факультетінде доцент қызметін атқарады. Ғылыми ізденістерінің негізгі бағыттары – қылмыстық құқық, криминология және қылмыстық-атқару құқығы. Оның еңбектерінде құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмыстық жазаларды орындау жүйесін жетілдіру, заңдылықты нығайту және адам құқықтарын қорғау мәселелері қамтылған.

Ғалымның жүзден астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбегі, соның ішінде он оқу құралы жарық көрген. Бұл еңбектер болашақ заңгерлердің кәсіби білімін тереңдетуге және құқықтық мәселелерді тәжірибеде сауатты шешуіне бағытталған.

Құқық қорғау саласында жиырма жылдан астам қызмет етіп, кейінгі өмірін ғылым мен білімге арнаған Құрманбек Сағынбекұлының еңбек жолы – мамандыққа адалдық пен табандылықтың үлгісі. Оның мерейтойына арналған халықаралық конференция ғалымның құқықтық ғылымды дамытуға, жас мамандарды тәрбиелеуге және қоғамда заңға құрмет қалыптастыруға қосқан үлесіне көрсетілген құрмет болды.