Жерлес қаламгер «Алаш» әдеби сыйлығының иегері атанды

0 619

Жамбыл өлкесінің әдебиетінде ақжолтай жаңалық орын алды. Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ақпарат және мәдениет салаларының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Ғайни Әлімбекқызы әдебиетке қосқан үлесі үшін халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері атанды, деп хабарлайды «Aulieatanews» ақпараттық агенттігі.

Кестеленген көркемсөзден жыр жауһарын төккен ақынның есімі оқырман қауымға жақсы таныс. Алғашқы кезден асыл өнердің асқарын бағындырған Жамбылдық ақынның орамды шумақтары көптің қолдауына ие болды. Атап айтсақ, оның қаламынан туған «Ақша бұлттар арасында арман бар», «Көңілімде боздап тұрды бозінген», «Жыр – айна», «Қарлығаштар мекені», «Сен берген гүл» атты жыр жинақтарын оқырман қауым жылы қабылдап, жоғары бағалаған. Сонымен қатар, ол әулиеаталық жұртшылыққа облыстық «Jambуl» телеарнасында «Айна», «Айша бибі» авторлық бағдарламалары арқылы кеңінен танымал. Ұзақ жылғы еңбегі еленіп, еліміз бойынша таңдалған «100 қайраткер әйел» атты анықтамалық-энциклопедиясына енген. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Шұрайлы тілімен, көркем ойларымен оқырмандарын рухани байытып, мазмұнды дүниелерімен қуантып жүрген әріптесімізді абыройлы атағымен құттықтаймыз, жаңа шығармашылық табыстар тілейміз!