Жұманазаров Нұрбек Рысбекұлының Сайлауалды Бағдарламасы

0 22

МЕРКІ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТТЫҒЫНА «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНАН   №3 БІР МАНДАТТЫҚ САЙЛАУ ОКРУГІ  БОЙЫНША КАНДИДАТ

Жұманазаров Нұрбек Рысбекұлының

Сайлауалды Бағдарламасы

ӨМІРБАЯН

Мен, Жұманазаров Нұрбек Рысбекұлы, 1992 жылғы 22 сәуірде Меркі ауданының Жамбыл ауылында дүниеге келдім. 1999-2010 жылдары А.Қосанұлы атындағы №18 орта мектепте білім алдым. 2010-2014 жылдары М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Экономика және бизнес» мамандығы бойынша жоғары білім алдым.

Еңбек жолымды 2014 жылы Меркі ауданындағы «Алкопищепром» ЖШС-де бригадир болып бастап, 2016 жылға дейін осы қызметті атқардым. 2016 жылғы наурыз-тамыз айларында Жұмыспен қамту орталығының «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында Меркі ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінде маман болып жұмыс істедім.

2016-2018 жылдары аудан әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-де аға инспектор-психолог қызметін атқардым. Осы мекемеде 2018-2019 жылдары ұйымдастыру бөлімінің сектор меңгерушісі, 2019-2020 жылдары жастар ісі жөніндегі инспектор, 2020-2021 жылдары ұйымдастыру және бақылау бөлімінің басшысы, 2022-2023 жылдары директордың орынбасары болып еңбек еттім.

2023 жылғы 25 қыркүйектен бастап Меркі ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры қызметін атқарып келемін.

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА

 Құрметті сайлаушылар!

Депутат болып сайланған жағдайда, тәжірибемді тұрғындардың мүддесін қорғауға және ауылдардың дамуына бағыттаймын. Тұрғындардың ұсыныстарын ескеріп, депутаттық өкілеттігім мен бюджет мүмкіндіктері шеңберінде мына бағыттарға басымдық беремін:

  1. Кітапхананы жаңғырту. 2030 жылы Талдыбұлақ ауылдық кітапханасын күрделі жөндеуден өткізуге қажетті қаржыны қарастыру жөнінде ұсыныс енгіземін. Оқырмандарға қолайлы жағдай жасауға және кітапхананың мәдени-ағартушылық мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етемін.
  2. Ауылішілік жолдарды жөндеу. 2026-2030 жылдары ауылішілік көшелердің жолдарына орташа жөндеу жүргізуге ықпал етемін. Жөнделетін көшелердің кезектілігін жолдардың жағдайы мен тұрғындардың қажеттіліктерін ескере отырып айқындау жөнінде ұсыныстар енгіземін.
  3. Мектептің жылу жүйесін жақсарту. 2028 жылы Тұрлыбай батыр ауылындағы №34 мектептің қазандығын табиғи газға қосу мәселесін көтеремін. Қажетті құжаттарды әзірлеу мен қаржыландыру мүмкіндіктерін қарастыру жөнінде ұсыныстар енгіземін.
  4. Тұрғындарға жайлы демалыс орны. 2027-2030 жылдары Жамбыл ауылдық округінде тұрғындардың демалысына арналған заманауи саябақ салуға бастамашы боламын. Саябақ аумағын көгалдандыру, серуендеуге арналған жолдар, демалыс орындары мен жарықтандыру жүйесін қарастыру арқылы тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне қолайлы жағдай жасауға ықпал етемін.
  5. Ауыл спортына қолдау. Тұрлыбай батыр ауылында шағын футбол алаңын салуға ықпал етемін. Балалар мен жастардың спортпен айналысуына және бос уақытын тиімді өткізуіне арналған қауіпсіз, қолжетімді жағдай жасау бастамаларын қолдаймын.

Құрметті жерлестер! Мен осы өңірде туып-өстім, ауыл мектебінде білім алдым. Сондықтан ауыл өмірінің ерекшеліктері мен тұрғындардың күнделікті қажеттіліктері маған жақсы таныс. Жастармен жұмыс істеу барысында жас буынның арманы мен талабын, олардың ауылда білім алып, еңбек етіп, өз қабілеттерін дамытуына қажетті жағдайларды жақыннан көріп келемін.

Менің бағдарламамдағы кітапхана, мектеп, спорт алаңы мен саябақ мәселелері бір-бірімен тығыз байланысты. Бұлар – ауыл тұрғындарының бос уақытын мазмұнды өткізуіне, балалардың жан-жақты дамуына және жастардың туған жерімен байланысын нығайтуға қызмет ететін маңызды нысандар. Ал сапалы жол мен қолайлы инфрақұрылым ауылдағы күнделікті тіршілікті жеңілдетеді.

Жамбыл ауылдық округінің келешегін білімге ұмтылған, спортқа құштар, қоғамдық өмірге белсенді араласатын жастармен байланыстырамын. Осы мақсатта ауылдағы мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған жобалардың нақты жоспарларға енуі мен кезең-кезеңімен жүзеге асуына атсалысуды көздеймін.

Ардақты ағайын! Ауылдан шыққан жастың өз туған жерінде қабілетін дамытып, болашағын қалыптастыруына жағдай жасалуы маңызды. Ол үшін білім мен мәдениет нысандарының қолжетімділігі, спорттық инфрақұрылым және жайлы қоғамдық кеңістіктер қатар дамуы қажет.

Алға қойылған міндеттердің әрқайсысы тиісті жоспарлауды, қаржыландыруды және жауапты мекемелермен жүйелі жұмысты талап етеді. Депутаттық қызметте осы мәселелерге ерекше назар аударып, әр бастаманың орындалу мүмкіндігін нақты зерделеуді маңызды санаймын. Сондықтан, тұрғындармен тұрақты байланыс орнатып, ортақ мәселелердің шешілуіне негізделген ұсыныстар мен жауапты депутаттық жұмыс арқылы үлес қосу.

            Құрметпен, Нұрбек Жұманазаров!

 Меркі аудандық мәслихаты депутаттығына кандидат Н.Жұманазаровтың сайлау қорының қаражатынан төленді.