Жас өнертапқыштар сайысты

0 37

Сейсенбі күні, А.Асқаров атындағы Орталық стадионда аудандық білім бөлімі және «Өркен» балалар шығармашылығын дамыту орталығының ұйымдастыруымен техникалық шығармашылық және өнертапқыштар республикалық жарысының аудандық кезеңі болып өтті, – деп хабарлайды “Aulieatanews” ақпараттық агенттігі.

Аталмыш іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында ұйымдастырылды. Оның мақсаты – балалар мен жастардың ғылыми техникаға қызығушылығын қалыптастыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту, қазіргі заманғы техникаларды тиімді пайдалану мәдениетіне тәрбиелеу және оқушылардың алғашқы техникалық білім алуын ұйымдастыру болып табылады.

Қазіргі таңда, ғылыми техникалық жетістіктердің қоғамда алатын рөлі күн сайын жастардың жаңа технологияға деген қызығушылықтарын арттыруда. Бұл қызығушылық оқушылардың болашақтағы мамандықтарын таңдауға бастау болары анық. Сондықтан, жас ұрпақтың техникалық сауаттылығын дамыту бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі болып саналмақ.

Осынау іс-шараға «Өркен» балалар шығармашылығын дамыту орталығының және аудандағы жалпы білім беретін мектептердің оқушылары қатысты. Олар әуе, зымыран, көлік және кеме құрастыру бағыттары бойынша сынға түсіп, өздері жасаған ұшақтар мен зымырандарын аспанға ұшырып, өнерлерін көрсетсе, көлік құрастырушылардың арасында да жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаздар анықталды. Сондай-ақ, жас өнертапқыштардың жасаған техникалық заттарынан арнайы көрме де ұйымдастырылды.

Іс-шараға қатысқан аудандық білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаева, аудандық мәслихаттың депутаты Ғалымжан Мамырбаев және аудандық білім бөлімінің әдіскерлері Сәуле Раптаева мен Ардақ Тулетбековалар қатысушылардың өнерлерін бағалап, жеңімпаздар мен жарыстың облыстық кезеңіне жолдама алғандарды анықтады. Айгерім Аханқызы жарыс жеңімпаздарын құттықтап, арнайы дипломдармен марапаттаса, келесі кезеңге жолдама алған оқушыларға сәттілік тіледі.