Құрманалиев Айдосхан Өсерұлының Сайлауалды Бағдарламасы
МЕРКІ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТТЫҒЫНА «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНАН №5 БІР МАНДАТТЫҚ САЙЛАУ ОКРУГІ БОЙЫНША КАНДИДАТ
Құрманалиев Айдосхан Өсерұлының
Сайлауалды Бағдарламасы
ӨМІРБАЯН
Мен, Құрманалиев Айдосхан Өсерұлы, 1973 жылғы 30 тамызда Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Меркі ауылында дүниеге келдім.
1980-1990 жылдары Трубицын атындағы №17 орта мектепте білім алдым. 1991 жылы Алматы халық шаруашылығы институтына оқуға түсіп, 1995 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын экономист мамандығы бойынша тәмамдадым. 2003 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітіріп, заңгер мамандығын игердім.
Еңбек жолымды 1989 жылы жүн қоймасында жұмысшы болып бастап, кейін Меркі аудандық РЗК-да есепшінің көмекшісі қызметін атқардым.
1994-2005 жылдары Алматы қаласы мен Алматы облысының салық органдарында түрлі лауазымдарда еңбек еттім. 2005 жылы «БК Бетпақ-Дала» ЖШС-нің сыртқы экономикалық қызмет бөлімін басқардым. 2005-2009 жылдары коммерциялық құрылымдарда жұмыс істедім.
2009-2016 жылдары Алматы қаласының салық органдарында, 2016-2019 жылдары коммерциялық ұйымдарда қызмет атқардым. 2019-2021 жылдары Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының ішкі аудит қызметінің басшысы болдым.
2021 жылғы маусымнан бастап «АЖИО» ЖШС басшысының кеңесшісі қызметін атқарып келемін. 2023-2026 жылдары VIII шақырылған Меркі аудандық мәслихатының депутаты болдым.
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА
Құрметті округ тұрғындары!
Туған жеріміздің өркендеуі, елді мекендердегі инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру – ортақ мақсатымыз. Осы бағытта шешімін күткен мәселелер бар. Оларды жүйелі түрде көтеріп, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе шешу маңызды деп санаймын.
Аудандық мәслихат депутаттығына кандидат ретінде төмендегі бес бағытқа басымдық беруді көздеймін.
- Электр желілері және жарықтандыру
Елді мекендердегі тозығы жеткен электр бағаналарын ауыстыруға, электр желілерін жаңғыртуға және көшелерді жарықтандыру сапасын жақсартуға ықпал етемін. Бұл жұмыстардың тиісті жоспарлар мен бюджет жобаларына енгізілуіне және сапалы орындалуына депутаттық бақылау жүргізуге атсалысамын.
- Газ инфрақұрылымын жаңғырту
Тұрғындарды қауіпсіз әрі тұрақты газбен қамтамасыз ету мақсатында ескірген газ құбырларын кезең-кезеңімен жаңарту мәселесін көтеремін. Газ желілерінің техникалық жағдайын зерделеп, қажетті жөндеу және жаңғырту жұмыстарының жүргізілуіне уәкілетті мекемелер арқылы ықпал етемін.
- Балалар ойын алаңдарын дамыту
Балалардың бос уақытын тиімді әрі қауіпсіз өткізуіне жағдай жасау мақсатында жаңа ойын алаңдарын салуға, қолданыстағы алаңдарды жөндеуге және заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге атсалысамын. Бұл бағыттағы жұмыстарды жоспарлау кезінде тұрғындардың ұсыныстарын ескеруге мән беремін.
- Жаяу жүргіншілер жолдарын салу
Балалардың мектепке қауіпсіз қатынауын қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарына апаратын көшелерде тротуарлар салу мәселесін көтеремін. Жаяу жүргіншілер жолдарын кезең-кезеңімен салуға қажетті қаржы қарастыруға және құрылыс жұмыстарының сапасын бақылауға ықпал етемін.
- Орталықтандырылған кәріз жүйесін дамыту
Елді мекендердің санитариялық жағдайын жақсарту мақсатында орталықтандырылған кәріз жүйесін салу мәселесін көтеремін. Қажетті жобаларды әзірлеу, қаржыландыру және құрылыс жұмыстарын кезең-кезеңімен жүзеге асыру бойынша тиісті мемлекеттік органдармен жұмыс жүргізуге атсалысамын.
Ардақты ағайын! Менің ұстанымым – жоспардың бәрі нақты жұмысқа ұласуы тиіс. Өйткені тұрғындар үшін ең маңыздысы – айтылған сөз емес, күнделікті өмірде сезілетін оң өзгерістер. Жарық көшелер, қауіпсіз жолдар, жаңғыртылған инженерлік желілер мен балаларға арналған қолайлы орта – ауылдың дамуын айқындайтын нақты көрсеткіштер.
Экономика, құқық және қаржы салаларында жинаған тәжірибемді осы міндеттерді жүзеге асыруға бағыттауды көздеймін. Әрбір жобаның қаржылық негіздемесі, заңдылығы мен орындалу сапасы назардан тыс қалмауы керек деп есептеймін.
Аталған бағыттар бойынша тұрғындармен тұрақты байланыс орнатып, көтерілген мәселелерді аудандық мәслихаттың қарауына ұсынуды, олардың шешілу барысын депутаттық өкілеттігім шеңберінде қадағалауды көздеймін.
Мен үшін маңыздысы – сайлау округінің бүгінгі қажеттіліктерін ескеріп қана қоймай, оның ертеңгі дамуына негіз болатын бастамаларды ілгерілету. Осы бағытта атқарылатын жұмыстардың нәтижесі ашықтықпен, жауапкершілікпен және нақты іспен өлшенуі тиіс.
Құрметпен, Айдосхан Құрманалиев!
Меркі аудандық мәслихаты депутаттығына кандидат А.Құрманалиевтың сайлау қорының қаражатынан төленді.