БОЛАТБЕКТІҢ ЖЫЛЫЖАЙЫ

0 15

Кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаровпен бірге Ойық ауылдық округіне қарасты Көктөбе елді мекенінің тұрғыны Болатбек Тілепбергеновтың өз үйі жанынан тұрғызған жылыжайында болып, ондағы жұмыс барысымен таныстық.

Болатбектің еңбекке икемділігін, өз ісіне тиянақтылығын үйінің ауласына кіргеннен-ақ байқадық. Ауласы тап-тұйнақтай таза, айналасын неше түрлі гүл көмкерген, артық — ауыс бір зат жоқ. Бақшасындағы қияр, пияз, сәбіз, қызанақ жүйектері жайқалып тұр, арасында бір тал арам шөп жоқ. Тазалық салтанат құрған.

— Егілген пияздан 15 қап, сәбізден 10 қап өнім жинаймын деген ойым бар. Өзіміздің отбасымызға жетеді, ал қиярдан күнделікті жеп отырмыз, — дейді Болатбек.

Жылыжай 3 соттық жерге орналасыпты. Темірден қиюлас­тырып соғылған жылыжайдың қабырғалары клеёнкамен, төбесі арнайы қара торы бар материалмен қапталыпты. Төбесіндегі осы тордан 45 пайыз күн сәулесі, 55 пайыз көлеңке түседі екен. Бұл көрсеткіштің жылыжай ішіндегі өнімге үлкен пайдасы бар.

— Жылыжай ішіне биылғы қаңтар айында қызанақ көшеттерін отырғызып, сәуір айында 4 тонна өнім жинадым. Оны Тараз қаласына апарып, алғашында әр келісін 700 теңгеден, соңына қарай 300 теңгеден өткіздім.  Далаға 50 соттық ашық жерге де қызанақты көшетінен отырғызып, одан да 6 тонна өнім алдым. Оны да Таразға апарып өткіздік.

Қазіргі таңда жылыжай ішінде шілденің басында көшеттен отырғызылған қызанақтың сабағы бой көтеруде. Оның өнімін қазан айында жинамақ.

Жылыжай ішіне барлық жағдай жасалған.  Жылыту жүйелері орнатылған, ауа райы суытқанда жылыту жүйелері газбен  жылытылады екен. Сондай- ақ, мұнда тамшылатып суару технологиясы пайдаланылуда. Өте тиімді, суға да үнем болып тұр. Жылыжай ішіндегі термометр арқылы ішкі температура да басты назарда ұсталып отыр.

2019 жылы  өз қаражатымен (3,5 миллион теңге) осы жылыжайды соққанда, қияр егуден бастаған Болатбек тәжірибе жинап, әбден ысылыпты.

Оның ендігі мақсаты: жылыжайды үлкейту болып отыр. Ол үшін жылыжай жанында бос тұрған жер де бар. Бұл жұмыс өте қомақты болмақ. Қомақты жұмысқа қомақты қаржы керек. Болатбек осыған орай мемлекеттен  қолдау болса дейді.

Ол сондай-ақ  2020 жылы қосымша табыс үшін мал басын көбейту мақсатында мемлекеттен  «Еңбек» бағдарламасы бойынша 4 миллион теңге несие алып, ірі қара алған. Енді сол малды әрі қарай көбейту үшін мемлекеттен тағы да қолдау күтіп отыр.

Еңбектің көзін тапқан Болатбек Тілепбергеновтың алға қойған мақсаты — айқын.

«Адал еңбекпен мал іздемек, ол – арлы адамның ісі» -дейді ғой ұлы Абай. Ендеше, еңбек жолына түскен Болатбектің қадамы құптарлық.

Aulieatanews, Талас ауданы.