Әбделі Қалибек Қалдарбекұлының сайлауалды бағдарламасы

0 18

Байзақ Аудандық Мәслихатының Депутаттығына №11 Бірмандаттық Аумақтық Сайлау Округі Бойынша Өзін-Өзі Ұсынған Кандидат Әбделі Қалибек Қалдарбекұлының Сайлауалды Бағдарламасы

Мен, Әбделі Қалибек Қалдарбекұлы, 1992 жылы 17 шілдеде Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Диқан ауылында дүниеге келдім.

2010 жылы Диқан ауылындағы В.И. Ленин атындағы орта мектепті бітірдім.

2013 жылы ТарМПИ Педагогикалық-инновациялық колледжін информатика мамандығы бойынша тәмамдадым.

2019 жылы Шымкент қаласындағы SILK WAY Халықаралық университетінің информатика факультетін аяқтадым.

Еңбек жолымды 2013 жылы Қазақстанның 40 жылдығы атындағы мектепте бастадым. Аталған білім беру ұйымында информатика пәні мұғалімі қызметін атқардым.

2024 жылдан бастап №1 мектеп-гимназиясында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары (ДТІЖО) лауазымында қызмет атқарып келемін.

Қазіргі таңда білім беру саласында оқушылардың тәрбиесі мен білім сапасын арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және өскелең ұрпақтың бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру бағытында еңбек етіп келемін.

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАМ

«Сапалы тәрбие-саналы ұрпақ кепілі»

Менің басты мақсатым-өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, саналы тәрбие мен ұлттық құндылықтар негізінде қалыптасуына үлес қосу.

Мектептегі тәрбие саласында жинақтаған тәжірибемді пайдалана отырып, ауданның білім беру және әлеуметтік бағыттағы өзекті мәселелерін шешуге атсалысуды көздеймін.

Бүгінгі қоғамда білімді ұрпақ тәрбиелеумен қатар, оның бойына жауапкершілік, адалдық, еңбекқорлық және отансүйгіштік қасиеттерін сіңірудің маңызы артып келеді. Өйткені жас ұрпақтың тұлға болып қалыптасуы тек мектеп қабырғасындағы біліммен шектелмейді. Бұл-отбасы, мектеп және тұтас қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Осы орайда балалар мен жасөспірімдердің тәрбиесіне қатысты мәселелерді жүйелі түрде зерделеп, олардың оң шешілуіне ықпал етуді басты міндеттерімнің бірі санаймын.

Негізгі басымдықтарым:

  1. Білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының сапасын арттыруға ықпал ету.

Білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысы заман талабына сай жаңарып, оқушылардың жеке қабілеті мен қызығушылығын дамытуға бағытталуы қажет. Осы мақсатта мектептерде оқушылардың танымдық, зияткерлік және шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін тәрбиелік жобалар мен танымдық іс-шараларды көбейту мәселесін қолдаймын. Сонымен қатар оқушылардың қоғамдық ортадағы жауапкершілігін арттырып, белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруына жағдай жасау маңызды.

  1. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен буллингтің алдын алу.

Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық, әлімжеттік пен буллинг-қоғам назарынан тыс қалмауы тиіс өзекті мәселелердің бірі. Оның алдын алу үшін әр баланың психологиялық жай-күйіне, мектептегі қарым-қатынасына және әлеуметтік ортасына назар аудару қажет. Осы бағытта мектеп психологтарының, сынып жетекшілерінің, ата-аналардың және құқық қорғау органдары өкілдерінің өзара байланысын нығайтуға, профилактикалық кездесулер мен тәрбиелік шаралардың жүйелі өткізілуіне ықпал етуді көздеймін.

  1. Ұлттық құндылықтарды, отансүйгіштік пен отбасылық тәрбиені насихаттау.

Ұлттық тәрбие-ұлт болмысының өзегі. Өскелең ұрпақтың бойына халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ана тіліне деген құрметін және тарихи мұрасын сіңіру арқылы елін сүйетін, туған жерін қадірлейтін азамат қалыптастыра аламыз. Осыған байланысты білім беру ұйымдарында ұлттық мәдениетті дәріптейтін тағылымды кездесулер, танымдық жобалар мен отбасылық құндылықтарды насихаттайтын бастамаларды қолдауға басымдық беремін.

  1. Балалардың қауіпсіздігі мен бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселелерін көтеру.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бос уақытын тиімді ұйымдастыру маңызды. Ауылдарда спорттық, шығармашылық үйірмелер мен мәдени шаралардың қолжетімділігін арттыру мәселесін көтеремін.

  1. Жастардың шығармашылық, спорттық және қоғамдық белсенділігін қолдау.

Жастардың білім, спорт және шығармашылық бағыттағы бастамаларын қолдауға басымдық беремін. Олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына және әлеуетін дамытуына жағдай жасауға ықпал етемін.

  1. Мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты нығайту.

Бала тәрбиесінде мектеп пен ата-ананың ынтымақтастығы ерекше орын алады. Осы байланысты нығайтып, ата-аналардың тәрбие мәселелеріне қатысты сауаттылығын арттыруға бағытталған шараларды қолдаймын.

  1. Білім беру саласы қызметкерлерінің ұсыныстары мен әлеуметтік мәселелерін назарда ұстау.

Педагогтердің еңбек жағдайын жақсарту, кәсіби дамуы мен әлеуметтік қолдауына қатысты мәселелерді назарда ұстаймын. Ұстаздардың ұсыныстары мен бастамаларын қолдауға күш саламын.

  1. Қоршаған ортаны қорғау, “Таза Қазақстан” жалпыұлттық экологиялық акциясына қолдау көрсете отырып, жас ұрпақ бойына туған жері мен туған өлкесіне деген мақтаныш сезімін қалыптастыруға ықпал ету.

Менің ұстанымым:

«Тәрбиелі ұрпақ-жарқын болашақтың негізі». Балалардың бақытты балалық шағы, сапалы білімі мен саналы тәрбиесі жолында қоғам игілігіне қызмет етуге және тұрғындар көтерген мәселелердің шешілуіне атсалысуға дайынмын.

Тапсырыс жасаған тұлға: №11 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Байзақ аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Қалибек  Қалдарбекұлы Әбделі.

Қандай қаражат ақысынан төленген: Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстар есебінен төленді.