Туу туралы куәлік алу жолдарын білесіз бе?

0 43

Бала тууды тіркеу, оның ішінде азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу – мемлекеттік қызмет түрлеріне жатады. Әрбір адам үшін ұрпағының жалғасқанын көру – үлкен қуаныш. Куәлігін жасау үшін де халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіретініміз сөзсіз. Қазіргі уақытта аталған мемлекеттік қызмет түріне бірқатар өзгерістер енгізілген, проактивті түрде туу туралы куәлік алуыңа болады. Ол дегеніміз бала туыла салысымен анасына құттықтау смс келеді, сол жерде баланың есімін қойып, қарапайым сұрақтарға жауап беруін өтінеді. Яғни смс арқылы құжат рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған.

Екінші жолы — электрондық үкімет порталы арқылы тапсыру, ол үшін төмендегідей қарапайым төрт жолды таңдау керек: Қызметті онлайн алу (қажетті құжаттар). Порталда авторизациядан өтіп, «Онлайн сұратым» батырмасын басыңыз. Өтінімді толтырып, оған Электрондық цифрлық қолтаңба немесе смс-паролінің көмегімен қол қойыңыз (міндетті түрде мобильдік азаматтар базасында тіркеу бар болу қажет). Жеке кабинетте («Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде) көрсетілген уақыт ішінде келіп түсетін сіздің өтініміңізді өңдеу туралы хабарламамен танысыңыз.

Хабарламада көрсетілген уақытта АХАЖ-ға барыңыз. Өзіңізбен бірге:

— туу туралы, медициналық куәліктің түпнұсқасы;

— неке қию туралы куәліктің түпнұсқасы;

— ананың жеке куәлігінің түп нұсқасы;

— әкенің жеке куәлігінің түпнұсқасы болуы қажет.

Жоғарыда аталған екі жолмен тапсыру қиын болса немесе онлайн тапсыруға мүмкіндік болмаса, халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуге болады.

К. АМАНҚҰЛОВ,

Сарысу аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының бөлім басшысы.

Жамбыл облысы.