Молдахметова Жулдыз Тургановнаның сайлауалды бағдарламасы

0 190

Байзақ Аудандық Мәслихатының Депутаттығына №5 Бірмандаттық Аумақтық Сайлау Округі Бойынша “Әділет” Партиясынан Ұсынылған Кандидат Молдахметова Жулдыз Тургановнаның Сайлауалды Бағдарламасы

Мен, Молдахметова Жулдыз Тургановна, 1974 жылы 25 қарашада Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Амангелді совхозында дүниеге келдім.

1981 жылы Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Амангелді совхозында Б.Момышұлы атындағы орта мектебіне  1-сыныпқа бардым.

1991 жылы Б.Момышұлы атындағы орта мектебін аяқтадым.

2010 жылы Тараз Мемлекеттік институты жанындағы «Мәдениет және өнер» колледжінің  «Мектепке дейінгі білім беру және тәрбиелеу» мамандығы бойынша оқуға түстім.

2013 жылы осы оқу орнын аяқтадым.

2010 жылы Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Жақаш ауылында ашылған  «Айнұр» бөбекжай-бақшасына тәрбиеш, 2013 жылдан бастап осы аталған балабақшада әдіскер болып жұмыс атқарып келемін.

Отбасылымын, 1 қыз, 3 ұлдың анасымын.

Білімді ұрпақ – жарқын болашақ, жайлы орта – сапалы өмір!

Менің басты мақсатым – тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге атсалысу, балалардың сапалы тәрбие алуына жағдай жасау және ауылдың әлеуметтік дамуына үлес қосу.

Негізгі басымдықтарым:

— Мектепке дейінгі тәрбие мен білім, балабақшалардың материалдық-техникалық базасын жақсартуға, балаларға қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға ықпал ету.

Баланың тұлға болып қалыптасуындағы алғашқы қадамдар мектепке дейінгі кезеңнен басталады. Сондықтан бөбекжай-бақшалардағы тәрбие жұмысының сапасына, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға және заманауи білім беру әдістерін енгізуге ерекше мән берілуі қажет. Сонымен қатар балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға, олардың танымдық қызығушылығын арттыруға бағытталған түрлі іс-шаралар мен тәрбиелік жобаларды қолдау маңызды. Мектепке дейінгі ұйымдарда әр баланың жеке қабілеті мен ерекшелігін ескеретін тәрбие ортасын қалыптастыруға ықпал ету-басты назардағы мәселелердің бірі.

— Балалар қауіпсіздігі: ойын алаңдарының жай-күйін жақсарту, көшелердегі жарықтандыру мен жол қауіпсіздігі мәселелерін көтеру.

Балалардың қауіпсіздігі тек білім беру ұйымдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті деп есептеймін. Осы бағытта балабақша мен отбасы арасындағы байланысты нығайтып, балаларға жолда жүру ережелерін үйрету, қоғамдық орындарда қауіпсіздік талаптарын сақтау жөніндегі түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажет. Ауыл аумағындағы балалар жиі пайдаланатын ойын алаңдары мен демалыс орындарының талапқа сай болуына да назар аударған жөн. Әрбір ата-ана баласының қауіпсіз ортада өсіп, алаңсыз білім алып, ойнауына сенімді болуы керек.

— Отбасын қолдау: ата-аналарға кеңес беру жұмыстарын дамытуға, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы жағдай жасауға атсалысу.

Бала тәрбиесінде отбасының алатын орны ерекше. Баланың мінез-құлқы, дүниетанымы мен қоршаған ортаға көзқарасы ең алдымен отбасында қалыптасады. Осыған байланысты ата-аналардың педагогикалық сауаттылығын арттыруға, отбасындағы тәрбие мәселелері бойынша түсіндіру және кеңес беру жұмыстарын дамытуға қолдау көрсету қажет. Әсіресе жас отбасыларға бағыт-бағдар беріп, ата-аналар мен білім беру ұйымдары арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту маңызды. Баланың тәрбиесі мен дамуына қатысты мәселелерді бірлесе шешу арқылы келешек ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына жағдай жасауға болады.

— Ауыл инфрақұрылымы: жолдарды жөндеу, ауыз су сапасы, көшелерді жарықтандыру және абаттандыру мәселелерін тиісті органдар алдында көтеру.

— Жастар мен әйелдерді қолдау: жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, әйелдердің жұмыспен қамтылуы мен кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетуге ықпал ету.

Ауылдың қоғамдық өмірінде әйелдердің белсенділігін арттыру мен олардың әлеуетін тиімді пайдалану да маңызды бағыттардың бірі. Әйелдердің кәсіби дамуына, білімін жетілдіруіне және жеке кәсіп бастауына мүмкіндік беретін бастамаларды қолдау қажет. Сонымен қатар ауыл жастарының қоғамдық жұмыстарға араласуына, өз қабілеттерін көрсетуіне және түрлі әлеуметтік жобаларға қатысуына жағдай жасалуы тиіс. Жастардың ұсыныстары мен тың идеяларына назар аудару арқылы олардың туған жерінің дамуына деген жауапкершілігін арттыруға болады. Әрбір азаматтың қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік жасау – ауылдың өркендеуіне ықпал ететін маңызды қадам.

— Тұрғындармен тұрақты байланыс: азаматтардың өтініштерін тыңдап, көтерілген мәселелердің шешілу барысын бақылауда ұстау.

Ауылдың дамуы тек әлеуметтік нысандардың жаңаруымен өлшенбейді. Сондықтан ауыл тұрғындарының бастамаларын қолдап, қоғамдық маңызы бар мәселелерді бірлесе талқылауға мүмкіндік жасау қажет. Әрбір тұрғынның пікірі ескеріліп, ұсыныстары назардан тыс қалмаған жағдайда ғана ортақ мақсаттарға қол жеткізуге болады. Мен үшін туған өлкенің өркендеуі, балалардың алаңсыз балалық шағы мен отбасылардың амандығы – маңызды құндылықтар.

Менің ұстанымым: халықтың ұсынысын тыңдау, нақты мәселелерді көтеру және олардың заң аясында шешілуіне ықпал ету. Әрбір бастама тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталуы тиіс.

Ортақ мақсатымыз – балаларға жарқын болашақ, ауылға қолайлы орта, тұрғындарға лайықты өмір!

Тапсырыс жасаған тұлға: №5 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Байзақ аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Жулдыз Тургановна Молдахметова.

Қандай қаражат ақысынан төленген:

Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстар есебінен төленді.