Ақермен мен тәттідегі өнер күндері
Аудан көлемінде өткізіліп жатқан «Тәуелсіздік толғауы» атты әдебиет пен өнер күндері өткен аптада Ақермен және Тәтті ауылдық округтерінде жалғасын тапты, – деп хабарлайды “Aulieatanews” ақпараттық агенттігі.
Осы күні Кеңес ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Қарлығаш Еламан бастаған кеңестік өнерпаздар Ақермен ауылына барып, өздерінің концерттік бағдарламасымен өнерлерін көрсетті.
Жайдары желі жаныңды жылытып, шұғыласы көңілдерге қуаныш сыйлайтын көктемнің жайма-шуақ күні еді. Кеңес ауылының көк Туымызды желбіреткен шабандоздары, шапан мен тымақтарын киген ақсақалдары, ақ жаулықты апалары және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған плакаттарын көтерген бір топ жастар Ақермен ауылына шерулетіп кіріп келді. Қонақтарды құшақ жая, шашулатып қарсы алған Ақермен халқы «Көш аман болсын» деген дәстүрмен ағарған мен тәттілерін ұсынды. Аман-саулықтан соң ақсақалдар ақ баталарын беріп, мерекенің мән-мағынасынан сыр шертетін көрме қойылған және киіз үй тігілген алаңға қарай аяңдады.
Міне, кеңестік өнерпаздар сахна төрінде. Олар Жамбыл Жабаевтың туылған кезінен, ұстазы Сүйінбай өзінің батасын беріп, домбырасын сыйға тартқан сәтінен, сондай-ақ, Жамбылдың Айкүміспен айтысынан көріністер қойып, ұлы ақынды ұлықтады. Жалпы, Кеңес өнерпаздарының орындауындағы әндер, билер, ақиық ақын Мұқағали Мақатевтың өлеңдері және т.б. бағдарламалық нөмірлері Ақермен халқының көңілінен шығып, қошеметіне бөленді. Одан кейін, Кеңес жастары «Қыз қуу», «Теңге ілу» және «Аударыспақ» дәстүрлерін сахналық көрініспен емес, ауыл сыртына шығып, шынайы түрде көрсетті.
Кеңестіктердің орындауындағы керемет кештен алған әсермен түс ауа Тәтті ауылына жеттік. Мұнда Аспара ауылының мәдениет майталмандары өнер көрсетпек. «Асанбай ағамыздың ауылына тәу етіп келдік, амансыңдар ма, Тәтті елі!» деп сәлеммен қадам басқан аспаралықтарды Тәтті тұрғындары баян және домбырамен ән салып, құшақ жая күтіп алды. Тәтті ауылдық клубында өздерінің мерекелік бағдарламасын ұсынған Жазира Рахманқұлова жетекшілік ететін Аспара өнерпаздары тәттіліктерді тәтті сезімге бөледі. Әсіресе, «Мерейлі әжелер» тобының орындауындағы заманауи билердің поппуриі көпшілікті мәз-мейрам еткені анық. Сондай-ақ, «Қалыңдық іздеген 45 жастағы сұр бойдақ» қойылымы, әр түрлі ұлт өкілдерінен құралған топтың «Қаражорғаны» билеуі, «Ақ кербез» бишілер тобының «Ақсақ киік» биін заманауи негізде орындауы, вокалды инструменталдық ансамбльдің орындауындағы әндер, бәрі-бәрі жиналған жұртшылықтың жүрегінен жылы орын алды.
Кеңестіктер мен аспаралықтардың өнер күндерінеқатысқан сарапшы топтың мүшелері Серік Құралбаев, Нұржан Тулақбаев және Ғалымжан Мамырбаевтар екі ауылдың да өнерпаздары осынау іс-шараға жоғары деңгейде дайындалғандарын жеткізіп, өнерлерін жоғары бағалады.