Курманкулова Айжан Бакытжановнаның сайлауалды бағдарламасы

0 17

Байзақ Аудандық Мәслихатының Депутаттығына №13 Бірмандаттық Аумақтық Сайлау Округі Бойынша Өзін-Өзі Ұсынған Кандидат Курманкулова Айжан Бакытжановнаның Сайлауалды Бағдарламасы

Мен, Курманкулова Айжан Бакытжановна, 1992 жылы Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Жасөркен ауылында дүниеге келдім.

2008-2012 жылдар аралығында Жамбыл медициналық колледжінде оқыдым.

2013-2020 жылдар аралығында  Астана медициналық университетінде жоғары білімімді алдым.

2023-2025 жылдары Қырғызстан И.К.Ахунбаев атындағы Қырғыз Мемлекеттік медициналық академиясында резидентурамды оқып бітірдім.

 2020 жылдан бері Байзақ аудандық орталық ауруханада дәрігер қызметін атқарып келемін.

Отбасылымын. 2 қызды тәрбиелеп отырмын.

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАМ

«Дені сау ұлт – жарқын болашақтың кепілі!»

Мен, Курманкулова Айжан Бакытжановна, дәрігер ретінде адам денсаулығын қорғау, ана мен бала саулығын сақтау және халыққа сапалы медициналық көмек көрсету бағытында еңбек етіп келемін.

Денсаулық сақтау саласындағы кәсіби тәжірибем маған тұрғындардың әлеуметтік және медициналық мәселелерін терең түсінуге мүмкіндік берді.

Менің басты бағыттарым-халықтың өмір сапасын жақсартуға, медициналық және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, әйелдер мен балалардың денсаулығын қорғауға бағытталған бастамаларды қолдау.

Осы мақсатта төмендегі басым бағыттарды ұсынамын.

  1. Ана мен бала денсаулығын қорғау

— Ана мен бала денсаулығын қорғауға бағытталған бағдарламаларды қолдау.

— Жүкті әйелдерге медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мәселесін көтеру.

— Балалардың денсаулығын сақтау және профилактикалық тексерулерді дамытуға ықпал ету.

— Ауылдық жерлерде ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмектің үздіксіз әрі сапалы болуына ерекше назар аудару.

— Ана болуды жоспарлау және репродуктивті денсаулық мәдениетін қалыптастыру бойынша ақпараттық жұмыстарды қолдау.

  1. Әйелдер денсаулығы-қоғам саулығы

— Әйелдер арасында профилактикалық медициналық тексерулердің маңыздылығын насихаттау.

— Гинекологиялық аурулардың алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстарын қолдау.

— Әйелдердің репродуктивті денсаулығына қатысты медициналық сауаттылығын арттыру.

— Жасөспірім қыздардың денсаулығын қорғау мәселелеріне көңіл бөлу.

— Әйелдердің денсаулығына қатысты өзекті мәселелерді ашық талқылауға мүмкіндік беретін ақпараттық кездесулер ұйымдастыруды қолдау.

  1. Сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігі

— Ауылдық жерлердегі медициналық қызмет сапасын жақсарту мәселесін көтеру.

— Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға ықпал ету.

— Дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайларын жақсарту бастамаларын қолдау.

— Тұрғындарды қажетті медициналық тексерулермен қамту мәселесіне назар аудару.

— Алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімділігін арттыруға атсалысу.

— Медициналық қызмет көрсету барысында тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын ескеріп, шешімін табуына ықпал ету.

  1. Әлеуметтік қолдау және отбасы құндылықтары

— Көпбалалы және әлеуметтік осал отбасыларды қолдау мәселелерін көтеру.

— Жалғызбасты аналар мен ерекше күтімді қажет ететін балалар тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсету бастамаларын қолдау.

— Қарт адамдар мен әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардың мәселелерін назарда ұстау.

— Отбасы институтын нығайтуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған жобаларды қолдау.

— Отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жергілікті бастамалардың жүзеге асуына қолдау көрсету.

  1. Жастар денсаулығы және салауатты өмір салты

— Жастар арасында денсаулық мәдениетін қалыптастыру.

— Спорттық және бұқаралық сауықтыру шараларын дамытуға қолдау көрсету.

— Зиянды әдеттердің алдын алу бойынша ақпараттық жұмыстарды қолдау.

— Жасөспірімдер арасында медициналық сауаттылықты арттыруға бағытталған жобаларды қолдау.

  1. Ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту

— Ауылдық елдімекендердегі медициналық және әлеуметтік нысандардың жағдайын жақсарту мәселесін көтеру.

— Балалар алаңдары мен спорт нысандарын дамытуға ықпал ету.

— Ауыз су, жол және көшелерді жарықтандыру мәселелерін шешуге атсалысу.

— Тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштерін мәслихат деңгейінде көтеру.

Денсаулық-адам өміріндегі ең басты құндылық. Ал дені сау ана мен бала- ұлт болашағының негізі.

Дәрігер ретінде адамдардың денсаулығы мен өмірі үшін жауапкершілікті сезінемін. Осы жауапкершілікті қоғамдық қызметте де жалғастырып, тұрғындардың мәселелерін көтеруге, елдімекендердің дамуына және халықтың әл-ауқатын арттыруға үлес қосуға дайынмын.

Менің басты ұстанымым-адамға қамқорлық, қоғамға жауапкершілік, болашаққа сенім!

Тапсырыс жасаған тұлға: №13

бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Байзақ аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Айжан Бакытжановна Курманкулова.

Қандай қаражат ақысынан төленген: Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстар есебінен төленді.