Ауданымыздан шыққан айбарлы ұл

0 41

Бала — адамның  бауыр  еті,   көз қуанышы,  өмірінің   жалғасы, бағы,  байлығы.   Олардың  өмір  теңізінде еркін  жүзуі,  жетістікке  жетуі,  адам  болып  қалыптасуында  ата-ананың  алатын  орны  ерекше.     Анасының  ақ  тілеуімен  байрақты  бәсекелерде  жұлдызы  жанып  жүрген  Нышан  Өмірәлінің  анасы  Күлтан   Нұрмахамбетқызымен  пікірлескен  болатынбыз.

Нышан  Өмірәлі  ел  мақтанышы, Жамбыл облысы әкімдігі  дене шынықтыру  және  спорт  басқармасының  «Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған  спорттық  клуб»  мекемесінің  спортшысы.  Қазақстан Рес­пуб­ликасының  халықаралық   дәрежедегі  спорт  шебері. Ұлттық құрама командасының  мүшесі,   бірне­ше  халықаралық  жарыстардың  жеңімпазы.  Ел  тарихында  бірінші  рет  паратаэквондодан  V әлем чемпионатының +75 келі салмақта әлем  чемпионатының  жеңімпазы,  Филлипинде  өткен  Азия чемпионатының  жеңімпазы,  Польшада  өткен  Еуропа  чемпионатының күміс  жүлдегері  Ұлыбритания  астанасы  Лондон  қаласында өткен мүмкіндігі  шектеулі  спортшылар  арасында  паратаэквондодан  +75  келіден жоғары  К72  санатында тағы да  Әлем  Чемпионы  атанды.  2021  жылдың мамыр айында  Амман  (Иордания) қаласында  өткен  паратаэквондодан  Азияның квалификациялық  турнирінде  +75  келіден  жоғары санатында  жеңімпаз атанып,  Токио  (Япония)  қаласында  24 тамыз – 5 қыркүйек  аралығында өтетін  Параолимпиада  ойындарына  лицензия  ұтып  алған  ауданымыздың  айбарлы   ұлы.

— Ана  үшін  әр  баланың  өз  орны  бөлек.    Нышаным  Алла  берген  төрт  баламның  үшіншісі.  Жаратушы  ерекше  етіп  жаратқан  жарығым. Кішкентайынан  өте  зерек,  алғыр  болды.  Ешқашан өзін  өзгеден  төмен  көрмеді.  Сондықтан,  спортқа  қызығушылығы  бастауыш  сыныптан  басталды.  Бастапқыда  ара-тұра  барып  жүрді.  Кейін  өзіне  ыңғайлы,  ебіне  келетін  таэквондоны  жанына  серік  етті.   Үнемі  алға  ұмтылады. Жауапкершілігі  жоғары,  жеңіс  жолында  аянбай  еңбек  етеді.  Осы  еңбегі  жеңіске  жеткізеді.  Болмашы  қиындыққа  бас  қатырмай,  әрбір  істе  өзіне  сенімді  болу  басты  қасиеті.  Бұл  жарыс  өзгелерінен  салмақтырақ.  Әлем назарындағы  бәсекеде  бағы  жануын  күні-түні  тілеймін.  Алла  балама  жар  болып,   жеңіспен  оралады  деген үміттемін —  деген  Күлтан  ана  Нышанның  перзенттік  сыйы  мен  құрметіне  разылығын  жеткізді.

Біз де Нышанның  тынымсыз  еңбегі  мен  төккен  теріне  анасы  Күлтанның  ақ  батасы  ұштасып,  спорт  тарихында  аты  алтын  әріптермен  жазылатына  сенеміз.

Aulieatanews, Талас ауданы.