Ауылдарды газдандыру – аймақтарды дамытудың басты драйвері

0 7

Жайлылық дегеніміз – ең алдымен, тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмысты істеуге қолайлы елді мекеннің сапалы инфрақұрылымның болуы. Осы бағытта қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар бүгінде аймақта табысты іске асырылуда. Соның бір бағыты – елді мекендерді газдандыру, деп жазады «Aulieatanews» ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Облысы әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Дамир Тұңғатовтың айтуынша, бүгінгі күні аймақта елді мекендерді газдандыру деңгейі 92,2 пайызға жеткен. Жалпы облыстағы газ құбырларының жалпы ұзындығы 7658,5 шақырымды құрайды. Соңғы үш жылда «QazaqGaz Aimaq» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының инвестициялық бағдарламасы аясында 57,1 шақырым газ құбыры жөндеуден өткізілді. Оған қаралған қаржы 1,1 миллиард теңгені құрайды. Осы атқарылған жұмыстардың қорытындысында газ құбырларының орташа тозу деңгейі 23,6 пайызға дейін төмендеді.

Бүгінгі күні облыс аумағы арқылы табиғи газ «Бейнеу-Бозой-Шымкент», «Бухара газнасосты аумақ – Ташкент, Бішкек, Алматы», «Қазақстан-Қытай» магистральды газ құбырлары және «Амангелді газ» кенішінен тасымалдануда. Ал «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамына қарасты облыс аумағында жобалық қуаты сағатына 555,8 мың текшеметр болатын 18 автоматты газ тарату стансасы пайдаланылуда. Олардың нақты жоғары қуаты 438,9 мың текшеметр сағат, яғни 78,9 пайызды құрайды. Жаңадан салынып жатқан нысандарды қосуға берілген техникалық шарттарды ескере отырып, ең жоғары өнімділік 504,3 мың текшеметр сағат немесе 90,7 пайызды құрап отыр.

– Қолданыстағы автоматты газ тарату стансасы қуаты тұтынушыларды табиғи газбен қамтамасыз етуге жетеді. Газ тарату жүйесінің өткізу қабілеті бойынша техникалық тапшылық жоқ. Мәселен, осы жылдың 7 айын алып қарайтын болсақ, облыста жалпы 1171 миллион текшеметр сағат табиғи газ тұтынылған. Оның ішінде халық тұтынғаны сағатына 308,6 миллион текшеметр, ал отын-энергетика кәсіпорындары – 97,2 миллион текшеметр сағат, өнеркәсіптік кәсіпорындар – 736,7 миллион текшеметр сағат, коммуналдық мекемелер сағатына 28,5 миллион текшеметр табиғи отынды пайдаланған. Жыл қорытындысымен облыста сағатына 2053 миллион текшеметр газ тұтыну жоспарланып отыр. Оның ішінде халықтың тұтынуы сағатына 532 миллион текшеметр, отын-энергетика кәсіпорындары – 178 миллион текшеметр сағат, өнеркәсіптік кәсіпорындар – 1296 миллион текшеметр сағат, ал коммуналдық мекемелер сағатына 46 миллион текшеметр тұтынатын болады, – дейді басқарма өкілі.

Жалпы өңірде 73 елді мекенді газдандыру бойынша кезеңдік жоспар әзірленген. Аймақтағы елді мекен саны 357. Онда 1,216 миллион адам тұрады. Бүгінгі күні көгілдір отынмен қамтылғаны 284 елді мекен. Тұрғын саны 1,116 миллион адамды құрайды. Қазіргі таңда облыс халқының 91,8 пайызы газдандырылған болса, қалған елді мекендерді табиғи отынмен қамту жұмыстары кезең-кезеңмен жалғасуда.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, өткен жылы жалпы құны 19,1 миллиард теңгені құрайтын 14 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 10 елді мекеннің 5 мыңға жуық тұрғыны табиғи газға қол жеткізген. Оның ішінде Талас ауданындағы Майтөбе және Қожағаппар, Жуалы ауданындағы Қарабастау, Әбдіқадір, Жылыбұлақ және Дарбаза, Жамбыл ауданындағы Тоғызтарау, Құмсуат, Жаңаөткел және Сеңгірбай елді мекендері бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Жамбыл және Жуалы аудандарында газдандыру деңгейі 100, ал Талас ауданында 94,1 пайызға жеткен.